Перейти к содержимому
Главная страница » «Тарих таңбасы» атты еске алу кеші өтті

«Тарих таңбасы» атты еске алу кеші өтті

31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай 6654 әскери бөлімінің клубында «Тарих таңбасы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараны Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің «Қонаев қаласының кітапханасы» КММ мен 6654 әскери бөлімі бірлесіп өткізді.

Тағылымды шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезеңдерді еске алып, солақай саясаттың құрбаны болған Алаш зиялыларының өмірі мен ерлігін жас ұрпаққа насихаттау, олардың есімдерін ұлықтап, тарихи сананы қалыптастыру болды.Іс-шара барысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары бір минут үнсіздікпен еске алынды. Сонымен қатар Мұқағали Мақатаевтың тағдырлы өлең жолдары оқылып, ХХ ғасырдағы қазақ халқы бастан өткерген ауыр жылдар жайлы мазмұнды мәліметтер айтылды.Кеш барысында «Зұлмат жылдар» және «Зұлмат жылдардың ақиқаты» атты бейнероликтер көрсетіліп, қатысушыларға репрессия кезеңінің тарихи шындығы жан-жақты таныстырылды. Жүргізушілер Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамбетұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев сынды ұлт зиялыларының тағдыры туралы кеңінен баяндады.Іс-шара аясында Алматы облысы қуғын-сүргін құрбандары музейінің бөлім меңгерушісі Керимбекова Ұлбосын Дәулетханқызы арнайы қатысып, тарихи деректермен бөлісті. Сондай-ақ қатысушыларға «АЛЖИР» лагері, Карлаг және өзге де лагерьлер туралы мағлұмат беріліп, қуғын-сүргін жылдарындағы халықтың көрген қасіреті сөз болды.Кеш соңында ұйымдастырушылар өткен тарихты ұмытпау, азаттық жолында құрбан болған боздақтардың рухына тағзым ету – әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

Осындай тағылымы мол іс-шаралар жас ұрпақтың тарихи танымын арттырып, ел тарихына деген құрметін нығайта түсетіні сөзсіз.

Қырғызбай Альбина Қайратқызы

бөлініс бастығы, кіші сержант