Жыр алыбы Жамбылдың шығармашылық мұрасының рухани қуаты ғасырларға жалғасып, жаңа дәуірдің есігінен именбей еніп, адамзаттың сарқылмас асыл қазынасына айналды. Оның сыры ақындық тұрғысының айқын, кісілік мұратының биік болуымен қатар суырыпсалмалығы мен шешендігі, айтыскерлігі мен жыраулығының тұтастық, үндестік тауып жатуынан болса керек. Жамбылдың «Менің өмірім» атты өлеңі – тек өмірбаяндық жыр емес, ақындық кредосын айғақтап тұратын әрі «қолына он бесте-ақ домбыра алған» дарын екенін танытатын шығарма.
Жамбыл сөз өнеріне ден қойған кезеңдердегі тұрмыстық, әлеуметтік-саяси қайшылықтардың қай-қайсысы да ақын тілінің найзасына ілінбей қалған жоқ. «Жауларды ел қарғаған жамандадым, Манапқа жақсы сөзді таба алмадым» немесе «Келгенде жеме-жемге, елде қалдым, Шалшыққа шатылмадым, көлде қалдым. Шалқардың шалқып жүзген мен аққуы, Келмеді сасық, шалшық жерде қалғым», деген өлең жолдарынан ақынның бодандық күй кешкен қарапайым халықпен арман-аңсарының бірге екенін айқын аңғаруға болады. Ақын өмір сүрген кез бір жағынан орыс патшалығы, бір жағынан Қоқан хандығы қыспаққа алған қанқұйлы заман болды. Шынында, Жамбыл патша отаршыларына да, одан кейінгі кеңес отаршыларына да оңай құрбандық болған жоқ. Бірақ қазан туы желбірегенде, қарапайым халықпен бірге «Жаңа заман туды» деп сенсе де, ақын қарапайым жұртына, жоқ-жітікке тізесі батқан, адамдықтан азған жат жұрттық озбырларды да, қазақтың өз ішіндегі жандайшап бай-манаптарды да аяусыз сынағанын өлең-жырларынан көреміз.
Туып-өскен, есейген жердің тұмса табиғаты мен Ұлдан-анадан дарыған қасиетті жазбай таныған әйгілі Бөлтірік шешен бала Жамбылды көргенде: «Атың Жамбыл болса, көңілің даңғыл болар, балам», – дейді. Сөз астарында ашық айтылмаған үлкен сыр жатқаны анық еді. Шешеннің ой қайнарынан тұнып шыққан бұл сөзі бала Жамбылдың болашағының зор екенін бейнелейді. Сегіз жасынан ақындығын аңғартқан Жамбылдың өзі де бұл жайды: «Жасымнан атым аян Жамбыл едім, Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім», – деп жырлайды. Расында, Жамбылдың өлеңдері ауызекі айтылғаны, кейіннен хатшыларының жазып алып отырғаны баршаға мәлім. Жамбыл бұл туралы өзі де аңдатады: «Ағыт деп асыл сөздің қазынасын, Сөйлесем домбырама – қаламыма».
Ақын өлеңдерінің қағазға түспей қалғаны қаншама?! Жамбылды ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетті байланыстырушы дегенімізбен, бұл арнайы текстологиялық зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе саналады. Тегінде, Жамбылды ауызекі суырыпсалмалық өнердің өкілі деп танығанымыз жөн болса керек. Мұхтар Әуезов: «Төкпелік ұзақ сүре, үлкен толғауда шығып кетеді. Осыны бірде Өтегендей, Сұраншыдай үлкен эпос туғызып отырса, бірде дәл келелі сүре айтыстың өзінің үстінде Құлманбет Сарыбасқа Сұраншы тарихын поэма еткізгендей, ұзақ сүре, әңгімелі жыр желісін жатқызып кетеді. Кейде ескі труверлер үлгісінде – Домалақ дастанындай, тамаша көркем (Сарыбаспен айтысында) аңыз поэманы толғап кетеді», – деп Жамбылдың ақпа-төкпе ақындығын ерекше бағалайды. М. Әуезов Жамбылдың Күсеп, Сүйінбай, Майкөт ақындар жырлаған дастандарды өзгеге ұқсамайтын өрнек тауып, труверлерше қайта түлеткенін айтады. Шынында, айтыстың идеялық құрылымына ел аузында қара сөзбен айтылып келген шежіре-әңгіме, аңызды жыр желісіне сары майдан қыл суырғандай шеберлікпен қиюластыруы аузымен құс тістеген жүйрікке ғана тән емес пе? Иә, ғұлама Мұхтардың қырағы көзі шалмаған Жамбыл шеберлігі бар ма екен, сірә деген ойға қаласың.
Сол жыршылық өнеріндегі шеберлігінің бір қыры – дәстүрлі батырлық жыр үлгісін өзінше жаңғыртуы. Бұл эпикалық жанрлардың жалғастығына көз жеткізеді. Академик С.Қирабаев «Сұраншы батыр» дастанының тарихилығы туралы айта келіп: «Дастанда дәстүрлі батырлық жырдың үлгісі жаңа мазмұнмен байытылады. Жырдың тағы бір жаңалығы – онда қазақ халқын Қоқан қол астынан азат етудегі шаруа орыс әскерлерінің пайдалы қызметі, азаттық жолындағы күресте табысқан қырғыз, өзбек еңбекшілерінің достық, ынтымағы нанымды суреттеледі», – деп жазады. Әрине, жырдың бұл жаңалығы Жамбыл ақынның еларалық ынтымақты көксеген мәмілегерлігін де аңдатпай қоймайды және өмірлік шындықтан алшақ емес. Жамбыл ақын сол кездегі «жаңа заман» шындығына дауасыз сенгенін жоққа шығаруға болмайды. Ол: «Бейнесін төрт заманның өзім көрдім, Заманның онан арғы сөзін көрдім. Қалмақ хан, Тезек төре, Құдияр хан, Ұсқынын Николайдың көзбен көрдім», – деп жырлайды.
Жамбыл сол замандардың қай-қайсысында да ел мүддесін қорғап жыр төгеді. Жамбылдың халық ақыны атануының сыры осында болса керек. Ақындық өнерінде «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халықтық қағиданы ұстанады. Жамбыл бастаған бір топ ақын Ресей патшасы – Романов әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына орай ұйымдастырылған той-көрмеде патша тұқымын мадақтап, ояз, ұлықтарды дәріптеуден бас тартып, ақындық өнерді қорлаған жендеттерге қарсылық білдіреді. Сонда соққыға жығылғандардың бірі Жамбыл болады. Осы тұста «Әділетсіз ояздар, Ақтаяқты оқталып, Есігінде тұрады. Жазығы жоқ Жамбылды, Төбеден сілтеп ұрады», – деп өлең шығарады. Ел еркесі ақынын сабатып қойып, ұйлығып тұрған қазақ байларының дәрменсіздігін бетіне басып, Жамбыл «Өстепкеде» деген айыптау өлеңін қалың жұрттың көзінше айтады.
Жамбылдың қай заманда да көрген құқай-қыспағы аз болмаған. Осы жағынан ол өз замандасы Абаймен тағдырлас екенін ұқтырады. «Абайдың суреті» деген өлеңінде: «Терең ойдың түбінде теңізі бар, Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар: Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, Есіл сабаз ызамен өткен шығар!», – деп қамығады. Өлең 1940 жылы жазылған. Осыған қарағанда, Жамбыл өзі ағынан жарылып қуана қарсы алған «жаңа заманның» кейбір құбылыстарынан түңілгенге ұқсайды. Бірақ бұған дәлел табу қиын. Өйткені Жамбыл шығармалары кеңестік сүзгіден өткізілгеніне күмәніміз жоқ.
Жамбыл мен Абайдың ақындық үндестіктері аз емес. Екеуіне ортақ іс – ұлт мүддесі. Екі ақын ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтарға жаны күйзеледі. Тығырықтан шығар жол іздейді. Қытымыр байдың қылықтарына күйініп, кедейдің мүшкіл халіне жаны ауырады. Абай: «Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі? Қара қидан орта қап ұрыспай берсе, О да қылған кедейге үлкен сыйы» – десе, Жамбыл: «Сараң байдың үйіне қонақ келсе, Қояды кәрі қойын ол ыңғайлап. Кедей жомарт үйіне мейман келсе, Жалғыз қойдың тұрады басын байлап», – дейді.
Рас, Жамбылдың бұл өлеңі қазақ кедейінің жайын күйттеген Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Бейімбет сияқты көптеген ақынның, әсіресе Абай өлеңіндегі кедей мен байдың бейнесін көбірек еске түсіретін реминисценция болып саналады.
Ақындық пен шешендік егіз өнер екенін Жамбыл айтыс өлеңдерінде ерекше танытқаны белгілі. Жамбыл шешендік өнері қанат жайған, фольклоры аса бай әлеуметтік ортадан өсіп шыққандықтан, оның ақындық әлемі бұлардың екеуімен де астарлас жатқанын дәлелдеудің қажеті болмас. Дегенмен Жамбыл поэзиясында суырыпсалмалық өнер, ойға жүйріктік, халықтық қағидаларды қанат ету, нақыл сөздерді жаңғырта қолдану, өзінше афоризм түю, шешендік айшықтар түрінде көзге түседі. Мәселен, Бөлтірік шешен: «Арғымақ атта жал болмас, Жабы келіп жалымен теңесер. Ақиық ерде мал болмас, Жаман келіп малымен теңесер» – десе, Жамбыл: «Жабы жүйрік болар ма байлағанмен, Жасық болат болар ма қайрағанмен? Жамбыл қайта жасарып жігіт болмас, Жағасын неше қайта майлағанмен», – дейді.
Ұлы М.Әуезов өзінің айтулы мақаласында Жамбылдың күнделікті өмір қарым-қатынастарындағы әзіл-қалжыңдарын мысалға келтіріп: «Ақындық теңеу тілімен сөйлейді. Бірақ оны келістіріп айтқан күнде де ақындық демейміз, шешендік дейміз», – дейді. Расында, Жамбыл өлеңдерінің тілі шешендік иірім-өрнектерге бай. Ақын поэзиясынан таңбалық жүйенің өзіндік ерекшеліктерін көруге болады. Олардан семиозис тұрғысындағы құрылым ерекшелігі аңғарылады. Ақын ел басына төнген зұлматты жалпылық мәндегі портрет арқылы таңбалайды: «Малы бардан мал алды, Малы жоқтан жан алды. Аралдағы қояндай, Ел топанға қамалды».
Тығырыққа тірелген ел сиқы – «аралдағы қояндай». Жамбылдың шамырқанған ойынан туған әрі шынайы, әрі жанды бейне. Ақын «үріккен қойдай» деген сияқты дәстүрлі теңеулерді қолданбай, өзіндік соны сурет салады. Жалпы, ақынның «Толғау» жыры тұтастай алғанда градацияға негізделген риторикалық-публицистикалық стильге құрылады.
Алайда шешендікті қоғамдық қайраткерлікпен, күрескерлікпен жалғастырар болсақ, Жамбылдың азаматтық дауысы, ұлт мүддесін қорғаудағы қайраткерлік қажыры 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы тұсында айтқан өлең-жыр, толғауларынан айқын танылады. «Халықтың еркі кетті баласынан, Сөзімнің ғибрат ал сарасынан. Ақ патша бұйрық қылды солдат бер деп, Он тоғыз-отыз бірдің арасынан. Осыған тірі отырып көнеміз бе, Іріктеп бар боздақты береміз бе?! Болмаса елдік қылып, тізе қосып, Батырға қол бастаған ереміз бе?!» – дейтін өлеңінің публицистикалық қуат-күші ерекше. Бұл – Жамбыл өлеңіндегі күрескерлік идеяның көрінісі. Жамбыл Ақтамберді, Қазтуған, Махамбеттердей жауынгер-жырау болмағанмен, қозғалысқа, күреске (соғыс жылдарындағы өлеңдері) қашанда дем беруші болғанын білеміз. Ақын «Толғау» жырында патша соғысын мақтап-жақтамағаны үшін байлауға түскенін: «Ақын, жыршы топырлап жеті жаттық, Түсінгенім болмады мүлде менің, Ұстаған қанды тырнақ елді қысты, Кім болмақ ызаланса елден күшті?!» – деп, «хан – қайық, халық – теңіз» деген қағиданы ескертеді. Би-шешендерше ширыға сөйлеп, айтар сөзін риторикалық сұрақтармен қайырады. «Бесігі – тау, анасы – ел» деген жырында: «Жер байлығы болмаса, Жерден алтын шығар ма? Ел қамын ойлар болмаса, Ерден ақыл шығар ма? Теңіз терең болмаса, Түбінен інжу терер ме?!» – деп толғайды.
Орын алған тарихи оқиғаларға дер кезінде үн қатып, халықты күреске үндеуі Жамбылдың ақындығы жыраулық өнермен қанаттас екенін аңғартады. «Жаратылыс сыры» деген толғауында:«Асқар тау ғаріп емес пе, Айдынды көлі болмаса. Ер жігіт ғаріп емес пе, Белгілі елі болмаса…» – деп жырау-шешендер дәстүрін жалғай келіп, оған да өз өрнегін қосады. Ақын батырлық жыр дәстүрін түлетіп қана қойған жоқ, фольклордың жұмбақ секілді басқа да жанрлары үлгісінде өлең өнерін дамытты. Мәселен: «Туған айдай дер едім, Түнде бар да күндіз жоқ. Жанған күндей дер едім, Күндіз бар да түнде жоқ» немесе «Тауды көрдім дегенім – Тау емес екен, дөң екен. Өзен, көл көрдім дегенім – Көз жасынан сел екен», – деген жолдар соның айғағы.
Әуел баста айтқанымыздай, Жамбылдың авторлы ауыз әдебиеті өкілі екеніне талас тудыруға болмас. Белинскийдің айтуынша, фольклорда әйгілі есімдер болмайды, фольклордың авторы – халық. Жамбыл әралуан фольклор жанрларына тән сөз өрнегін, жыраулық, шешендік өнерге тән дәстүрлер мен көркемдік құрылымдарды терең игеріп, ақындық шығармашылықпен дамытқаны белгілі. Демек, Жамбылдың ауызекі суырыпсалмалық өнерге негізделген поэзиясы жыршы-жыраулық өнермен ғана емес, шешендік шеберлік үлгілерімен де ұштасып жатқанын пайымдауға болады. Олар, түптеп келгенде, ақынның отты өлеңдеріндегі көркемдік келісім. Ұлы сүре ақын атанған Жамбыл поэзиясындағы барша сипат оның көркемдік әлемінің көз жетпес көкжиегін айқындайды. Жамбыл поэзиясы қай заманның да оқырманын поэтикалық құндылығы мен интенционалдық әлеуеті, әсемдік әлемімен баурайтын сөз өнерінің өміршең феномені деуге болады.
Раушан Әбдіқұл,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры