Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ерекше назар аударатын сала – кәсіби-техникалық білім беру екені мәлім. Бұл сала еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен толықтырады. Осы бағытта жастарды еңбекке баулып жүрген Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы Насыпқан Жақатаевтың қосып жүрген үлесі зор.
Бір айта кетерлігі, ол ғылымға 16 жылын, ал кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы оқытушылық қызметке 20 жылдан астам уақытын арнаған. Тәжірибелі маман зейнетке шыққан соң да ұстаздық қызметін жалғастыруда. Жылдар бойғы адал еңбегі үшін берілген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар оның адал еңбегінің айғағы болса керек.
Қарасай ауданына қарасты Бекболат ауылында туып-өскен Насыпқан өз жолын техникалық салаға арнайтынын бала кезден анықтап алғандай. Әкесі Қали соғыста сол қолынан жарақат алып, «Бірінші май» тәжірибе шаруашылығында күзетші болып жұмыс істесе, анасы Айтбала шаруашылықтағы түрлі жұмыстарды атқаратын. Анасына көмектесе жүріп, ауылдағы ауыр қол еңбегін көрген ол сол жұмыстарды механизациялау қажет екенін түсінген сыңайлы. Сондықтан мектепті бітірген жылы ұзақ ойланбай Алматы қаласындағы қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институтқа оқуға түседі. Оқу орнын «машина жасау инженері» мамандығы бойынша бітіріп, инженер біліктілігін алған.
– Бала кезімде Юрий Гагарин туралы «Менің балалық шағым» фильмін ұнатушы едім, – деп еске алады Насыпқан Қалиұлы. – Оны бірнеше рет қайталай көргенім есімде. Фильмнің бас кейіпкері – болашақ ғарышкер аспанға қарап, мыңдаған жұлдызды көріп, «Оның ар жағында не бар екен?» деп ойланатын. Сол кезде мен егер бір нәрсе туралы көп армандасаң, ол міндетті түрде жүзеге асатынын түсіндім. Осы сәттен бастап қол еңбегін механизациялау туралы қиялдап, осы бағытта әрекет ете бастадым.
Оның алғашқы жұмыс орны «Казгидропроект» жобалау және іздестіру институты болды. 1982-1986 жылдар аралығында алдымен инженер болса, кейін жобалау жұмыстарына араласа бастаған.
– Жұмыс барысында туннельдер қазуға арналған арнайы машина ойлап таптық, – дейді Насыпқан Қалиұлы. – Біз оны Тәжікстанда сынақтан өткіздік. Себебі Тәжікстанның таулы аймақтарында жер сілкінісі қаупі көп болғандықтан жарылыс жасауға болмайтын еді. Бірақ біздің құралымыз бұл қиын міндетті шешуге көмектесті. Үш жыл ішінде оның бес тәжірибелік үлгісін шығардық.
1986 жылғы 16 қыркүйектен бастап ол Қайнар ауылында орналасқан Қазақ ғылыми-зерттеу институтына қарасты картоп және көкөніс шаруашылығына қызметке орналасады. Алғашында механизация бөлімінде инженер міндетін атқарса, кейін аға ғылыми қызметкер, тоңазытқыш цехының меңгерушісі, сапа бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Осы кезеңде Насыпқан Қалиұлы қырыққабат жинайтын комбайн және оның қалдықтарын турайтын екі маңызды өнертабысын патенттеді. Бұл екеуі де өндірісте кеңінен қолданылды.
2007 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматы қаласындағы жаңа технологиялар мемлекеттік колледжінің ұжымына қосылып, «Автомобиль құрылысы», «Техникалық механика», «Металл өңдеу технологиясы», «Автомобильдердің электр жабдықтары», «Электромобильдерге техникалық қызмет көрсету», «Аккумуляторларға техникалық қызмет көрсету» сияқты 16 арнайы пәннен сабақ бере бастады. Осы колледжде ол «Слесарь-механик», «Автомобиль жөндеу шебері», «Жүк және жолаушылар тасымалдарын ұйымдастыру мен басқару» мамандықтары бойынша дәріс берді. Жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Аталған колледж Қазақстан мен Германияның бірлескен жобасы бойынша жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
Бұдан кейін Насыпқан Қалиұлы Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжіне қызметке ауысқан.
– Колледжді өте білімді басшы Майсам Мүсіретқызы басқарады, сабақтарды сапалы өткізу үшін барлық жағдайды жасауға тырысатын, – дейді ол. – Маған оқу ісі жөніндегі орынбасар Сұлушаш Қасымбекқызы, әдіскер Сымбат Талғатқызы және басқа әріптестерім үлкен көмек көрсетті. Біз бір-бірімізді қолдауға тырысып, ортақ жетістіктерімізге қуанатынбыз. 2024 жылы студентім Владислав Коваленко «WORLDSKILLS» облыстық чемпионатында үздік деп танылды. Ол көлік құралдарының электр жабдықтары мен электроника жағдайын пайдалана отырып, компьютерлік диагностика жүргізуде керемет дәлдік пен шеберлік көрсетті.
Насыпқан Калиұлының бастамасымен және колледж басшылығының қолдауымен аталған оқу орнында «Мирас» автокөлік мектебінің филиалы ашылды. Осыған орай, студенттерге жол қозғалысы ережелерін көрнекі түрде оқытуға арналған арнайы кабинет жабдықталды. Ал тәжірибелік сабақтар бойынша колледж бен автомектеп арасындағы келісімшартқа сәйкес, мектептегі мамандар студенттерді жүргізуші мамандығын сапалы меңгеруге баулитын. Насыпқан Қалиұлының тағы бір жақсы қасиеті – білгенімен шектеліп қалмай, өз білімін толықтырып, біліктілігін арттырып отыру. Сондықтан ол әртүрлі оқу семинарларға қатысып, тиісті сертификаттар алып отырады.
– Бұл курстарды әртүрлі кәсіби білім беру орталықтары ұйымдастырады, – дейді ол. – Олардың бағыты әртүрлі, оның ішінде Сингапур, Германия, Оңтүстік Корея жобалары бойынша да дәрістер өткізіліп тұрады. Кейде бізге Өзбекстан мен Ресей мамандары келеді. Менің бір ұққаным, бұл жобаларды толықтай жүзеге асыруға әзірге мүмкіндік болмаса да, жекелеген элементтер пайдалы әрі тиімді.
Насыпқан Калиұлы шәкірттеріне тек тәжірибе мен білім ғана емес, өмірге қажет рухани құндылықтар мен маңызды қағидаларды да үйретуден жалыққан емес.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлгеніне өте қуаныштымын. Бұл қадам олардың беделін арттырып, еңбек адамының мәртебесін көтерсе, біз үшін үлкен жетістік болар еді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы