Былтыр балалар әдебиетінің шоқтығы биік жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен болатын. Біртуар тұлғаның биік болмысына терең бойлау үшін қаламгердің аталас қарындасы Несіпхан Смағұлқызымен әңімелестік.
– Халық сүйген жазушының қарындасы ретінде ағаңыз жайлы ғажап естеліктерді, тың ақпараттарды естігіміз келеді. Сағынып еске алатын қандай ерекше қасиеттері бар еді?
– Бердібек аға менің әкемнің қамқорлығы мен тәрбиесінде өскен. Бойындағы қасиеттер әкеме өте ұқсайтын. Ағаның бойындағы ең ерекше қасиеті – білімге деген құштарлығы. Сол қасиеті білімін Мәскеуде жалғастыруға септігін тигізді. Әкем де оны қолдап, мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік жасап, үнемі көмектесіп отырған. Тағы бір жақсы қыры – еңбекқорлығы. Қара жұмыста, жазу үстінде болсын бір істі бастаса, аяқсыз қалдырмайтын. Жағымпаздықты білмейтін, тура, әділ әрі бірбеткей кісі болатын. «Өзгеге емес, өз күшіңе сен» деп жиі айтатын. Аса жинақы, тап-таза, кірпияз адам болды. Мейірімді жан еді. Бұл қасиеті әкемнен дарыған деп ойлаймын. Себебі әкем қиын-қыстау заманда өзіне тиесілі өнімді ауылдастарына бөліп беріп, Қостөбе ауылын аштықтан сақтап қалған деседі. Бердібек аға қалада оқып жүрген кезде сонау Алматы мен Нарынқолдың ортасында ат арбамен азық-түлігін апарып беріп отырған.
– «Жекпе-жек» хикаятында кез келген жазушы бара бермейтін, тереңіне бойлай алмайтын спорт саласын, оның ішінде бокс тақырыбын қозғайды. Бердібек атамыздың спортқа деген көзқарасы қандай еді? Қай спорт түріне қызығатын?
– Бұл шығарма әр оқырманның спортқа деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын оятты. Сол кездегі ел мақтанышына айналған спортшылардың жеңіске жетуіне аталған хикаяттың да әсері болды деп ойлаймын. Өзі бокспен айналыспаса да, жаяу жүргенді, тауға шыққанды, велосипед тепкенді ұнататын. Әсіресе жүзуді ерекше жақсы көрді. Демалысын көбіне Шұбартал, Шалкөде, Текес өзенінің жағалауында өткізетін. «Текестің суы арық емес пе, Бердібек балық емес пе?!» деген сөз осыдан қалса керек.
– Бердібек Ыдырысұлы өз балаларының есімін достары Тахауи Ахтанов пен Әлнұр Мейірбековтің құрметіне қойды деседі. Бердібек атамыздың достарымен қарым-қатынасы қандай еді?
– Бердібек аға досқа өте адал еді. Жора-жолдастары көп болды. Бірақ адамдармен талғампаздықпен араласатын. Мен білетін достары – Әлнұр Мейірбеков, Тельман Жанұзақов, Баққожа Мұқай, Тахауи Ахтанов. Сол кездегі «Советтік шекара», бүгінгі «Хантәңірі» газетінің редакторы болып қызмет істеген Әлнұр Мейірбековпен жас айырмашылығына қарамастан, жақсы сыйлас болды. Туған баласының есімін сол кісінің құрметіне қойғаны рас. Екінші ұлының есімі – Мұхтар. Мұны қазақ халқының ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовке деген сый-құрметінің көрінісі деп есептеймін. Мұхтардан туған немересінің есімі Тахауи Ахтановқа деген достық пейілінің белгісі деп білемін.
– Бердібек атамыздың қандай өсиет сөздері есіңізде? Қандай қызықты оқиғаларымен бөлісуші еді?
– Өзі қандай тік мінезді, жағымпаздануды білмейтін, әділ болса, бізден де соны талап ететін. «Өз біліміңе сен, жалтақ болма!» деп үйретті. Бердібек аға тауда өсіп, ержеткендіктен, мінезі де тау сияқты өр еді. Сондай-ақ қалжыңбас, әзілқой адам болатын. Әкеммен әзіл-қалжыңы жарасып, қызықты оқиғалармен бөлісіп, сылқ-сылқ күлетін ғажап сәттер көп болатын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Береке БАҚЫТЖАН,
А.Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептің
9-сынып оқушысы
Райымбек ауданы