Талғар ауданында жасөспірімдермен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар жанданды. Жыл басынан бері ювеналды полиция қызметкерлері түнгі рейдтер өткізіп, ересектердің бақылауынсыз өз бетімен жүрген жасөспірімдерді анықтауды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінде болған тәртіпбұзушылықтарды тіркеп, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтті.
Бұған белгілі бір деңгейде аудан әкімі, аудан прокуроры және полиция бастығы, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен айналысатын «Талғар қалқаны» профилактикалық тобының өкілдері мен еріктілер қатысқан «Жасөспірімдер бақылауда» жедел алдын алу шарасы айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Күні кеше өткен осындай шараны жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша ең ауқымды түнгі рейд деп атауға болады. Онда компьютерлік клубтарды, ойын-сауық орындарын, сауда нысандары мен қоғамдық орындарды тексеру жоспарланды. Шара кезінде түнгі уақытта ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің бақылауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтауға ерекше назар аударылды. Рейд басталар алдында аудан әкімдігі алдындағы алаңда полиция жасағының, прокуратура қызметкерлерінің жеке құрамы сапқа тұрды.
– Бүгін біз ауқымды рейд өткізгелі отырмыз. Оның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және жоюға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау. Сіздердің жұмыстарыңыз жемісті болып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша оң нәтиже береді деп сенеміз. Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізілмек, – деп атап өтті аудан әкімі Таңат Айдарбеков.
Рейд қатысушылары арнайы автобуспен жоспарланған орындарға жеткізілді. Тексерудің алғашқы нысаны Абай-Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Аура» кафесі болды. Дәмхана қоғамдық орын саналады және мұнда қорқор шегуге тыйым салынған. Тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша заңды бұзған екі қызбен түсіндіру мазмұнындағы әңгімелесу өткізді. Қыздарға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, дәмхана иесі де айыппұл төлеуге міндеттелді.
Келесі нысан – қаланың жаңа тұрғын үйлер кешенінде орналасқан «Jida» кафесінде тәртіп бұзушылар анықталмады. Рейд қатысушылары қала орталығындағы Қонаев көшесіндегі «Шаңырақ» кафесінің үшінші қабатында орналасқан компьютерлік клубқа да кірді. Бұл жерде ювеналды полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің бақылауынсыз түнгі уақытта – сағат 23.00-ден кейін жүрген екі кәмелетке толмаған жасөспірімдердің дерегін тіркеді.
Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандарға сағат 22-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болуға тыйым салынады. Оларға сауда орталықтары, компьютерлік клубтар, кинорумдар және басқа да нысандар жатады. Ал сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін оларға заңды өкілдерсіз көшеде жүруге болмайды. Әлгі екі кәмелетке толмаған жасөспіріммен түсіндіру жұмысы жүргізілді. Полицейлер сондай-ақ олардың ойын-сауық мекемелерінде үлкендердің бақылауынсыз жүргені үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын да ескертті.
Аудан прокуроры Жайнарбек Мыңбаевтың мәліметінше, аудан аумағында 61 мыңнан астам жасөспірім тұрады. 12 кәмелетке толмаған бала есепке алынып, алты отбасы бақылауда тұр. Ауданда барлығы 89 бала тәрбиеленіп жатқан 50 тұрмысы төмен отбасы бар. Жыл басынан бері жасөспірімдерге қатысты 9 қылмыс тіркелген.
Құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша мектептерде де профилактикалық жұмыстар қолға алынған. Осы орайда барлық оқу орындарында «Сенім жәшіктері» орнатылған, буллингті, өзіне-өзі қол жұмсауға бейімділікті және сексуалдық зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға бағытталған анонимді сауалнамалар жүргізіледі. Жыныстық тәрбиеге ерекше назар аударылып отыр, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған осындай әрбір оқыс оқиғадан кейін балалармен және ата-аналармен әңгімелесу жүргізіледі, мектеп немесе аудандық психологтарға жүгінуге ұсынымдар беріледі.
Оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға құрметпен қарау және ішкі істер органдарында қызметке қызығушылығын арттыру мақсатында 8 мектепте «Полицияның жас көмекшілері» жасақтары жұмыс істейді, мұндай топтардың саны қазірдің өзінде 48-ге жеткен, оларға 516 оқушы жұмылдырылған. 8-11 сыныптарда вейп шегудің зияны, ерте жүктілік және құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік тақырыптарында профилактикалық әңгімелесулер өткізіледі. Полиция басқармасында баланың қауіпсіздігі – бірінші кезекте ата-аналардың жауапкершілігінде екенін үнемі ескертіп отырады. Аналар мен әкелерден балаларының кешкі уақытты қайда және кіммен өткізетінін жиі сұрап отыруларын өтінеді.
Полиция бастығы Нұржан Рахметуллаевтың айтуынша, ауданда қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 25,8%-ға төмендеген. Орташа ауырлықтағы және онша ауыр емес қылмыстардың саны қысқарған. Атап айтқанда ұрлық, интернет-алаяқтық және бұзақылық саны 40%-ға азайған. Кісі өлтіруге және денсаулыққа ауыр зиян келтіруге байланысты қылмыстардың ашылуы 100%-ды құрайды. Жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 31,0%-ға, ал көшелерде жасалған қылмыстардың саны 27,0%-ға төмендеген. Тәртіп сақшылары тарапынан отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 23 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегін анықтаған. Заңдылықты, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс ұдайы бақылауда және үздіксіз жалғасатын болады.
Рейд барысында заңды өкілдерінің бақылауынсыз түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 17 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, полиция органдарына жеткізілді. Сондай-ақ мотоциклді мас күйінде жүргізген бір жағдай тіркелді. Тыйым салынған жерлерде қорқор шегудің 6 дерегі анықталды. Аталған заңбұзушылықтар бойынша келушілер де, мекеме әкімшілері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алты тәртіп бұзушыға 15 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар алдағы кезде жалғаса бермек. Өйткені бұл заң мен тәртіп қағидаты тұрғысынан өте маңызды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ Талғар ауданы
