Перейти к содержимому
Главная страница » «Ақ босаға» алға озды

«Ақ босаға» алға озды

      Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда Шымкент қаласында өткен  «Ұлт ұясы – бесік» атты республикалық байқауда Алматы облысының «Ақ босаға» тобы бас жүлдені жеңіп алды.

Түркістан облысында ұйым­дастырылған аталған шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіру, бесік жырының ай­тылуы мен мән-мағынасын кеңінен насихаттау. Оған Қазақстан­ның 5 өңірінен  ұлттық құнды­лықтарды ұлықтаған коман­далар қатысты. Солардың арасынан Алатаудың етегінен барған өнерпаздар ерекшеленіп, жұлдызы жарқырады.
Байқау қорытындысы бойынша, Қарасай ауданындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры Аяужан Заманбекқызы жетекшілік еткен «Ақ босаға» тобы бас жүлдені еншіледі. Топ құрамында Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылынан Нәсілхан Мұстапаева  мен  Сайра Байдолла, Қарасай ауданынан Аршагүл Тойбаева мен Қанат Жаленов және өңір түлегі, Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті Жәнел Жанғазықызы облыс намысын қорғады.
«Ұлт ұясы – бесік» атты респуб­ликалық байқаудың бас жүлдесі мен 1 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алған жерлестерімізді құттықтаймыз! Ұлттық мәдениетімізді ұлықтаудан танбай келе жатқан жандарға қалың оқырман атынан алғыс білдіреміз.

Серік Сатыбалдиев

Жамбыл ауданы