Көктем – табиғаттың жаңару кезеңі, аң-құстардың көбейіп, тіршіліктің жандана түсетін шағы. Бұл мезгілдегі аңшылықтың да өз ерекшелігі бар. Қазақстанда көктемгі аңшылық негізінен суда жүзетін құстарға, әсіресе үйрек пен қазға жүргізіледі. Көктемгі аңшылық күзгі түрінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл маусымда аңшылық уақыты шектеулі және белгілі бір ережеге бағынады.
Осы орайда Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 2025 жылғы 26 ақпандағы бұйрығының негізінде облыс аумағында көктемгі аңшылық маусымы ашылғанын хабарлаймыз. Мұндағы негізгі мақсат – табиғи тепе-теңдікті сақтау, құстардың көбеюіне мүмкіндік беру. Сондықтан көктемгі аңшылық тек белгілі бір мерзімде және арнайы рұқсатпен жүргізіледі.
Елімізде көктемгі аңшылыққа қатысты қатаң ережелер бар. Ереже бойынша тек белгіленген бір уақыт аралығында ғана аң аулауға рұқсат етіледі. Қызыл кітапқа енген немесе сирек кездесетін құстарды аулауға тыйым салынады. Рұқсатсыз немесе заңсыз аңшылық жасағандарға айыппұл жазылады. Осыған байланысты тиісті мекемелер тарапынан аңшылық маусымының мерзімі мен ережелері үнемі қадағаланып отырады.
Аңшылық жасау, аңға шығу – халқымыздың ежелден келе жатқан кәсібі әрі дәстүрімізге де кеңінен еніп кеткен. Дегенмен аңшылықты табиғатқа зиян келтірмей, заң аясында жүргізу – әрбір адам баласының ортақ міндеті!
Нұрлан ОРМАНБЕКОВ,
Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы