Сербияда өткен жаһан жарысында әлемнің әр қиырынан 51 мемлекет спортшылары сынға түсті. Еліміздің бұрымды былғары қолғап шеберлері барлық 12 салмақта бірдей жұдырықтасып, өз мықтылықтарын айдай әлемге әйгіледі. Деректерге көз жүгіртсек, әйелдер боксынан әлем чемпионатында Әнұранымыз соңғы рет 2016 жылы шырқалыпты. Арада тоғыз жыл өткенде Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева сынды аяулы аруларымыз алтыннан алқа тағып, ел мерейін асқақтатты.
Қазақтың талай талантты ұл-қыздары спорт әлемінде өздерінің есімін алтын әріптермен жазып келеді. Солардың бірі – бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған облысымыздың тумасы – Назым Қызайбай. Ол өз таланты мен табандылығының арқасында тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің назарын аударды. Ең әуелі Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев жерлесімізді тарихи жеңісімен құттықтады. «Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік. Сербияда өтіп жатқан әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін», – деп жазды Мемлекет басшысы «Instagram» әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.
Назым Қызайбай бокстағы алғашқы үлкен жетістіктеріне жасөспірім кезінен-ақ қол жеткізді. Ол 2014 жылы Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль алып, қазақ қыздарының да ринг төрінде үздік бола алатынын дәлелдесе, 2016 жылы Қазақстанда өткен әлем чемпионатында тағы да қарсыластарын қапы қалдырып, екінші мәрте әлем чемпионы атанды. 2025 жылға дейін әлемнің екі дүркін, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған оның спорттағы жолы тек жеңіспен ғана жасалған жоқ. Үлкен спортта жеңіліссіз жетістік болмайды. Шаршы алаңда Назым да түрлі қиындықтарға тап болды, бірақ ол ешқашан мойыған емес. Бапкерлерімен тынбай еңбек етіп, жаттығу залында күні-түні тер төгіп, үшінші мәрте әлем чемпионы атану жолында аянбай күресті.
– Былтыр Париж жазғы Олимпиадасынан елге оралған соң Мемлекет басшысының қабылдауында болдық. Сонда Президентке келесі жылы өтетін әлем чемпионатында топ жарып, үш дүркін чемпион атағын иеленгім келетінін айтқан едім. Тарихи нәтиже тіркесем деп барымды салдым, Жаратқанға шүкіршілік, ел сенімін ақтадым. Біздің жеңісіміз – айрандай ұйыған ұлттық құраманың бірлігіне бұйырған несібе. Өйткені әрбір жекпе-жектен кейін бізге жан-жақты қолдау көрсетілді. Оқу-жаттығу жиыны кезінде тек физикалық әзірлікті қайрап қана қоймай, психологиялық ұстанымды да шыңдадық. Дайындық өте жоғары деңгейде жүргізілді. Ұлттық құраманың капитаны ретінде қыздарға айтар алғысым шексіз. Сын сәтінде сынып кетпей, бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындады. Жүлдеге ілінбей қалған қыздарымызға да демеу болуымыз керек, олар да барын салды, – депті Назым ақпарат құралдарына берген шағын сұхбатында.
Назым Қызайбайдың бұл жеңісі – тек спорттағы жетістік емес, ол қазақ қыздарының қайсарлығын, жігерін және намысын паш ететін батырлықтың, батылдықтың көрінісі. Оның жарыс алаңындағы ерік-жігері, қарсыластарына деген құрметі және ұлттық рухы – болашақ спортшылар үлгі тұтар үлкен қасиет. Ол әлемдік аренада қазақ туын биікке көтеріп, миллиондаған жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Оның жеңісті жолы – қайсарлықтың, еңбекқорлықтың және батылдықтың айқын көрінісі.
Ерзат АСЫЛ