Талғар ауданындағы Бесағаш ауылдық Мәдениет үйінде шахматтан «Senat оpen – 2025» ашық кубогының облыстағы іріктеу кезеңі өтті. Оған түрлі жастағы және мамандықтағы адамдар – барлық шақырылымдағы облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Барлығы 120-дан астам қатысушы шахмат тақтасы үстінде қисынды және стратегиялық ойлау тұрғысынан шеберлік сынасты.
Аталмыш турнир Қазақстанда шахмат спортын насихаттау мен дамытуға бағытталған «Senat оpen» республикалық ашық кубогы аясында ұйымдастырылды.
«Бұл турнир еліміздің шахмат өміріндегі ең ауқымды оқиғалардың бірі болып саналады, ал қатысушылардың географиясы мен сапалық құрамы оның жоғары мәртебесін айқындайды. Турнирді ұйымдастыруға Қазақстан шахмат федерациясы мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жетті. Осылайша, ұйымдастырушылар ел тұрғындары арасында шахматты дәріптеуге және халықтың зияткерлік әлеуетін дамытуға назар аударуға ұмтылып отыр», – деді жарысты ашып, әрбір қатысушыға сәттілік тілеген облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.
Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша, 25 үздік қатысушы анықталады. Олар жарысты биыл тамыз айында Талдықорғанда өтетін жартылай финалда жалғастырады. Жарыстың финалы 25 тамызда Астанада өтеді.
«Облыстық мәслихатқа және жергілікті атқарушы органдарға осы турнирді ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Шахмат тақтасының үстінде барлық шектеулер: гендерлік, саяси және діни болсын, бәрі алынып тасталады. Әрбір қатысушы шахмат фигураларын өзінің бес саусағындай жақсы біледі. Олар үшін бұл – бір-бірімен кездесіп, шүйіркелесе әңгімелесу, балаларына үлгі көрсету, сондай-ақ шахматтың – алға ілгерілеу және өздерінің аламан бәйгеге қатысып, көзге түсу мүмкіндігі», – деп атап өтті жарыс қатысушыларын құттықтаған Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
Ойын кезінде шахмат тақтасы нағыз шайқас алаңына айналды. Зияткерлік спорт түрлері дене күшін қажет етпейтіндігіне қарамастан, қатысушылар әрқашан үлкен шиеленісті сезінеді. Бірақ бұл оларға тек қана пайда әкелмесе, ешқандай кері әсері жоқ. Өйткені, шахмат ойыны адам жадын жаттықтырып, қисынды және стратегиялық ойлау қабілетін дамытады.
«Ми жақсы жұмыс істеуі үшін шахмат ойнау керек. Мен бұл зияткерлік спорт түрімен бала кезімнен айналысамын. Шахмат – ақыл-ойдың гимнастикасы. Бүгін мен кіші топта 50 қатысушының ішінде екінші орын иелендім. Осы жарысқа арнайы дайындалып, күнделікті жаттығып, мектепте оқығанымның бәрін есіме алдым. Шахматтың адамға пайдасы зор, сондықтан мұндай турнирлер өте қажет», – деді Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиев.
Ашық турнир швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылып, 9 турға жалғасқан ойын болды. Уақытты бақылау – 10+5 (10 минут партия үшін + 5 секунд бір жүріске).
Жарыс қорытындысы бойынша, ерлер арасында І орынды Ахат Солтанқұлов жеңіп алса, ІІ орынды Нұрболат Қалибай, ІІІ орынды Ерлан Нұрмұхамбетов иемденді. Әйелдер арасында Алма Күмербаева жеңімпаз атанса, ІІ орын Айткүл Амангелдіқызына, екі үшінші орын Мәриямгүл Нұрышева мен Жанна Қасымхановаға бұйырды.
Ардагерлер арасында Темірхан Бозымов жеңімпаз атанса, 2-3-орындарға сәйкесінше Владимир Беломоин мен Асылжан Қасымов жайғасты. БАҚ өкілдері арасында Амандулла Әбдімұратов жеңіс тұғырына көтерілсе, Амангелді Жолманов пен Фархатдин Райымқұлов сәйкес орындарды иемденді. Қоғамдық кеңес мүшелері арасында жүлделі үш орын Марс Смағұлов, Жұмагелді Молдияров, Бауыржан Дәулетовке бұйырды. Мемлекеттік қызметкерлер арасында Рамиль Исмаилов, Рустам Пирмухамедов, Амангелді Сәлменбаев жүлдегер атанды. Мәслихат депутаттары арасында Ғалымжан Үсенов, Нұрлан Байғазиев, Денис Котелевский алғашқы үш орынның иегерлері атанды.
Командалық есепте Қарасай ауданының шахматшылары бірінші орынды жеңіп алса, Талғар ауданының ойыншылары екінші, Жамбыл ауданы үшінші орыннан көрінді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы