Перейти к содержимому

Диқандар да дауыс берді

50 қаралым

Ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауында Ұйғыр ауданы Ақтам ауылының еңбек адамдары да азаматтық таңдауын жасады. Таңмен тіршілігін бастап, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген ауыл диқандары сайлау учаскесіне келіп, елдің ертеңіне қатысты өз ұстанымдарын білдірді.

Screenshot

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық салалардың бірі. Сондықтан жердің жайын жақсы білетін, жылдың төрт мезгілінде тынымсыз еңбек ететін диқандар үшін мемлекеттегі әрбір өзгерістің маңызы зор. Солардың бірі – Ақтам ауылының тұрғыны, бірнеше жылдан бері қауын-қарбыз өсірумен айналысып келе жатқан шаруа Аршалим Давлетов. Бүгінде ол 3 гектарға жуық жерге қауын-қарбыз егіп, тынымсыз тіршілік етуде. Шаруасы шаш етектен болса да Аршалим сайлаудан шет қалмады.

Screenshot

«Мен үшін Құрылтай сайлауы – еліміздің ертеңіне деген жауапкершілік. Диқан ретінде жердің қадірін, еңбектің бағасын және ауылдағы халықтың күнделікті мәселесін жақсы білемін. Ауылдың жағдайын, жердің жайын, су мен субсидия мәселесін, шаруаның еңбегін білетін азаматтар Құрылтайда халықтың сөзін жеткізе алуы керек. Себебі елдің дамуы тек қаладағы мәселелермен шектелмейді. Ауыл – елдің берекесі, ал жер – халықтың ырысы. Шаруаға қолдау көрсетіліп, ауыл инфрақұрылымы дамып, жер мен су мәселесі әділ шешілсе, ауылдың да, елдің де экономикасы нығаяды. Диқанның тілегі қарапайым: жеріміз құнарлы, суымыз жеткілікті, еңбегіміз берекелі, елдің болашағы жарқын болсын!» – дейді Аршалим Суйгунжанұлы.

Құрылтай сайлауында дауыс берген Ақтам ауылының диқандары осылайша ел болашағына деген азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы