Жамбыл ауданының Шиен орта мектебінде «Құндылыққа негізделген оқу мен тәрбие» тақырыбында Ашық есік күні өтті. Оған жан-жақтан білім беру ұйымдарының басшылары келіп, «Табысты 50 мектеп» жобасы аясында шалғай ауыл ұстаздары атқарған игі істің куәсі болды.
Аудандық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Ардақ Сатова шара мақсаты саладағы озық тәжірибені таратып, құндылық арқылы нәтижелі білімге қол жеткізу екенін атап өтті. Шиен орта мектебінің директоры Мәмед Тіктенбаев инновациялық лицейлер тәжірибесін енгізу ісі мұнда сәтімен жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айтуынша, осы мақсатта бірнеше маңызды кабинет жабдықталған. Ол ұлттық құндылықтар негізінде білім беру философиясын қалыптастыруға негізделген. «Білім – Инновация» тәжірибесін енгізуде педагогтер біліктілік арттыру курстарынан өтіп, кәсіби құзыреттілігі өсе түсті. Білім мен тәрбие сапасын ұлттық құндылық арқылы арттыру үшін инновациялық лицейлермен облыста 50 мектеп бірлесіп жұмыс істеп жатса, соның бірі – Шиен орта мектебі. Мұнда интернат бар және Қоғамшыл ауылындағы бастауыш мектеп те осы білім шаңырағына қарайды.
Білім мекемесіндегі жаңашылдықпен өзге ауылдардың 40-тан аса мектеп директоры жан-жақты танысты. Жиын ашық сабақ, тәжірибе алмасу алаңдарында жалғасып, құндылыққа негізделген жұмыстың есебі берілді. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқушылардың ғылыми жобаларынан көрме ұйымдастырылып, «Құндылықтарымыз – рухани байлығымыз» атты тәрбие сағаты өткізілді. Ашық есік күнінде ағылшын тілі пәні мұғалімі Л.Иманбаеваның 7-сыныппен өткізген «Healthy lifestyles» («Салауатты өмір салты») деп аталатын сабағы қазақтың ұлттық тағамдарының денсаулыққа пайдасы туралы өрбіді. Математика пәні мұғалімі Ж.Оразханның 6-сыныппен өткізген «Қозғалыстың орташа жылдамдығы. Комбинаторикалық есептер» атты сабағы да жоғары бағаланды. Бастауыш сынып мұғалімі А.Нүкебаева 2-сыныппен «Жердің сұлулығы» тақырыбында ұлттық құндылықққа негізделген қазақ тілі сабағын ұсынды.
Шараның практикалық бөлімі «Тәжірибе алмасу – кәсіби қажеттілікті шыңдау» тақырыбында жалғасты. Замануи PASCO құрылғыларын пайдаланып, оқушы дағдысын қалыптастыру мақсатында физика пәні мұғалімі Р.Сыздықбаева шәкірттерге теориялық білімін іс жүзінде қолдану үшін физикалық құбылыстарды интерактивті түрде бақылатып, эксперимент жасатты. Заманауи технологияның енгізілуі білім беру үрдісін жандандырып, оқушының қажетті дағдысын қалыптастыруға жол ашатынын көрсетті. PASCO құрылғысын биология сабағында қолдану арқылы зертханалық жұмысты тиімді ұйымдастыру сабағын ұстаз Ж.Арықбаева өткізсе, аталған құрылғыны химия сабағында пайдалану арқылы оқушы қызығушылығын арттыру әдісімен химия пәні мұғалімі Э.Абақбаева бөлісті. Сабақтарда шығармашылықпен жұмыс істеу, сын тұрғысынан ойлау, командалық жұмысты ұйымдастыру тиімділігі паш етілді.
Біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде Шиен орта мектебінде атқарылған жұмыс туралы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.Бейсебаев баяндады. Мектеп жанындағы интернат меңгерушісі Е.Әшімбек «Өзін-өзі басқару арқылы оқушы бойында жауапкершілік құндылығын қалыптастыру» тақырыбын жан-жақты тарқатты.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Қоржұмбаева «Дарынды бала – ұлт болашағы» тақырыбында баяндама жасап, шәкірттерінің жетістіктеріне тоқталды. Мәселен, дәстүрлі облыстық Абай мен Мағжан оқуларында шәкірттері 2-3 орын алса, «Ақбота» республикалық зияткерлік олимпиадасынан 35 оқушы жүлделі орынға ие болған. Оқушыларының сурет, спорт саласындағы жетістіктері де жетерлік.
Музыка пәні мұғалімі Р.Қауменова да талантты балаларды өнерге баулудағы тәжірибесімен бөлісті. Ол осындағы «Дәстүр» би тобы «ALASH STAR» халықаралық өнер байқауынан 1-орын, ал «DIAMOND STAR» халыаралық өнер фестивалі мен «Самұрық» халықаралық өнер байқауынан бас жүлде алғанын тілге тиек етті. Орыс тілі пәні мұғалімі Ж.Әбдіжапарова «Lesson Study аясында зерттеу жұмыстары» тақырыбында сөз қозғаса, информатика пәні мұғалімі Е.Оразхан жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндіктеріне тоқталды.
Ашық есік күні өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Табысты 50 мектеп» жобасы аясындағы жұмыстар алда семинар, тренинг, шеберлік сынып, оқу курстары арқылы насихатталмақ. Мұндай шаралар сабақ беру сапасын көтереді. Шиен орта мектебінің ұжымы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіре отырып, білім беру ісін жаңа деңгейге жеткізу үшін аянбай еңбек ететінін байқатты. Өйткені әлемдік бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздардың басты міндеті.
Серік Сатыбалдиев
Шиен ауылы,
Жамбыл ауданы