Облыстық әкімдікте жолдардың жай-күйін талқылаған жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев төрағалық еткен кеңеске мәслихат депутаттары қатысты. Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы облыстық филиалдарының басшылары баяндама жасады.
Кеңесте сөз алған мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев өңір азаматтарының жергілікті өкілетті, атқарушы органдар алдында жиі көтеретін әлеуметтік мәселелерінің бірі – көлік жолы екенін айтып, алғашқы баяндама кезегін «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ директорының орынбасары Абзал Ақжоловқа берді.
Ол өз баяндамасында облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1807 шақырымды құрайтынын, оның 1409 шақырымының жабыны асфальт-бетон, 337 шақырымының жабыны цементбетон, ақылы жолдардың ұзындығы 328 шақырым екенін айтты. Абзал Көкталұлының сөзінше, былтыр облыста 172 шақырым жол пайдалануға берілсе, биыл қайта жаңарту бағдарламасы бойынша 109 шақырым жол, оның ішінде Ұзынағаш пен Талғар арасын жалғайтын жолдың 42 шақырымы, «Күрті – Қонаев» жолының 67 шақырымы жөнделеді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта күрделі жөндеу аясында «Алматы – Бішкек» тас жолының 25 шақырымында шығыс бағытта таға тәрізді жолайрығының құрылысы басталған. «Алматы – Бішкек» жолының 19-27 шақырымы аралығын, «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» жолының 13-25 шақырымы аралығын күрделі жөндеуден өткізуге сметалық-жобалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, «Кеген – Көкпек –Түп» автожолының 53-68 шақырымы және «Ақсай – Шонжы» жолының алғашқы 7 шақырымын күрделі жөндеуге ұсыныс берілген. Биыл бұдан өзге 354 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде былтырдан бері жөнделе бастаған «Алматы – Қорғас» жолының 14-43 шақырымы аралығындағы жол бар.
Қолданыстағы жолдардың күтіп ұстау жайы да баяндамашы есебінен тыс қалмады. Абзал Көкталұлының айтуынша, облыста 1630 шақырым жолды күтіп ұстау қызметін «ҚазСервис» ЖШС Алматы облыстық филиалы атқарады. Биыл облыс аумағындағы жолдарды күтіп ұстауға 4,4 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан соң мәслихат депутаттары Кеген ауданындағы бірнеше жылдан бері жыр болған Кеген асуының жолын жөндеу мәселесін көтерді. Абзал Көкталұлы былтыр аталған жолды салған мердігер сот шешімімен жосықсыз деп танылып, одан кейін конкурс өткізілгенін, оның нәтижесі енді ғана белгілі болып жатқанын айтты.
Одан кейін сөйлеген депутаттар «Алматы – Бішкек» жолының Ұзынағаштан Отарға дейінгі аралығын жөндеу жұмыстарының созылып кеткенін «ҚазАвтоЖол» өкіліне «Алматы – Талғар» жолының Қызылқайрат ауылынан Талғарға дейінгі аралығын кеңейтуді, «Алматы – Өскемен» күрежолының Қонаев қаласынан Арқарлы асуына дейінгі аралығын мал кесіп өтпеу үшін екі жағынан қоршауды ұсынды. Сондай-ақ Бақанасқа бұрылатын жолайрық дұрыс жарықтандырылмағанын айтып, ескерту жасады. Бұған қоса «Алматы – Қонаев» күре жолындағы жолақтарды үстінен қайта сызып шығу қажеттігі де айтылды.
«ҚазАвтоЖол» басшысынан кейін баяндама кезегі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерлан Баймұхамбетовке берілді. Ерлан Биғазыұлы биыл облыстық маңызы бар 187,8 шақырым жолды салу мен жөндеуге бюджеттен 19,2 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Жөнделеді деп қаржы бөлінген жолдар тізімінде «Алматы-1 – Шамалған стансасы – Ұзынағаш» жолының 7,5 шақырымы, «Көкпек – Қалжат – Кіші Диқан», «Нарынқол – Сүмбе», «Қапшағай – Бақанас – Қараой», «Көкпек – Кеген», «Есік – Саймасай – Александровка» жолдары бар.
Ауқымды жөндеуден бөлек, көктемгі тексеру кезінде облыстық маңызы бар жолдарда 118 мың шаршы метр аумақта жолдың ойылып, түсіп кеткен жерлері анықталған. Енді ағымдағы жамап бітеу жұмысы жүргізіліп, Полиция департаментінің нұсқауымен 700-ге жуық қажетті жол белгісі орнатылмақ.
Жиында сөз алған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев былтыр облыстық және аудандық маңызы бар 23 жолдан, елдімекендердегі 110 жолдан 1085 материал сынамасы тексерілгенін, оның 28 пайызы талапқа сай еместігі анықталғанын айтты. Сонымен қатар жол салуда кейбір тиісті талаптардың бұзылғанын, кейбір аудандарда кемшіліктердің көп екенін айтқан Ерболат Көштаев осы олқылықтар мен ескертулерді жою бойынша облыс әкімдігіне, жол жөндеу жұмысына тапсырыс берушілерге, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолданғанын жеткізді.
Келелі кеңесте облыстағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері де талқыланды.
Кеңесте сөз сөйлеген Әсет Масабаев облыс әкімдігі тарапынан көлік жолын жөндеу және жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жұмысына қажетті қаражат қарастырылатынын айтты.
Жиын қорытындысында қатысушылар алдағы уақытта жолдар мен жарықтандыру мәселелерін шешуге бағытталған жоспар мен ұсыныстар бойынша бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізді.
Айбек Мұқан