Перейти к содержимому
Главная страница » 1 мамырдан бастап жедел медициналық көмекті көрсету ережелерінің жаңа нұсқасы күшіне енді

1 мамырдан бастап жедел медициналық көмекті көрсету ережелерінің жаңа нұсқасы күшіне енді

Жаңа өзгеріс ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі №32 бұйрығына сәйкес, бекітіліп отыр. Бұл өзгерістер шұғыл көмектің тиімділігін арттыруға, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің (АМСК) рөлін күшейтуге және ауылдық пен шалғай өңірлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз-мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымұлы жаңа ереже жедел жәрдемнің жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

— «Мобильді бригадаларды енгізу — жай ғана жаңалық емес, бұл қоғамға берілетін белгі: медициналық көмек халыққа жақындай түсуде. Бұл ірі қалалар үшін де, әсіресе ауылдық аймақтар үшін маңызды. Біз жедел жәрдемнің шамадан тыс жүктемесін азайтып, АМСК-ның басты рөлін қайтара бастадық», — деді спикер.

Негізгі өзгерістерге келер болсақ:

АМСК-ның мобильді бригадалары.

— Төртінші санаттағы (аса шұғыл емес) шақыртулар енді жұмыс уақытында (08:00–20:00) үйге барып қызмет көрсететін АМСК мамандарымен қамтылады;

— Ауылдық жерлерде бұл қызметті лицензиясы бар мердігерлер арқылы аутсорсинг негізінде ұйымдастыруға болады;

Келу нормативтері.

— Жедел жәрдемнің келу уақыты нақты регламенттелген: 1-санат үшін – 10 минутқа дейін, 4-санат үшін – 60 минутқа дейін. АМСК мобильді бригадалары да бір сағат ішінде келуі тиіс;

Өкілеттілікті бөлу.

— Жұмыс уақытынан тыс кезде 4-санаттағы шақыртулар жедел жәрдем қызметіне беріледі. Науқасты ауруханаға жеткізу туралы шешімді ССМК фельдшері не дәрігері қабылдайды;

Қауіпсіздік пен есепке алу шаралары.

— Барлық бригадалар бейнетіркегіштер мен рациялармен жабдықталады, дәрілік заттар автоматтандырылған жүйелер арқылы есепке алынады;

Санитарлық автокөлік резерві.

— Автопарктің кемінде 10%-ы резервке бөлінеді. Машиналар A, B және C санаттары бойынша жіктеледі;

Диспетчерлік және Call-орталықтардың жұмысы.

— Денсаулық сақтау ұйымдары мен ішкі істер органдарымен үйлестіру күшейтіледі. Егер жедел жәрдем бара алмаса, шақырту АМСК-ға беріледі;

Медициналық авиация.

— Тек келісімшарттар негізінде пайдаланылады, қону алаңын дайындау міндетті;

Жаңа ережелер күшіне енгенен кейін, әрекет ету уақытының қысқарып, өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігінің артуына ықпал етеді.

Бригадалар жұмысының қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық бақылау күшейтіледі.