Перейти к содержимому
Главная страница » Асхат Сәкиев, «Асхат» шаруа қожалығының иесі: Мал өсірсең – қой өсір!

Асхат Сәкиев, «Асхат» шаруа қожалығының иесі: Мал өсірсең – қой өсір!

– Мен Жамбыл ауданының Қарабастау ауылында дүниеге келдім. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін туған ауылымда еңбек жолымды бастадым.

Әке жолын жалғастырсам деген ниетпен ауыл шаруашылығымен айналысуды қолға алдым. Әкем Болат Сәкиевтің шағын шаруашылығындағы мал санын көбейтіп, 1997 жылы «Естай» шаруа қожалығын құрдық. Кейіннен одан жеке бөлініп шығып, 2008 жылы «Асхат» шаруа қожалығын ашып, мал шаруашылығын одан әрі дамыттым.
«Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» дегендей, төрт түліктің ішінде шопан ата тұқымын көбейтуге басымдық бердім. Қазір «Асхат» шаруа қожалығында 2200-дей Еділбай қойы бар, оның 1600-і – саулық. Бір жылдары ірі қара санын 300-ге жеткізгенмін, бірақ бұл маң сиырға қолайсыз болғандықтан қазір 60-тай ғана аналығын ұстаймыз. Одан бөлек, екі үйір жылқым бар, оның ұзын саны 50-60 бас. Қожалықта 14 адам еңбек етеді. Малшының алды осында 12 жылдан бері тұрақты жұмыс істейді. Көктемгі қой төлдету науқанына 6 сақманшы мен 4 шопан жұмылды. Малшылардың жалақысы 150-300 мың теңге аралығында.
Әрбір ер азамат еліне жанашыр болуы керек деп есептеймін. Ауылдастарыма, әсіресе көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қолдау көрсетуді өзіме парыз санаймын. Мұны әркез есімнен шығармай, қолымнан келгенше айналама жақсылық жасауға тырысамын. Біздің ауылда 150-дей ғана тұрғын бар. 15 отбасы тұратын шағын елдімекен іргесінде республикалық «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы орналасқан. Ондағы жәдігерлерді көруге туристер көптеп келеді. Саяхатшылардың арасында намаз оқитындар болатынын ескеріп, жол бойынан намазхана тұрғыздық. Жанына спорт алаңын салдық. Елге деген жанашырлық пен еңбексүйгіштік ауылдастар арасында зор құрметке бөлейді.

Қарабастау ауылы,
Жамбыл ауданы