Балалар ойыншықтары мен шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы заттарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұл пластик және металдан жасалатын бұйымдардың өндірісін дамыту маңызды екенін көрсетеді.
Мұндай өндіріс ошағы Талғар ауданында бар. Ол Қытайда туған жас кәсіпкер Жан Кай Жин Жановичтің күш-жігері мен іскерлігінің арқасында бой көтерді. Бұл өндіріс желісі қазір Алматы қаласында жақсы дамыған. Енді міне, үш жылдан бері Қайнар ауылдық округі аумағындағы Жалғамыс ауылында «Toy and Joy» атты әйгілі әлемдік брендті бейнелейтін фабрика жұмыс істеп тұр.
Мұнда ауданы 5 мың шаршы метр жалға алынған ғимаратта заманауи жабдықтар – литий бұйымдарын қалыптауға арналған желілер, қымбат тұратын пресс-қалыптар орналасқан. Өндіріс меңгерушісі Ринат Итахуновтың айтуынша, қараусыз қалған ғимарат кәсіпкердің күш-жігерімен үлкен цехқа айналды. Онда балалар машинасы, эмульсиялық бояуларға арналған пластикалық шелектер, щетка, қоқыс қалағы, тағы басқа да заттар жасалады. Өндірушілер шикізатты Ресейден сатып алады, ал қалған бөлшектерді Қытайдан әкеледі. Өндірістің өзі көп еңбекті қажет етеді. Мұнда 20-ға жуық жұмысшы жұмыс істейді, олардың барлығы жергілікті тұрғындар. Шығарылатын өнім көлемі 800 мың дананы құрайды. Ойыншық машинасының әрбір бөлшегі әр түрлі құрылғыда жасалады.
– Біз тұрмыста пайдаланатын заттардың ішінде пластикалық ыдыс ерекше орын алады. Әсіресе, күнделікті тұрмыста шелектерді жиі қолданамыз. Мысалы, шелек жасау өте қиын. Модельдер көлемі 500 миллилитрден 20 литрге дейін өзгереді, бірақ ең танымалы – 1 литрлік шелектер. Пластикалық шелектер өндіру кезінде термопластавтомат-инжекциялық құю машинасы, әртүрлі көлемдегі сыйымдылықтарды дайындауға, сондай-ақ қақпақтарды өндіруге арналған құрылғылар пайдаланылады. Түйіршіктелген пластик материал қыздырылатын және балқитын арнайы бункерге салынады.
Келесі кезеңде оған бояғыш қосып, араластырылады. Құйма пішіндер бір-бірінен өлшемдерімен ерекшеленеді және шелектер үшін қажетті көлемді белгілейді. Өндіріс барысында пластикке арнайы толтырғыштар мен тұрақтандырғыштар қосылады, соның арқасында шелек қажетті беріктікке ие болады және берілген үлгіні сақтайды. Дайын өнім айтарлықтай жеңіл болып шығады, сонымен бірге ол төмен температураға, басқа да теріс факторларға төзімді болады.
Мұндай бұйымдарды минус 25 градустан плюс 75 градусқа дейінгі температурада пайдалануға болады. Пластикалық шелектердің тағы бір маңызды артықшылығы – тазалаудың жеңілдігі. Өндіріс басшылары шығарылатын өнімдердің ассортиментін, цехтарды кеңейтуді, қосымша жабдықтар орнатуды жоспарлап отыр. Өндірілген өнімді сауда және көтерме сауда желiсi арқылы сату, сондай-ақ базарлар мен дүкендерге өткізу толық жолға қойылған, – дейді Ринат Итахунов.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы