Перейти к содержимому
Главная страница » Қызыққа толы күндер

Қызыққа толы күндер

Жазғы демалыстың бала денсаулығы үшін пайдасы мол. Бұл – жастардың физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда барынша даму, жетілу кезеңі. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану үшін аудандағы білім мекемелері жанынан демалыс лагерьлері жұмысын бастады. Соның бірі –  Жамбыл ауылындағы өнер мектебінде құрылған жазғы алаң.

«Жамбыл балғындары» атты жазғы алаңдағы әр күн өзінше қызықты өтті. Ол үшін түрлі іс-шаралар белгіленген.  Атап айтқанда, алғашқы күндері оқушылар арасында «Бекеттер ойыны» ұйымдастырылды. Бұл ойын балалардың зейінділік, ұйымшылдық, тапқырлық қабілетін дамытуға бағытталған. Әр бекетте берілген тапсырманы орындап, өзара бірігіп жұмыс істеудің маңызын түсінді. Сондай-ақ тәрбиелік мәні зор «Отан отбасынан басталады» тақырыбында бейнеүзінді көрсетілді. Онда отбасы құндылығы, ұлттық тәрбие, ел мен жерге деген сүйіспеншілік жайында айтылды. Оқушылар сол арқылы Отанға деген құрметтің ең алдымен отбасындағы сыйластық пен мейірімнен басталатынын түсінді.

Жазғы алаң тәрбиеленушілері табиғат аясында серуендеп, би билеп, шаттыққа бөленді. Сонымен қатар «Аула гүлдері мен жасыл бақ» атты іс-шара да жастар тәрбиесі үшін маңызды болды. Шара аясында балалар ауладағы гүлге су құйып, күтіп-баптауға белсенді қатысты. Осылайша, олар табиғатпен етене жақын болып, сергек әрі көтеріңкі көңіл-күйде пайдалы жұмыс атқарды.

Жазғы алаңның күн тәртібіне сәйкес оқушылар «Шебер қолдар» бағыты бойынша қолөнермен де айналысты. Соның нәтижесінде шығармашылық жұмыстарынан шағын көрме ұйымдастырылып, жас авторлар өз туындыларын таныстырды. Мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды насихаттауға, балалардың эстетикалық талғамын дамытуға бағытталды. «Толағай» спорттық жарысы өткізіліп, оқушылар бірлік пен ұйымшылдықтарын көрсетті. Эстафета ойындары арқылы белсенділік танытып, жазғы алаң ауласын күлкі мен шаттыққа бөледі. Шара барысында «Біз – бақытты отбасы» тақырыбында фотоколлаж жасау жұмысы да ұйымдастырылды. Әр оқушы өзінің естелік суреттерінен көрме жасап, оны қорғап шықты. Балалар өз отбасылары туралы мақтанышпен айтып, шығармашылық қабілеттерін таныта білді. Сайыс соңында жеңімпаздар марапатталып, барлық қатысушыға Алғыс хат берілді.

Жуырда олар Қарасай ауданында орналасқан «Анаға құрмет» мұражайына саяхаттап қайтты. Негізгі мақсат – оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту, анаға деген құрмет сезімін ояту және тарихи-мәдени танымын кеңейту. Мұражай экспозициясын аралау барысында балалар қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған аналардың өмір жолы, қоғамдық қызметі мен ерлік істері жайында білді. Қызығушылықтары оянып, патриоттық сезімдері арта түсті.  Танымдық саяхат тәрбиелік мәні зор мазмұнды күн ретінде есте қалды.

«Жамбыл балғындары» атты жазғы алаңда қызыққа толы күндер жалғасуда.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы