Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті мерекелерді ұлттық реңкте ұйымдастыруға ерекше ден қойып келеді. Осынау игі дәстүр Кеген ауданында да жалғасты. Құрбан айт күні Кеген өзенінің бойында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, ұлттық нақыштар жанжақты көрініс тапты.
Мешітте Құрбан айт намазын оқумен басталған ұлық мейрам сан алуан қайырымдылық шарасына ұласты. Оған «Жерұйық-Кеген жастары» қоғамдық ұйымы ұйытқы болды. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, «Әулие абыз – Әлмерек баба» мешітінің бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы игі шараға бұқарамен бірге қатысып, айт мейрамымен құттықтады.
– «Жерұйық жастары» қайырымдылық шарасынан ешқашан тыс қалмайды. Жағдайы төмен отбасыларға үнемі қолұшын созып, қолдау көрсетіп келеді. Қаншама жанға баспана бақытын сыйлады. Жомарт жүректерге алғысымыз шексіз! – деді аудан басшысы.
Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған игі шарада «Жерұйық-Кеген жастарының» мүшесі ЕркебұланНұрбайұлы атқарылар іс-шараларға тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.
Айтулы мерекеде ұлттық спорт жарысына да кезек берілді. Арқан тарту, қазақша күрес, асық ату, тағы басқа ойындардан оза шапқан жастарға сый-сияпат көрсетілді. Бұл күні балалар да назардан тыс қалмады. Оларға балмұздақ пен тәттілер үлестіріп, қуанышқа бөледі. Айтулы мереке аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы