-13 °c
Qonaev
Wednesday, July 2, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Жүрегі жыр деп соғады

    19.06.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар
    Жүрегі жыр деп соғады
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

         Аспанмен астасқан Хантәңірі етегінде ән мен жырдың мекені аталып, әлем қазақтарына даңқы кеткен қасиетті  Қарасаз деген елдімекен бар. Жыр теңізін сапырып, қызыр дарып, бақ қонған Қарасазда дүниеге келіп, тіліне сөз асылы ұйыған жыр дүлділдері – Мұқағали мен Еркінге деген халықтың құрметі әлі де шексіз.

    Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

    Қарасаз, қара шалғын, өлеңде өстім,

    Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.

    Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,

    Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім,–

    деп туған халқына өзінің өлмес жырын қалдырып кетті. Осы киелі де құнарлы топырақта талай батыр, бағлан, би, болыс, шешен, шежіреші, әнші, күйші, ақын, жырау, тағы басқа тарихи тұлғалар көптеп дүниеге келген. Бүгінгі күнде «Қарасаз – Мұқағали» атты қос есім әлем қазақтарына әлдеқашан аңызға айналып, тарих парағына алтын әріппен жазылды. Міне, осы киелі өлкеде 1955 жылы туған, қаламын Қарасазда шыңдаған ақындардың бірі – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтархан Қалиұлы.

    Мұхтархан Қалиұлының тырнақалды туындысы сегізінші сыныпта оқып жүргенде «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған екен. Содан кейін 1982 жылы жарық көрген «Қарлығаш» атты еліміздегі талантты жас ақындардың топтама жыр жинағына 15 өлеңі енді.  Оның әр жылда жазған шығармалары аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе, «Мұқағали» журналында үзбей беріліп келеді. «Аңсап күткен арманым», «Менің сыршыл жүрегімнен тамған тамшылар, «Болашаққа хат», «Ғажайып әлем – жыр әлем», «Жыр отынан жүрегім өртенеді»,  «Жүректегі жазулар», «Жыр-ғұмыр» секілді жеті кітаптың авторы.

    Бір сәт Мұхтархан Қалиұлының  «Мұқағали» атты жырына назар салып көрейік.

    Қарасазда сен сүйген таң самалын,

    Ертеңгілік мен тұрып қарсы аламын.

    Сені күтіп тұрғандай тауларың да,

    Сені күтіп тұрғандай аршаларың.

     

    Сені күтіп тұрғандай майса дала,

    Гүлдер де бой түзепті сай-салада.

    Сен енді келмейсің ау, келмейсің сен,

    Өмірге бір-ақ келген жайсаң аға.

     

    Тудың барша қазақтың бірі болып,

    Біреуге аға, біреуге іні болып.

    Сен өлеңде жасадың ірі жорық,

    Поэзия тәңірі, пірі болып, – деген өлең шумақтары арқылы Қарасаз бен Мұқағалиға деген сағынышын жеткізеді.

    Ақындық – адам жанын зерттейтін суреткерлік өнер. Мұхтарханның «Жыр-ғұмыр» атты жинағының алғашқы беташары болып басталған «Сыр» өлеңінде:

    Бүтінделіп быт-шыт ойлар мың құрақ,

    Отырамын оңашада жыр құрап.

    Менің жазған барлық жырым бірігіп,

    Менің бүкіл өмірімді тұр құрап.

     

    Қолыңа алып оқы мені, тосылма,

    Жаман сөздер жазғамын жоқ, шошынба!

    Менің бүкіл жатыр мұнда ғұмырым,

    Қайғы-мұңым, қасыретім де осында! – деп оқырманға сыр шертеді. Автордың бас-аяғы бес шумақтан тұратын бұл өлеңі ерекше әсерге бөлейтін шымыр туынды деп кесіп айтуға болады.

    Мұхтархан поэзиясы қарапайым ауыл адамдарының халық дәстүрін жалғаған шежірелік ғұмырынан бастау алған. Оның әрбір жырында көкпен бойталасқан асқар таулар, сылдырлап аққан бұлақтар, жайқалып өскен гүлдер, даланың тамылжыта ән салған құстарына деген махаббаты мен сағынышы менмұндалап тұрады. Ақынның «Хантәңірі» атты жырында:

    Мен туған жер – таулы аймақ, далалы жер,

    Ну жыныс, орман басқан алабы өр.

    Ала бұлттар жөңкіліп аспанында,

    Шашыңды ұйпалақтар самалы кер.

     

    Жүрегіңді жақұт пен нұрға малып,

    Таудан тағылым аласың тұлғаланып.

    Биіктіктің қадірін сезінесің,

    Хантәңірдей тәкәппар шыңға барып.

     

    Елге мына ерекше өлең күткен,

    Мен жақсы жыр арнайын шеберлікпен.

    Бойымнан байқалса ізгі қасиеттер,

    Оның бәрі тау, далам сенен біткен! – деп кіндік қаны тамған туған жерін  жырына арқау етіп, ой-арманын тылсым табиғатпен байланыстырады.

    Мұхтархан поэзиясы – ән мен жырдың мекені аталған Аспантау елінің құнарлы топырағында жетілген, халық тіліне мұрагерлік етіп, үлгі-өнеге алған құнды дүние. Қазақ халқы ежелден төрт түлікті ерекше қастерлеген. Соның ішінде жылқыға баса назар аударған. Әдебиетте оның алар орны айырықша болған. Батырлар жырында айтылатын Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қангелдінің Қарткүреңі, Қабанбайдың Қубас аты, Бөгенбайдың Қызылаты, Райымбектің Көкойнағы, тағы басқа тұлпарлар талай ғасыр өтсе де қазірге дейін ел аузында аңыз болып айтылып келеді. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деген ұлағатты сөз бар. Қазақ ақындарының ішінде жылқы туралы жазбағаны некенсаяқ. Сондай жырдың бірі – Мұхтархан Қалиұлының  «Құлақасқа» поэмасы.

    Бұл поэмада Жетісуға белгілі атбегі Әбілдің шашасына шаң жұқпаған жүйрік «Құлақасқа» аты туралы сөз болады. Оның туған жиені Әбдіқадыр елге даңқы тараған «Құлақасқаға» қатты қызығып, шешесі арқылы Әбіл ақсақалдың осы тұлпарына қолқа салады. Баласының көңілін қимаған шеше Әбдіқадырды ертіп, қазақ дәстүрі бойынша «қырық шұбар тайын» сұрауға төркініне барады. Әбіл атбегі амалсыз тұлпарын жиені Әбдіқадырға береді. Ақын поэмасының беташарында:

    Атағы, даңқы шыққан бұл Алашқа,

    Екпіні желдей ұшқыр жұла қашпа.

    Шапқанда шаң жуытпас шашасына,

    Жүйріктің жүйрігі еді Құлақасқа.

     

    Сауырға қамшы ұрғызбас тарлан еді,

    Мытып қалсаң қырандай самғар еді.

    Желден ұшқыр жүйрігін мәртебелеп,

    Мәпелейтін тұмарлап ардалы елі, – деп шынайы шабытпен Құлақасқа тұлпардың образын көркем тілмен кестелейді.

    Жылқы түлігі ерге – қанат, елге санат болып келген. Халық арасында жылқыға байланысты көптеген салт-дәстүр, ырым-тыйымдар бар. Қазақ көп мінген ардақты атын қартайғанда соғымға сойып, басын ардақтап ағашқа қыстырып немесе биік жерге іліп қоятын болған. Ертеректе ауыл адамдары үйірлі жылқысынан біреуге мал ұстап берген кезде, сол жылқының жалынан бір тал қылды жұлып алып, оған сол жылқының сілекейін жағып, қалтасына салып сақтайтын. Бұл «Сілекей сірне» деп аталады. Бұнысы әлгі жылқымен бірге ырыс кетпесін деп ырымдағаны. Мұхтархан Қалиұлы сондай ұлттық көзқарастарды дәл суреттейді. Ақын және де:

    Нағашының өзгерген райлы өңі,

    Көңілінің толқындап лай көлі.

    Тұлпарының сипалап маңдайынан,

    Естіртіп жиеніне былай деді:

     

    • Тұлпарым, сені жандай сүйем, – деді,

    Қайтемін қиналам да, күйем, – деді.

    Әбдіқадыр ат жанды азамат қой,

    Осы бала енді сенің иең, – деді.

    Ашылсын ақ айдының аламанда,

    Қолдасын  Қамбар ата киең, – деді, – деп Әбіл ақсақалдың жиені Әбдіқадырға Құлақасқасын қимастықпен бергені баяндалады.

    Мұхтархан Қалиұлы ұлттық құндылықтарға терең тамыр тартқан ақын.

    Оның «Құлақасқа» атты поэмасы – тілі көркем, ойы ұғынықты, құнарлы шығарма. Автор поэманың соңында:

    Су жалдаған жүзгіштей мықты құла ат,

    Кетпеді аққан суға тіпті құлап.

    Қалтаңдаған көрініп басы ғана,

    Ар жақтағы жағаға шықты бір-ақ.

     

    Қарап тұрды бұл жайға мың кісі кеп,

    Бұл бір жай болды елге үлгісі көп.

    Құлақасқа бет бұрды Алатауға,

    Дүр сілкініп алды да, бір кісінеп, – деген шумақтардан текті жануар иесі Әбіл ақсақалдың ауылына қарай жол тартқаны суреттеледі.

    Бүгінгі таңда Мұхтархан Қалиұлы шабыты шалқыған қалыпта жетінші белеске көтерілді. Жетпіс жылдық кезеңде ақын өмірдің күнгейі мен теріскейін салыстыра отырып ой түйеді. Ең бастысы, ол жыр жолында шаршаған емес. Сөз өнері қаламгерді  үнемі биіктерге жетелейді. Өйткені Мұхтархан Қалиұлының бергенінен берері көп.

    НҰРЛАН СӘРСЕНБАЕВ,

    ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

    Ұсынымдар

    ІІМ: Алматы облысы жол апаты ең көп адам құрбан болатын өңірлер қатарында

    ІІМ: Алматы облысы жол апаты ең көп адам құрбан болатын өңірлер қатарында

    2 years ago
    Президент Құранды өртеу актілерін сынға алды

    Президент Құранды өртеу актілерін сынға алды

    2 years ago
    Тағдырлар тоғысқан шаңырақ

    Тағдырлар тоғысқан шаңырақ

    1 year ago
    Сот қызметкерлері – сенбілікте

    Сот қызметкерлері – сенбілікте

    1 year ago
    Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – Бірлік пен келісім саясатының маңызды кезеңі

    Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – Бірлік пен келісім саясатының маңызды кезеңі

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.