Қай өңірдің де жұртшылығы айрықша мақтан ететін, дәйім сол жердің жоғын жоқтап, қамын күйттеп жүретін азаматтары болады емес пе? Бақ дарыған Балқаш ауданында дүниеге келіп, Алматы аймағында түрлі лауазымды қызметтер атқарған, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған Әмір аға Күлмахановты сондай азаматтардың қатарында сеніммен атауға болады.
Әбекең кезінде осы аймақтың керемет бір өңірі – Күрті ауданының Топар ауылында еңбек жолын бастап, қызмет бабында сатылап өсті. Мал маманы ретінде осы саламен ғана айналысып қоймай, партия, кәсіподақ ұйымдарында да қызмет істеп, өмірлік мол тәжірибе жинақтады. Өзіне дейінгі басшылар – ардақты ағалары негізін салған кеңшарды жемісті басқарып, іргелі шаруашылыққа айналдырды.
Күрті ауданын, өзі туып-өскен Балқаш ауданын басқарған кезде де абыройсыз болған жоқ. Адамдармен тіл табысып жұмыс істей білетін көпшіл қасиетінің, білім-біліктілігінің арқасында қиын кезеңде тығырықтан шығатын жол тауып, аталған өңірлерді парасаттылықпен басқара білді.
Алматы қаласындағы Жетісу ауданының әкімі қызметінде де бедел биігінен көрінді. Сол қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымында 2014 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Әмір Күлмаханұлының өмір, еңбек жолдары, қысқаша тұжырымдағанда, осылайша өріледі. Осынау қасаң жолдардың тасасынан өңірдің атпал азаматының сан қырының, білікті басшы, мемлекет және қоғам қайраткерінің дара тұлғасының көрініс беретіні анық.
Сегіз қырлы, бір сырлы
Іле өзенінің Көкшетеңізге құяр тұсындағы Құйған ауылында дүниеге келіп, Балатопар ауылында есейген жас бала жаздың аптап ыстығы мен қыстың шыңылтыр аязына шынығып өсті.
Бұлай деуіміздің де мәнісі бар. Балқаш өңірінің табиғаты қаншама бай дегенімізбен, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Нақты айтатын болсақ, бұл жердегі жазғы ыстық деңгейі 45-50 градусқа дейін көтеріледі. Ал қысқы суығында күні бойы мал бағып, шаруа күйттеп жүруге жігіттің жігіті ғана шыдас береді. Сол орайда Совет Оралбаев ағамыздың: «Ой, Балқаш, қысың суық, жазың ыстық, қаһарлы қойнауыңда батыр өстік. Құс салып, аң аулаған жазығыңнан, Алатау шыңдарына шырқап ұштық», – деген белгілі әнінің сөздері ойға оралмай қоймайды. Иә, Алатау шыңдарына осылайша шырқап ұшқан ақиық азаматтардың бірі Әмір Күлмаханұлы болатын.
Табиғаты қатаң өңірде туып-өскен азаматтың бесаспап болмауы мүмкін емес еді. Жас Әмір расында да бар іске бейім болып ержетті. Ес білгеннен Іленің суына құлаштай жүзіп, қарымын қатайтты. Одан кейінгі жерде мектеп ауласындағы турникте шыр көбелек айналып, сол ауладағы арқанға өрмелеп, ересек балалардан көргенін қайталады. Мұның бәрінің спортпен, соның ішінде күреспен айналыса бастаған кезінде көп көмегі тиді.
Қай істе болсын, табысқа жету үшін күш-қайратыңды ғана емес, ерік-жігеріңді де ұштамаса болмайды. Сондай ерік-жігерінің арқасында күресте де көп жетістікке қол жеткізді. Мектептің жоғары сыныптарында басталған жеңісті жол зооветеринарлық институт қабырғасында жемісті жалғасып, талай-талай дүбірлі жарыстарда жеңімпаз атандырды. Сондай жарыстарда бағы жанып, спорт шеберлігіне кандидат атанатыны да осы кез.
«Алдымда толған мақсат, толған таңдау, алайын анасын ба, мынасын ба?» дегендей толқымалы шағында спорттық мансапты да таңдағысы келген. Күрес жолын жалғастырып, жарыстан- жарысқа барып жүріп, бағы мен бабын сынап көру жайын да ойластырған. Сол ойына тоқтағандай да еді.
Алайда спорттық сала бойынша өрілетін даңқты өмірбаянды талайына жазбаған екен. Алматыға алғаш аяқ тірегенде Шалбай ағасының айтуымен ол ойынан айнып, құжаттарын зооветеринарлық институтқа тапсырады. Сөйтіп, бұдан кейінгі тағдырын мал шаруашылығымен, ауыл тірлігімен байланыстырады. Әйтсе де күреске деген құштарлық тұла бойында мәңгілікке қалып қойды. Бұдан кейінгі тірлігінде мүмкіндігінше спорттың осы түріне қолдау көрсетіп, жеткіншектер арасында жандандыруға ықпал етіп жүрді.
«Бәйге», «аламан» десе қай қазақтың қаны қызбаған? Әбекеңнің де жүйрік атқа деген құштарлығы ес білгеннен қалыптасты. Бала кезінде үйге келген қонақтардың көзін ала бере аттарымен бір шапқылап қайтуды әдетке айналдырса, өсе келе өзі де сәйгүлік баптап, талай-талай аламанға ат қосты. Бұл құмарлығы да әлі күнге қалмаған, жүйрік ат десе қазіргі кезде де қаны қызып тұрады.
«Ән – көңілдің ажары» деген тұжырым да тегін айтылмаған. Әсіресе құрбы-құрдас пен ағайын-туыс бас қоса қалған кездері бұл сөздің ақиқаттығына көзің жете түседі. Мұндай кездері Әбекең сырнайын (гармонь) қолға алып, отырыстың сәнін келтіріп жібереді.
– «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әңгіме де Әмірдей азаматқа қарата айтылатын болар. Сондай бір қыры ретінде оның музыкаға жақындығын айтар едім, – дейді бұл жайында курстасы Марат Жанұзақов. – Студент кезіндегі демалыс сәттерінде сырнай ойнап, той-думанды қыздырып жіберетін болса, қазіргі кездің өзінде бас қосқанда сырнайын ала салып ән бастап жіберетіні бар. Өткен тарих, халқымыздың белгілі тұлғалары жайында айтқан әңгімелерінің өзі адамды бірден баурап алады. Курстас досымыз бұл жағынан да бізге үлгі-өнеге болып жүр.
Білікті басшы
Топардан басталған еңбек жолы Әмір Күлмаханұлын небір биіктерге бастады. Олай дейтініміз – оның білікті басшы, іскер маман ретінде танылуына нақ осы шаруашылық негіз болды. Осы ауылдағы игілікті істері арқылы жас директор айналасына, жалпы ауданға танылды.
Сол ауылда туып-өспесең де жаныңа соншалықты жақын болып кететін, содан кейін де дәйім көзіңе ыстық көрініп тұратын елдімекендер болады. Әбекең үшін Топар нақ сондай ауылдардың қатарында. Осы ауылда қызметі сатылап өсіп, зоотехник, бас зоотехник, жұмысшылар комитетінің төрағасы, партком хатшысы, шаруашылық директоры қызметтерін атқарды.
Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында бүкіл ел көлемінде «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы жұмыс істеді. Аталған бағдарлама бойынша әр елдімекенде жыл сайын кем дегенде 20 пәтер салынуы тиіс болатын.
Бағдарламаға формальды түрде қарамай, тұрғындар мүддесіне пайдаланып қалған басшылар бұл кездері қаншама отбасының алғысына бөленіп, сансыз сауап арқалады. Осы кезеңде Топар ауылының да шет жағында тұтас бір шағынаудан бой көтеріп, бұл күнге дейін үй-күйсіз жүрген жас отбасыларда қоныстойы тойланды. Тұрғындар сол жылдары жылына жиырма емес, одан да көп тұрғын үйлердің пайдалануға беріліп тұрғанын әлі күнге сүйіне айтады.
Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиын кезеңде Алматы маңындағы іскер азаматтармен байланыс жасап, ауыл тұрғындарын ең қажетті деген азық-түлік түрлерімен, малшыларды арнайы киім түрлерімен қамтамасыз етті. Қаракөл қойын көбейтіп, қара түлкі, қаз өсіріп, қосымша табыс көзін қарастырды. Мал шаруашылығы өнімдерін ұқсатып, яғни қайта өңдеуден өткізіп пайдалану мақсатымен шағын цехтар ашып, жоқтан бар құрады деуге болады.
– Ауылдағы мектептің тирі жұмыс істемей бос тұратын еді. Оқу орнының директорымен келісіп сол тирді ұн мен күрішке, сұйық май мен қант, басқалай азыққа толтырдық. Таптырмайтын осынау азық-түлік түрлерін айына екі рет тізіммен елге беріп тұрдық. Жұмысшылар айлық жалақы алмаса да азық-түлік алады, демек, отбасылары тамақтан тарықпайды. Малшылар болса елде жоқ унты, су мен суық өткізбейтін арнайы киімдер киеді. Мұны көрген көрші шаруашылықтардың малшылары сондай жағдай жасап жатыр екен деп бізге сұрана бастады. Сол кездегі басқа шаруашылықтармен салыстырғанда біздегі жағдай шын мәнінде жақсы болатын, – деп Әбекең сол кездегі шаруаны мақтанышпен еске алады.
Әмір Күлмаханұлының мақтанса мақтанатындай жайы бар еді. Сол кезде жанын салып істеген жұмысының нәтижесін көре бастағандықтың әсері болар, Күрті ауданына басшылық қызметке ұсынылғанда да бірден келісімін бере қоймады. Бар тірлігі реттеліп, бір қалыпқа түсе бастаған, соған орай даму болашағы да айқындалып қалған шаруашылығын қимаған. Әйтсе де жаппай жекешелендіру науқаны көрініс беріп, замана тегершігі басқа бағытқа айналып бара жатқан соң бұл ұсынысқа да келісуге тура келді.
Рас, бұл шешіміне уақыт өте келе де өкінген жоқ. Осылайша азаматтарымен біте қайнасып өскен Күрті ауданында бірнеше жыл жемісті қызмет атқарды. Оңтайландыру мақсатымен аудан таратылғанда да ауыртпалықты елмен бірге бөлісіп, аяқ астынан жұмыссыз, яғни күнкөріссіз қалған жұртшылықты жұбатар сөз таба білді. Арада көп уақыт өтпей ірілендірілген, демек, ширек ғасыр бұрынғы қалпына қайта келген Балқаш ауданына әкім лауазымына тағайындалды.
Өзің туып-өскен өңірді басқарудың жауапкершілігі өзгеше. Өйткені сол ауданның бұдан былайғы жетістіктері де, объективті түрде орын алып қалуы мүмкін олқылықтары да бірінші кезекте басшымен байланыстырылады. Тілектестердің көп болатыны өз алдына, сәтсіздіктер орын алып жатса ағаш атқа мінгізетін жерлестері де аз болмайды. Бір сөзбен айтқанда, әр қадамына сыни тұрғыдан баға беріліп, әр шешімі микроскоппен қаралып жатады.
Басқа өңірлерден тағайындаумен келген басшылардың, бір нәрсеге ренжіп қалғандай болса, қолдарын бір-ақ сілтеп туған жеріне тартып кететіндей мүмкіндігі бар. Ал осы өңірде туып-өскен азамат қайда бармақ, қай өңірге кетпек?
Әмір Күлмаханұлы сол кезде нақ осындай жауапкершілікті айқын сезінді. Содан кейін де бар жігерін жұмсап, өз міндетін мінсіз атқаруға күш салды. Жар құлағы жастыққа тимей жүріп жоқ жанармайды да, сол кездері көзден бал-бұл ұшып кеткен қосалқы бөлшектерді де тапты, тұқым мәселесін де шешіп, басқа жоқ жайттардың да түйінін тарқатты. Нәтижесінде шын мәнінде тығырыққа тіреліп, өтпей қалады-ау деп отырған көктемгі егіс науқаны өз деңгейінде ұйымдастырылды. Жекешелендіру жұмыстары да сәтті жүріп, шаруашылықтардың әр бөлімшесінің тізгінін қолынан іс келеді-ау деген іскер азаматтар ұстады.
Өз кезегінде әлеуметтік-мәдени салада да ілгерілеу байқалды. Өңір тіршілігі жанданып, үш-төрт жылдан бері жабылып қалған аудандық «Балқаш еңбеккері» газеті «Балқаш өңірі» деген атпен қайта жарық көрді. Бұрын-соңды болмаған жаңалық жаршыланып, «Балқаш телеарнасы» хабар тарата бастады.
«Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағы белгіленіп, мұндай алғашқы атақтар 12 баланы Іленің мұзды суынан құтқарған Бейсетай Дәуренбеков пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын Нұрсапа Аманжоловқа берілді.
Димекеңе ескерткіш орнатылып, есімінің Желтораңғы орта мектебіне берілетіні, қаһарман жерлесіміз Бақтыораз Бейсекбаев рухының туған жерімен қауышатыны, Гагарин орта мектебінің ауданға еңбегі сіңген ардақты азамат Әниятулла Ахметовтың атымен аталатыны да осы кез. Дәл осы кезде Бақанаста түрлі мерейтойларға орай аламан бәйгелер мен басқа да мәдени шаралар көптеп ұйымдастырылды.
Осы жылдар ішінде Бақанаста аудан әкімінің қолдауымен күрес секциясы ашылып, жемісті жұмыс істеді. Аз уақытта балғын спортшылардың шеберліктері шыңдалып, айналасы бірер жылдың ішінде облыс бойынша көш бастар командаға айналды. Бірнеше жыл бойы қарсылас шақ келтірмей дүркіреп тұрды.
Әбекеңнің басшы ретіндегі іскерлігі Алматы қаласындағы Жетісу ауданын, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарған жылдары да айқын көрінді.
Адамгершілік – асыл қасиет
Ізгілік, имандылық тәрізді ұғымдармен мәндес болып келетін адамгершілік асыл қасиеттердің қатарына жатады. Адам бойындағы мінез-құлықтың басқа жағымды жақтары да көп ретте осы ұғымнан таратылады.
Әмір Күлмаханұлын өзгелерден даралап тұратын да осы қасиеті десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайтын шығар. Бөліп айта кететін тағы бір мәселе – тіршілікте түрлі қиындықтарға тап болып, тығырыққа тірелген жандарға жасаған жақсылығын да жария етіп жатпайды. Бұл орайда мысал үшін бірнеше замандасының пікірін келтіре кеткеннің артықтығы бола қоймас деп ойлаймын.
Серік ҮМБЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
«Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері:
– Әмірдің бойында жақсы қасиеттер көп. Оны сондай қасиеттері үшін сыйлап, айрықша құрмет тұтамын. Арамыздағы сыйластық қарым-қатынасымыздың үзілмей жалғасып келе жатқаны да сондықтан. Алдағы уақытта да сол сыйластығымыздың қалыпты жалғаса беретініне сенімдімін.
Бақыт СҚАБАЕВ,
Балқаш аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген жақсы бір тұжырым бар емес пе? Сол айтқандай, мен көрген басшылардың ішіндегі ең адалы да, қара қалды қақ жаратын әділі де Әниятулла Ахметов пен осы Әмір Күлмаханов болды.
Әбдіжаппар ҚЫСТАУБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері:
– Әмір ағам менің азамат, басшы болып қалыптасуыма көп ықпалын тигізді. Тіршілікте көп көмегін жасады. Ондай жақсылығы үшін, кейбір басшыларға ұқсап бірдеңе талап етіп, әлдеқандай шаруа да айтып көрген емес. Адамдарға қашанда жақсылық жасауға асығып тұратын осындай жақсы адамдарды өмірде өзіме үлгі-өнеге тұтамын.
Курстасы Марат ЖАНҰЗАҚОВ:
– Әбекең қанша адамға жақсылық жасап жүріп, онысын ешқашан жария қылып көрген емес. Оның біреуге көмегі тигенін, қажет кезде қол ұшын беріп жібергенін көп ретте сол көмек алған адамдардың өздерінен естіп жатамыз. Мұнысы бір қолыңның жақсылық істегенін екінші қолың білмесін деген шариғаттың талабына да сай келеді.
Әулеттің алып бәйтерегі
Әбекең көпбалалы отбасында дүниеге келіпті. Соғыс ардагері, ал бейбіт кезеңде мал шаруашылығымен айналысқан әкесі Күлмахан мен аяулы аналары Бұлды балаларын ешкімнен кем қылмай өсіреді. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапқан. Бұл орайда көп жылдар бойы облыстық, республикалық деңгейде лауазымды қызметтер атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Шалбай Күлмаханұлының есімі алдымен ойға оралады.
Өз кезегінде Әбекеңнің отбасындағы ұл-қыздары жайында да осыны айтуға болады. Әмір ағамен дәл бір жыл, бір айда, тіпті бір күнде дүниеге келген жан жары Шүбіркүл тәтеміз екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Тіл-аузымыз тасқа, гүлдей жайнап немерелері де өсіп келеді.
Көп жылдар бойы мектепте неміс тілі пәнінен сабақ берген өмірлік серігі жемісті еңбегі үшін «Республика оқу-ағарту ісінің үздігі» атағына қол жеткізді. Сөз орайы келгенде, екеуінің отау көтергендеріне бүгінде жарты ғасыр толып, «Алтын тойларын» атап жатқандарын да айта кетейік.
Балалары жайында сөз болғанда Әбекең: «Алдарындағы туыс ағаларына еліктеді ме, бәрі заңгер болып кетті», – деп күледі. Осылайша бүгінде бір әулеттің алып бәйтерегіне айналған қамқор ата-әжесі немерелерінің балдай қылықтарын айтып, сүйініп отырудан шаршамайды.
Бұған дейін де «Құрмет» орденімен, әлденеше медальдармен марапатталған Әмір Күлмаханұлы Алматы облысының, өзі туып-өскен Балқаш ауданының Құрметті азаматы екенін орынды мақтан тұтады. Шынымен туған өңіріңнің сондай абыройлы азаматы атанудан артық бақыт бар ма?
Әмір ағам жайындағы толғанысымды мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшановтың мына бір сөзімен түйіндегім келеді: «Әмір – өз ортасында сыйлы азамат. Қызметте жүргенде де сыйлы болатын, зейнетке шығып, қарттық жасқа жеткенде де абыройын, ел алдындағы қадір-қасиетін жоғалтқан жоқ. Мұның өзі оның қай кезде де «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа!» деген ақиқатты берік ұстанып, лауазымды қызмет атқарған кездерінің өзінде көпшілікпен, ұжыммен санасып жұмыс істегенін, кішіпейілдігінен, адамгершілігінен танбағанын көрсетеді».
Расында бұдан асырып не айтуға болады?! Ендеше, ардагер ағамыз айтқандай, ел алдындағы абыройыңыз бен қадір-қасиетіңіз арта берсін дегіміз келеді.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі