Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай, Нарынқолдағы саябақта Райымбек аудандық кітапханасы мен Баққожа Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ халқы біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Хәкімнің қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы», – деп ұлы ақынға үлкен баға берген еді.
Шара барысында көпшілікке кітап көрмесі ұсынылды. Онда Абайдың қара сөздері, естеліктері, шығармалары қойылды. Ақын өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Сонымен қатар кеште Абай әндері орындалып, өлеңдері оқылды. Аудандық кітапхана мен белсенді өмір сүру орталығы бірлесе «Абай мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында әдеби-музыкалық сағат өткізді. Әжелер Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен айтып, «Ғылым таппай мақтанба», «Қыс» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Өйткені ақын мұрасы – мәңгілік рухани қазына!
Биахмет Галуу,
Райымбек аудандық кітапхана қызметкері
