Ақын рухымен сырласу
Аға, сен де менің бір мектебім ең,
Сырласуға өзіңе көп келіп ем.
Ініңмін, мақтана алар өткенімен,
Басқалардың көп ісі жоқ менімен.
Ұғындырып жыр жазу әдістерін,
Маған уақыт басқадан көп бөліп ең.
Болсақ-тағы бір таудың бөктерінен,
Сені алып қыранға кеп телігем.
Саған ұқсап нөсер боп төкпесем де,
Қала алмадым бөлініп шеткері мен.
Деуші едің ақын деген алмас қылыш,
Жалын төгіп тұратын от демінен.
Ақынға керек деуші ең тәкаппарлық,
Осал мінез танытпа деп менімен.
Өзіңді ұста деуші ең мықтымын деп,
Деп сөзіңмен жүрекке от беріп ең.
Бір қайсарлық өр мінез бітсе маған,
Ол мінез де өзіңнің мектебіңнен.
Қарасаздың орманы, тауы, далаң,
Ер аға жүрген қырат, ауыл, алаң.
Өлең боп төгіледі бәрі маған,
Ауылда ақын жүргендей әлі маған.
Ерке ақынның жырларын жатқа соғар,
Еркінді көріп, біліп танымаған.
Өйткені ақын берген бәріне мән.
Өйткені жыры ұнаған, әні ұнаған.
Біраз жыл өтті арада сен кеткелі,
Қара жер құшаққа алып тербеткелі.
Сонда туған шақалақ бүлдіршіндер,
Жігіт бопты, сәби еді жөргектегі.
Уақыттың осы ғой өрнектері,
Қалды елес боп ақынның келбетті өңі.
Қандай ғажап, керемет көрнекті еді,
Таудың жылда өзгеріп төр, бөктері.
Тоқсан жасқа Ер ағам келуші еді,
Жақсы жырмен толысып еңбектері.
Жырының танып білген ел қуатын,
Ақын еді жанға нұр толтыратын.
Жыр оқыса саңқылдап сол тірі ақын,
Тынымсыз тыпырлаған жел тынатын.
Үніне бөлеп дала, бел, қыратын,
Қол соғып қошеметтеп ел тұратын.
Танытып жырдың ғажап құдіретін,
Шығарған өрт өлеңі арқылы атын.
Санап басып аяғын кең көшеде,
Кетіп бара жататын Еркін ақын.
Мен білетін өрт ақын жігіт анық,
Өзі жоқ болғанымен жыры тарих.
Ерке ақын деп ел жұрты еркелеткен,
Бағалаған ақын деп ұлы халық.
Маң-маң басқан маңғазын дүйім елдің,
Қалай естен шығарып ұмыталық.
Ерке ақыны – қазақтың өрт ақыны,
Біздермен мәңгі бірге ІБІТАНОВ!!!
Мұхтархан Қалиұлы
Қарасазда қатар тұр
Күн мейірім сүйгендей көл бетінен,
Жырдың нұры төгілген келбетінен.
Еркіннің өлеңінің толқынында,
Теңіздегі кемедей тербетілем.
Маңдайымнан тұрғандай сүйіп күнім,
Арылғандай бойымнан күйік мұңым.
Мен Еркіннің өлеңін оқығанда,
Хантәңірдің сеземін биіктігін.
Сездірмеген сезімнің олақтығын,
Солдырмаған ойының сабақ гүлін.
Ерекең өрт тұтатқан өлеңімен,
Мойындатқан елінің жомарттығын.
Өлеңмен өрнектеген ұлық күнін,
Еркіннің өлеңінен сыр ұқты кім?
Айнадай көрсетіп тұр Ерекеңнің,
Өлеңі ел-жұртының тұнықтығын.
Жырмен емдеп сыздаған жұлын етін,
Жыр жазбаса жан-тәні бөлінетін.
Топ алдында толғанып жыр оқыса,
Таң асырған тұлпардай жүгіретін.
Кім қиянат жасаса қара өлеңге,
Қабағынан қар борап түңілетін.
Ешкімнің көңіліне қарамайтын,
Ақиқаттың арына жүгінетін.
Мұқағали ауылға келе қалса,
Көңілінің бұлты түрілетін.
Екі ақынның жандары егіз еді,
Кездескенде арман, ой бірігетін.
Ерке ақынның әдепті әзілінен,
Қазақтың салт-дәстүрі білінетін.
Ағасы Алматыға қайтқан кезде,
Жабырқап жалғыздығы білінетін.
Енді міне, қатар тұр Қарасазда,
Құдайдың қарасаңшы құдіретін.
Даубай Әбдісаев
Қасқа бұлақ
Жаз келсе де,
Тау басына бұлт үйір.
Долы боран, шамаң келсе шырқ иір?!
Қарасаздың құрсағына құт болып,
Нұрлы тамшы тамып түсті бір түйір.
Жаратты өзі,
«Ақын» деген асылды.
Күн шапағы шашу болып шашылды.
Табиғатқа тән дүниенің барлығын,
Жас бұлақтың жанарына жасырды.
Бүлкілдеді,
Сәби жүрек бұлақ бал…
Жаялықтай жайылды кеп құрақтар.
Сыр сақтамас жеңге сынды желменен,
Сүйіншілеп кетті жота, қыраттар…
Құстар сайрап,
Көлдің беті нұрланды.
Жасыл жайлау жұпары аңқып жырланды.
Қурап қалған құлықтарға су жетіп,
Қаталаған жанның бәрі бір қанды.
Қара жұртты,
Қара өлеңге қарық қып…
Қарасаздан жатты солай ағып құт.
Елшенбүйрек езбеді оның еңсесін,
Еркін ағып, кең көсілді жарықтық !
Мұқағали – мұзбалақпен мұңдасты…
Тұманбаймен «Тұмашым» деп сырласты.
Есенқұлды елеңдетсе екпіні,
Қадір ақын қадірледі құрдасты…
Алматы да,
Жүрмеді бас қатырып.
Ал туған жер таусылмайтын тақырып.
Қара өлеңнің қазығындай қағылған,
Хантәңірі алды өзіне шақырып!
Төскейге алып,
Теріскейді, күнгейді…
Ойдан, қырдан жырдың шоғын үрлейді.
Көшіп-қонып қойдан тапқан өрісін,
«Менің бабам қойшы болған біл» – дейді !
Ерке ақынға,
Есіп аққан ел сенді.
Хабар алдық әр ауылдан белсенді.
Тірілердің бар қайғысын көтеріп,
Ескерткіштер арасында теңселді…
Ақтарылды,
Ақ уызға жарытты.
Жыр тербеді тау жайлаған халықты.
Қасқа бұлақ шалғай жақта шапқылап,
Қара өлеңнің киесін де, иесін де танытты!
Мақсат ЕРЕЖЕП