Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің халықпен кезекті кездесуі Қонаев қаласына қарасты Қосқұдық ауылында өтті. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда алғашқы сөз кезегі Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановқа берілді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кері байланыс орнатуға, олардың өмір сапасының жақсаруына баса назар аударып келеміз. Биыл тұрғындардың өтініші негізінде қалада 21 үйдің шатыры, 15 үйдің қасбеті жөнделді. 15 ауланы абаттандыру жұмысы желтоқсан айына дейін аяқталады. Кербұлақ ауылында «Қонаев көркейту» мекемесінің демеушілігімен жаңа алаң салынуда. Шеңгелді ауылында шағын футбол алаңына резеңке жабынды төселді. Демеушілер көмегімен өрт сөндіру бекеті жанынан депо салынып жатыр. Қосқұдықта ветеринарлық өңдеуге арналған қоршау орнатылды. Кербұлақ пен Сарыбұлақта футбол алаңдарын жөндеу үшін байқау жарияланды. Қалада жаяу жүргіншілер жолына жоспарланған 600 шамның 300-і орнатылған. Шеңгелді ауылдық округі елдімекендерінің көшелеріне жарық тарту жобасы әзірленіп, сараптамадан өтуде. «Самал», «Ардагер» шағынаудандарында 33,2 шақырым электр және 2702 су құбыры желілері жылдың аяғына дейін жүргізіледі. Шеңгелдіде ауызсу тарту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Қаражат бөлу мәселесі қаралуда. Қонаевта Ривьераға апаратын жол мен Достық көшесі, 8 және 10-шағынаудандарда жол жөнделуде. «Көшпенділер қалашығына» жол салынып жатыр. «Қарлығаш» шағынауданында – 7,4 км жол, 8,5 км тротуар салынып, жарық орнатылуда. Шеңгелді ауылдық округі бойынша – 29,2 км жол жөнделуде, – деген шаһар басшысы құрылыс, жолаушылар тасымалы, әлеуметтік қолдау, қоғамдық тәртіп, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, газдандыру, жер қатынастары су тасқынының алдын алу бойынша қала көлемінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев 9 айда облыс бойынша әр салада жүзеге асқан толымды тірліктер жайлы баяндап, алдағы уақытта қолға алынатын ілкімді істердің жоспарымен бөлісті.
– Өткен жылдың қорытындысында облыстың жалпы ішкі өнім бойынша республикадағы көрсеткіші жоғарылады. Облыс аумағында еліміздегі ең ірі және әлемдегі төртінші «Алатау» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қонаев қаласында 96 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Қаладағы жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаның бірі – Қапшағай бидай өнімдері. Мұнда солтүстік облыстардан әкелінген бидай өңделіп, экспортқа шығарылатын болады, – деді облыс басшысы.
Одан әрі сөзін сабақтаған Марат Елеусізұлы өңірде «Ауыл аманаты», «Таза Қазақстан» бағдарламаларының жүзеге асуы және өндірістік аймақтар мен шағын және орта бизнестің дамуы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстар жайлы хабардар етті.
Қалалық мәслихат депутаты Иманғали Игісінов Шеңгелді ауылдық Мәдениет үйінің күрделі жөндеуді қажет ететінін және осы ауылдан облыстық деңгейдегі ипподром салынса деген өтініш білдірді. Одан кейін Қосқұдық ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бейсетай Қашақбаев негізінен теміржолшылар ғұмыр кешетін бұл ауылда бұрын өзекті болып келген жол, ауызсу, жарықтандыру мәселелерінің шешімін табуына ықпал еткені үшін облыс пен қала әкімдеріне алғыс айтты. Сонымен бірге ауылды теміржол бөліп жатқанын, тұрғындардың, әсіресе оқушылардың тоқтап тұрған пойыздардың астынан өтуге мәжбүр болып жүргенін, мұның өте қауіпті екенін, сондықтан арнайы өткел және ауылға Мәдениет үйі салынса деген тілегін жеткізді. Шеңгелді ауылының тұрғыны Қартбаба Момбеков «Алматы – Өскемен» күре жолы бойындағы Бөлек би монументі маңынан жаяу жүргінші жолағын орнату мен Кербұлақ ауылын дербес ауылдық округ жасауға ықпал етуін сұрады. Бақытбек Әбенов ақсақал Кербұлақ ауылына тоған суы керегін және егістік алқапқа су беретін №4 сорғы станса қызметінің көңіл көншітпейтінін алға тартты. Бірқатар тұрғындар кейінгі кезде ауылға көп көңіл бөлініп жатқанын айтып, облыс пен қала басшыларына ризашылықтарын білдірді.
Кездесуде қойылған сауалдардың көпшілігіне қала әкімі жан-жақты жауап берді. Асхат Ермекұлының айтуынша, Шеңгелді ауылын газдандыру бойынша тиісті жоба әзірленіп, қазіргі уақытта техникалық шарттарды алу кезеңінде тұр. Газдандыру толық 2028 жылы аяқталады. Шеңгелді ауылдық Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысы жобасы әзірленіп, №4 сорғы стансасының мәселесі келесі жылға дейін біржақты болады.
Облыстық деңгейде көтерілген бірқатар мәселе бойынша Марат Елеусізұлы сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қосқұдық ауылы,
Қонаев қаласы




