Перейти к содержимому
Главная страница » Жетістігіміз қайсы? Кемшілік неде?

Жетістігіміз қайсы? Кемшілік неде?

     Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген жиыны өтіп, онда биылғы жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылығының дамуы мен инвестициялар тарту мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер, мемлекеттік органдар мен мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.

Аталған алқалы жиында ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың ІІІ тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің атқарылуы, инвестиция тарту жөніндегі нақты көрсеткіштер жөніндегі баяндамасы тыңдалды. «Тоғыз айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі салаларда оң динамика сақталды, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,2 пайызға жетті. Атап айтсақ, құрылыс жұмыстары 21,1 пайызға, сауда – 18,5 пайызға, инвестициялар – 16,7 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 16 пайызға, өнеркәсіп – 9,3 пайызға, ауыл шаруашылығы 0,8 пайызға артты», – деді Рустам Маратұлы.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі аймақ дамуында кейбір олқы тұстардың барын жасырмады. «Тоғыз ай ішінде облыс экономикасына 756,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 16,7%-ын құрады. Дегенмен, бұл көрсеткіш жылдық жоспардың небәрі 56%-ын ғана қамтиды. Сондықтан инвестиция тарту қарқынын едәуір күшейту қажет. Бюджеттен тыс инвестициялардың үлесінің төмендеуі өткен жылы 81,7% болса, биыл 77,3% ғана. Бұл жеке капиталдың, бизнес пен инвесторлардың белсенділігі мен сенімділігінің төмендегенін көрсетеді», – деді Марат Елеусізұлы.
Келесі кезекте құрылыс жұмыстарының сапасы, уақытында аяқталмаған жобалар мен индустриялық аумақтарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың сөзінше, аймақ аумағында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 22 нысанның, ал «Келешек мектептері» бағдарламасы шеңберінде 11 нысанның құрылысы аяқталған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 901,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Әсет Масабаев газ тарту, жол салу, индустриялық аймақтарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісіне қатысты атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге де тоқталып өтті.
Экономиканың тұрақты дамуы тиімді логистика мен көлік инфрақұрылымының үздіксіз жұмысына тікелей байланысты екені анық. Сондықтан Марат Елеусізұлы бұл салаға баса назар аудару қажет екенін айтты. Сонымен қоса, құрылыс жұмыстарында қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетуге жол бермеуді, мердігерлік ұйымдардың статистикалық есептілігін ұсынуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Одан бөлек отырыста ауыл шаруашылығы саласының негізгі көрсеткіштерінің орындалуы және алдағы жылға жоспар мен субсидиялардың тиімділігі, су жүйелерін жандандыру мәселелері қаралып, мемлекеттік органдардың қызметіне жүргізілген тексеру нәтижесі бағаланды. Облыс әкімі ауыл шаруашылығының зор әлеуетіне қарамастан, жеткіліксіз өсім көрсеткенін, сондықтан тіректі саланың жұмысын ширата түсу маңызды екенін тілге тиек етті.
– Егіс алқаптарының қысқаруы, суармалы жерлерді игеру жобаларының баяу жүзеге асуы және ауыл шаруашылығы техникасының тозуы саланың жүйелі проблемаларына айналып отыр. Өткен жылы нақты көлем индексі 100,2% болғанына қарамастан, соңғы көрсеткіштер тек 94,8% деңгейінде. Мұндай жағдайдың қайталануына жол бере алмаймыз. Саланың халықты жұмыспен қамтуда және азық-түлік қауіпсіздігінде маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы әрі уақытында жинауды қамтамасыз етуді, жалпы жиналған өнім жоспарын орындауымыз шарт. Сонымен қоса, келесі маусымға негізгі дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайтып, инвестицияларды тартуды жандандыру мақсатында мал бордақылау алаңдарын, заманауи көкөніс сақтау қоймаларын салу керек, – деді негізгі саладағы кемшіліктерді тізбектеген Марат Елеусізұлы.
Кеңейтілген отырыста мемлекеттік органдарда жүргізілген тексеру нәтижелері баяндалды. Онда жер қатынастары, сәулет, коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту салаларында кемшіліктер анықталып, кінәлі тұлғаларға тиісті шаралар қолданылғаны айтылды. Аймақ басшысы туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік сала жұмысы ақсап жатқанын айтып, аталған бағытта жүйелі жұмыс жүргізу шарт екенін жеткізді. «Облыстың соңғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары негізгі бағыттар бойынша оң үрдісті көрсетіп отыр. Дегенмен, бүгінгі жағдайда экономикалық өсімнің сандық көрсеткіштерінен бөлек, сапалық тұрғыдан жаңару қажеттілігі айқын байқалады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында атап өтілгендей, экономиканы әртараптандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру енді жаңа технологиялар мен заманауи басқару тәсілдері арқылы жүзеге асуы тиіс. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мемлекеттік басқаруды мейлінше тиімді әрі нәтижеге бағытталған жүйеге айналдырудың басты құралына айналуда. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттік қызметшілердің жұмысында формализм мен енжарлық байқалады. Ендігі міндет – атқарушылық сипаттан арылып, бастамашылдық пен жауапкершілікке негізделген проактивті жұмыс үлгісіне көшу. Осы бағытта облыстың әрбір саласы қысқа мерзімді нәтижемен шектелмей, келешекке бағытталған ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға ұмтылуы қажет. Сонда ғана экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жаңа кезеңнің талаптарына сай тиімді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыра аламыз», – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.

Ерзат АСЫЛ