Консервіленген жүгері бүгінде көпшіліктің сүйікті тағамына айналған. Бірақ біз бұл дәмді өнімді өндірушілер арасында бәсекелестік өте жоғары екенін біле бермейміз. Соған қарамастан, ҚХР-да туған Халил Калер банкілерде сақталатын консервіленген жүгері ғана емес, аджика өндірісін жолға қоймақ.
2006 жылы тарихи Отанына оралған кәсіпкердің айтуынша, Қазақстанда үлкен шыдамдылық, шын ықылас және нақты әрекет болса, бизнеспен айналысу соншалықты қиын емес. Ол малшының отбасында дүниеге келгендіктен, жастайынан ауыл шаруашылығы маманы болуды армандайды.
– Осы арман жетегінде 2005 жылы Ланьчжоу университетін агроном мамандығы бойынша бітіріп, диплом алған соң, еш жерде жұмыс істемей Қазақстанға көшіп келдім. Атажұртқа келгеннен кейін бизнеспен айналысып, өз ісімді ашуды ұйғардым. «Талхиз-фуд» фирмасын ашып, соның директоры болдым. Сол кезде «Көкен-сауда» ЖШС-ның құрылтайшысы бізбен серіктес болуға ниет білдірді. Сөйтіп, екі фирма бірігіп, ортақ істі бастадық. Кеңдала ауылындағы Смыков көшесінен аумағы 1000 шаршы метр ғимаратты жалға алып, консервіленген жүгері өндіретін жабдықтар орнаттық. Жалпы құны 260 мың доллар болатын жабдықты Қытайдан өз қаражатыма сатып алдым. Консервіленген жүгері өндіру тек қана жаңа шикізатты талап етеді. Ол үшін тек пісу сатысындағы қантты сұрыптың сүтті собықтары ғана жарамды. Жүгерінің сол сұрпын өсіру үшін Іле ауданының Жетіген ауылынан 60 гектар жер телімін сатып алдым, – дейді Халил Калер.
Оның үстіне, қалбыр жасау үшін материал мен шикізатты (қаңылтыр табақтар) кәсіпкер Қытайдан әкеледі және арнайы дәнекерлеу аппаратында қажетті банкілерді дайындайды. Жүгері өндірісінің технологиясы айтарлықтай күрделі, сондықтан ол технологтар мен басқа да мамандарды Қытайдан шақыратынын да айта кеткен жөн. Бүгінде оның басшылығымен зауыт толық қуатта жұмыс істейді. Өндіріс жолға қойылған кәсіпорында 15 адам жұмыспен қамтылып, жақсы табыс тауып жүр. Бұл жерде айына 630 мың банкі консервіленген өнім шығарылады. Кәсіпкер егістік алқаптарына жиі барып, жүгерінің өсу барысын өзі тікелей бақылап отырады.
– Биылғы құрғақшылық пен қатты ыстық көп зиянын тигізді. 60 гектардың тек 25 гектарынан ғана өнім алдық, өкінішке қарай, қалғаны күйіп кетті, – дейді Халил Калер.
Консервiленген жүгерiнiң өндiрiстiк процесi жаңа піскен жүгеріні жинаудан басталады. Оны әдетте таңертең, ылғалдылық жоғары кезде жинайды. Бұл – дәндердің толық әрі шырынды болуын қамтамасыз етеді. Консервілеу үшін тек ең жақсы собықтар ғана іріктеледі, өйткені ақырғы өнім үшін дәннің сапасы маңызды рөл атқарады. Іріктеп алынған собықтар жедел түрде зауытқа жеткізіледі. Тәтті жүгеріні қайта өңдеу кезінде құрамында жоғары табиғи қанты бар сұрыптарды таңдауға ерекше назар аударылады. Ол тұтынушылар күтетін тәтті дәмді қамтамасыз ету үшін шешуші мәнге ие. Өндіріс процесі – тазарту, бланширлеу, салқындату, толтыру және стерильдеу сияқты бірнеше кезеңнен тұрады. Осы процесс барысында пломбалардың тұтастығын, өнімнің консистенциясын және консервіленген жүгерінің жалпы қауіпсіздігін байқау үшін сапаны бақылаудың қатаң шаралары қолданылады. Өндірістік және технологиялық талаптардың осындай егжей-тегжейлі орындалуына жіті назар аударып, толық қамтамасыз ету әрбір тәтті жүгері банкісі және тұтас дәнді жүгерінің жоғары сапа стандарттарына сәйкес келуіне кепілдік береді.
– Өндірістік процесс – бұл өнімнің табиғи дәмін, текстурасын және тағамдық құндылығын сақтауына кепілдік беретіндей мұқият орындалатын және бақыланатын үрдіс. Үздік собықтарды жинаудан бастап, соңғы жабу мен стерильдеуге дейінгі әрбір қадам жүгерінің сапасын сақтауға бағытталады, – дейді кәсіпкер.
Өнім «Көкен-сауда» ЖШС серіктестеріне өткізу арқылы сатылады, содан кейін олар базарларға, супермаркеттерге, дүкендер мен ірі сауда орталықтарына жеткізіледі. Кәсіпкер қызанақ пастасы, фунчоза, спаржа және жасыл бұршақ шығаратын тағы бір өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар кәсіпкер сол нысанда консервіленген аджика өндіруді қолға алды. Осыған орай өндіріске қажетті болгар бұрышы мен қызанақ толықтай жиналды. Енді содан айына 800 мың банкі аджика өндірілетін болады.
– Менің кәсіпкер ретіндегі міндетім – осы отандық өндірістің тиімділігің жоғары ету. Өйткені мемлекет отандық кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсеткенін қалаймын. Мен Қазақстанда 20 жылдан бері тұрамын және өзімді нағыз қазақстандықпын деп санаймын, – дейді сөзін түйіндеген Халил Калер.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
