Перейти к содержимому
Главная страница » Қазақстан ­– бейбітшілік алаңы

Қазақстан ­– бейбітшілік алаңы

Қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайында мемлекеттердің тиімді халықаралық ынтымақ­тастық орнатуы, тату көршілік қатынастарды нығайтуы және әртүрлі ел мен өңірлер арасында диалог алаңын құруы ерекше маңызға ие болып отыр. Қазақстан Республикасы көптеген жыл бойы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған көпвек­торлы сыртқы саясатты дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Бұл саясат өңірлік деңгейде де, жаһандық деңгейде де табысты жүргізілуде.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынасты сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Еуразиядағы маңызды көлік және экономикалық бағыттардың тоғысқан жерінде орналасқан еліміздің географиялық жағдайы жақын серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатуды талап етеді.
Қазақстан Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып, өзара сенімді нығайтуға және экономика, энергетика, су ресурстары, экология мен қауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ықпал етуде. Дәйекті дипломатиялық саясаттың арқасында республика өзара құрметке, тең құқықтылыққа және барлық тараптың ұлттық мүдделерін ескеруге негізделген берік тату көршілік қатынастардың іргетасын қалыптастырды.
Қазақстанның өңірлік интегра­циялық үдерістерді дамытуға қатысуы ерекше маңызға ие. Бұл үдерістер экономикалық өзара байланыстар деңгейін арттыруға және мемлекет­тердің орнықты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Біздің еліміз көптеген халықаралық және өңірлік ұйымдардың белсенді қатысушысы болып саналады. Бұл елімізге мемлекеттер арасындағы саяси және экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға сеп болуда. Республика сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге, көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға және өңірдің инвестициялық тартым­дылығын арттыруға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдайды.
Еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі – Еуропа мен Азияны байланыстыратын халықаралық көлік дәліздерін дамыту. Ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығай­тып, халықаралық сауданың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Сонымен қатар Қазақстан өңірлік қауіпсіздік мәселелерін шешуге, трансұлттық қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауға және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысуда. Мұндай ұстаным өңірлік ынтымақтастыққа қатысушылардың мүдделеріне сай келетін тұрақты әрі болжамды өзара әрекеттестік кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазақстанның халықаралық қыз­ме­тінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттер арасындағы сындарлы диалогты дамытуға жәрдемдесу. Салмақты әрі ашық сыртқы саясатының арқасында еліміз сенімді серіктес және маңызды халықаралық мәселелерді талқылаудағы делдал ретінде беделге ие болды.
Қазақстан мемлекеттер арасын­дағы өзара түсіністікті нығайтуға және өзекті мәселелердің бейбіт шешімдерін іздеуге бағытталған халықаралық форум­дардың, конферен­циялардың және келіссөз алаң­дарының бастама­шысы ретін­де бірнеше рет танылды. Ел дипло­матия, өзара сенім және халық­аралық құқықты құрметтеу идеяларын дәйекті түрде алға тартып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамта­масыз етудегі ұжымдық күш-жігердің маңыздылығын атап көрсетіп келеді.
Елімізде мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты дамытуға ерекше назар аударылған. Қазақстан түрлі этнос пен діни конфессия өкіл­дерінің бейбіт өмір сүруінің табыс­ты тәжірибесін көрсетіп, көптеген мемлекет үшін төзімділік пен қоғамдық келісімнің үлгісі болып отыр.
Қазақстанның халықаралық қызметі – Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды факторы. Тату көршілік қатынастарды дамытуға бағытталған дәйекті саясат, өңірлік интеграциялық үдерістерге белсенді қатысу және сындарлы халықаралық диалогқа ұмтылыс еліміздің қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды орын алуына мүмкіндік береді.
Жаһандық сын-қатерлер жағ­дайында Қазақстан бейбіт өзара іс-қимылдың, өзара тиімді әріптестік­тің және өзекті мәселелердің шешім­дерін бірлесіп іздеудің жақтаушысы болып қала береді. Бұл еліміздің халық­аралық аренадағы беделін нығайтып, өңірлік және жаһандық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына берік негіз қалайды.

Қуат Қайранбаев