Перейти к содержимому
Главная страница » Экология мәселесі талқыланды

Экология мәселесі талқыланды

     Қаскелеңдегі аудан­дық кітап­хананың коворкинг орталы­ғында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері тұрақты даму, қалдықтарды басқару және климаттың өзгеруі сынды маңызды тақырыптар бойынша кездесу өткізді. Іс-шара «ЭкоДиалог» жобасы аясында ұйым­дас­тырылды.

Жиын барысында ерекше назар ауылдық жерлердегі қалдық мәселесіне аударылды. Халық санының өсуі, жеке сектордың дамуы, табиғи қоқыс төгетін жерлердің пайда болуы, қоқыс полигонының жетіспеушілігі және заманауи қайта өңдеу инфра­құрылымының жоқтығы қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіретіні айтылды. Бұл тек экологиялық тәуекелдер тудырып қана қоймай, халық денсаулығына, таза ауызсуға қолжетімділікке және жалпы өмір сапасына әсер етеді.
Шараға қатысушылар Қарасай ауданына арналған 2025-2028 жыл­дарды қамтитын коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасымен танысты. Онда қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған жоғары технологиялық «Айтей» кешенді алаңын салу қарастырылған. Сонымен қатар экотехнопарк құру да жоспарланған.
Сарапшы Ольга Мельникова климат­тың өзгеруі мен қалдық мәселесі­нің байланысын атап өтті. Оның салдары ауылдық жерлерде айқын сезілетінін, ауыл шаруашылығы циклдерінің бұзылуына, су тапшылығына және санитарлық жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар жиында әйелдер мен жастарды экологиялық бастамаларға тартудың маңыздылығы да кеңінен сөз болды.
Гендерлік мәселелер мен фан­д­рай­­зинг бойынша сарапшы Гүлнара Тойшынова экологиялық жобалар­дың қаржылық тұрақтылығы мен халықаралық гранттық мүмкін­діктерді таныстырды. Бұл үкіметтік емес ұйымдарға ұзақ мерзімді даму стратегиясын құруға жол ашады.
Шараға қатысқан мемлекеттік органдар өкілдері де өз пікірлерін ортаға салды. Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Молдамсейітова жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың экология мәселесінде бірлесе жұмыс істеу керек екеніне тоқталды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Асылхан Өмірбек қоғамдық диалог мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтты.
Жиын соңында мемлекеттік емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы тиімді ынтымақтастық механизмдері талқыланды. Сонымен қатар қалдықтарды басқару жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар да тыңдалды.
Мұндай жиындар тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларды қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамуды қамтамасыз ететін нақты шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы