Перейти к содержимому
Главная страница » Ел бірлігі – ең үлкен қазына

Ел бірлігі – ең үлкен қазына

     Бүгінгі күннің басты талабы – қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді, ашық диалогты және жауапкершілікке негіз­делген қарым-қатынасты қалыптастыру. Президент бекіткен ішкі саясаттың жаңа қағидаттары – ел бірлігін сақтап, тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Бұл бағыттарды жергілікті деңгейде тиімді іске асыру – әрбір мемлекеттік қызметкердің, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Сондықтан зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын», – деген еді.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желідегі шектен тыс ақпарат тасқыны жас ұрпақтың санасына әсер етіп, оларды ұлттық болмыстан алыстатып барады. Кітап, газет-журнал оқитын жастардың азаюы – ой тереңдігінің, сөз қадірін түсінудің төмендеуіне алып келуде. Пейіл тарылып, сөздің салмағы жеңілдеп, сөз бен істің арасындағы алшақтық көбейіп, халық пен билік арасындағы сенімге сызат түсе бастады. Осындай келеңсіз құбылыстардың өршуіне тәрбие жұмысының әлсіздігі және оның жүйелі түрде жүргізілмеуі айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын сақтау мен дамыту ең алдымен дұрыс тәрбиеге байланысты. Сондықтан тәрбие үдерісіне зиялы қауымның әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Ауыл белсенділерімен бірлесе отырып, тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру, халықпен етене араласу – қоғамдағы сенімді арттырып, билікке деген көзқарасты жақсартуға ықпал етеді. Мемлекет басшысы да идеологиялық қызметкерлерге білім мен тәжірибені жетілдіру, ой ұшқырлығын арттыру, бастама көтеруге батыл болу қажет екенін айтып, ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға үндеген еді. Осындай кездесулер мен басқосулар белсенділерге бағыт-бағдар беріп, тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды меңгеруге жол ашады. Сонымен бірге, жастардың шыңдалып, аға буынның ізін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Әрбір ауылдағы ақсақалдар, белсенді азаматтар, кәсіпкерлер қоғам өміріне белсене араласып, түрлі іс-шаралар өткізуге, тәрбие жұмысына ақыл-кеңес беруге, теріс қылықтарды тежеуге атсалысуы тиіс. Шелек өңірінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жолға қойыла бастағаны қуантады. Қазір 11 ауылдық округте белсенділер тобы құрылып, қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіру көзделіп отыр. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» дегендей, бұл бастама тұрғындардың қолдауына ие болды.
Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл – ел дамуының өзегі. Облыс, аудан басшылары ауылдық округтерге келіп, халыққа есеп береді. Алайда осындай жиындарды колледж студенттерімен, мектеп мұғалімдерімен, техникалық қызметкерлермен толтыруға тырысады. Дәл осындай жағдай Парламент және мәслихат депутаттары келгенде орын алып жатады. Әкім есебі жұртшылық үшін жасалатынын ұғынатын мезгіл жетті. Осыған байланысты ауыл әкімі аппараты өте маңызды саяси іс-шараларға аудиторияны даярлауға үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Біз тәуелсіздік алғаннан бері экономиканы дамытуға көңіл бөлініп, идеологиялық жұмыстың әлсіреп кеткеніне реніш білдіріп жүрген едік. Оны естігендей, ел Президенті «ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту» туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жан-жақты қолдауға тұратын, дер кезінде қабылданған Жарлық деп есептейміз. Алайда идеологиялық жұмыс жарлықпен ғана орындалмайды. «Заң нашар болса да, жақсы шенеуніктермен ел басқаруға болады, шенеунік нашар болса, жақсы заң да көмектеспейді» деген сөз бар.
Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын теңдей етіп дұрыс бөлуге, халыққа әлеумет­тік көмек көрсетуге, сондай-ақ толғандырып жүрген басқа да мәселелерге баса назар аударады. Олар биліктен осы мәселелерге байланысты нақты жауаптар күтеді. Біздің пайымдауымызша, ішкі саясаттың негізгі бағыттарына ел бірлігін нығайту, әр отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, мемлекеттің әр азаматын жұмыспен қамту, прокуратура тарапынан жемқорлықтың тамырын қию, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықбұзушылыққа, заңды бұрмалауға мүлде төзбеу, қоғам тазалығына кол жеткізуді де жатқызуға болады.
Мемлекет басшысы Жаңа Қазақ­станды азамат­тық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Азамат­тардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін ұдайы айтып келеді. Бүгінгі әлеумет­тік-экономикалық жағдайларға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оны шешу жолдарын да көрсетіп берді. Біз қазақ – кеңпейіл, қонақжай халық деп бөркімізді аспанға атамыз. Бірақ жүректерге жол табу, адамды бауырым деп санау, қиын-қыстауда қамқор болуды сандықтың түбінде ұмыттық. Кең болсаң, кем болмайсың дегендегі кеңшілік жағы бізде әлі де жетіспей жатқаны жасырын емес. Алдыңа келген адамның өтінішіне құлақ сал. Қолыңнан ештеңе келмесе, жылы сөзіңді айтып, шығарып сал. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», – деп Абай ақын айтпақшы, халықтың үніне құлақ асатын мықты мемлекет­ті мықты адамдар қалыптастырады. Сөз түзелмей, адам түзелмейді, ұлт болып ұйыса алмайды. Сөз бұзылса, адам да бұзылады, ел ішіне іріткі түсіп, тыныштық кетеді. Сондықтан да адамзат ойының алыптары адамды адам ретінде сақтап келе жатқан сөздің құдіреті алдында бас иіп, сөзді түзеуге шақырып отырған. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. Ел бірлігін нығайтатын қағидаттар бекітілді. Енді соны халықтың санасына жеткізіп, ары қарай жүзеге асыру керек. Жақсылықты бізге біреу келіп жасап бермейді. Өмір күтуден емес, қозғалыстан тұрады. Өмір – ұзақ жол, ал адам – жолаушы. «Қарекет еткеннің қайыры бар» демекші, бізге талпыныс керек.

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы