Перейти к содержимому
Главная страница » Еліне сіңірген еңбегі зор

Еліне сіңірген еңбегі зор

     Қонаев қаласында жаңадан бой көтерген бірқатар шағынауданда әлі көше атаулары жоқ. Солардың бірі – «Рауан» шағынауданы. Жуырда осы өңірдегі «1-линия» деп аталып келген көшеге облыс әкімдігінің қаулысы және облыстық мәслихаттың шешімімен қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдары саласында елеулі еңбек еткен Әбдіқадыр Нұрмағанбетовтің есімі берілді.

Әбдіқадыр Нұрмағанбетов 1932 жылы 20 желтоқсанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. Түркістан педагогикалық училищесін бітіріп, еңбек жолын мұғалімдік қызметтен бастаған. Алматы мемлекеттік заң институтын тәмамдағаннан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімінде тергеуші, аға-тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Свердловск қаласында Мемлекет­тік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы мектебін бітірген. Қызылорда, Жамбыл облыстарын біріктіріп, орталығы Шымкент қаласы болған Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комите­тінде және Қазақстан орталық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған. 1973 жылы жаңадан ашыл­­ған Маңғыстау облысының тұңғыш прокуроры болған. 4 жылдан соң Алматыға ауысқан. Кейіннен Талдықорған облыстық прокура­тура­сын басқарған.


Ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен Әбдіқадыр Ібенұлы «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі» және басқа да көптеген медальмен, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамо­тасымен марапатталған. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы­ның және Алматы облысының Құрметті азаматы атанған. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі, заңсыздықпен күресу ісіне қосқан үлесі, жас мамандарды тәрбиелеудегі белсенділігі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және ҚР Бас прокурорының Алғыс хаттарын иеленген. 2004 жылы болашақ заңгерлер үшін Отанға адал қызмет көрсетудің жарқын үлгісі іспеттес «Орындалған арман» атты кітабы жарық көрген.
Көше атауы берілуіне арналған салтанатты рәсімге Қонаев қала­лық мәс­лихат төрағасы Серік Нұрқадыров, прокура­тура ардагерлері, полиция қызметкерлері, Әбдіқадыр Нұрмағанбетовтің ағайын-туыстары қатысты.
Жиында алғашқы болып респуб­ликалық прокуратура ардагерлері кеңесінің төрағасы, генерал-майор Әсет Әділхан сөз алып, Әбдіқадыр Нұрмағанбетовтің өмір жолына тоқталды. Ол өзінің қызметін Алматы облы­­сында бастағанын, сол кезеңде Әбдіқадыр Нұрмағанбетов тәлімгер болып, бағыт-бағдар көрсетіп, қолдау білдір­генінің арқасында бүгінгі таңда генерал атанғанын атап өтті. Әсет Малғаждарұлы сөзінің соңында айтулы тұлғаның құқықтық тәртіп жүйесі мен мемлекеттік басқару саласындағы еселі еңбегінің еленіп жатқанына риза­шылығын білдірді.
Келесі кезекте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, академик Мұрат Жұрынов пен ҚР «Генералдар кеңесі» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігі төрал­қасының төрағасы, запастағы генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіқадыр Нұрамағанбетовтің талап­шыл­дықты, кәсібилік пен қарапайым­дылықты үйлестіре білген азамат екенін айтты.
Әбдіқадыр Нұрамағанбетовтің зайыбы Феруза Мұсаева да сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті. Екеуі төрт ұл тәрбиелеп, қазір олар әр салада қыз­мет атқаратынын тілге тиек етті. Отағасы­ның қай қызметте де адал­­дықтан айнымағанын, Алматы қаласын­дағы прокуратура ғимараты­ның салынуына бастамашы болғанын, көше атын беріп жатқан облыстық әкімдік пен мәслихатқа алғысын жеткізді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы