Кезекті баспасөзге жазылу науқаны да басталды. Өз басым бала күнімнен газетті жаздырып алып оқимын. Біздің қатарластарымыздың көпшілігі бұл үрдісті әлі де жалғастырып келеді. Осы орайда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі жергілікті басылымға қолдау көрсетуді өзімізге парыз тұтып, «Алатау арайы» газетінің редакциясымен тығыз әріптестік байланыс орнатуды жөн санап отырмыз.
Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының дұрыс бағаланып, қоғамдық пікірдің дұрыс қалыптасуында «Алатау арайы» газетінің өзіндік орны бар. Заман көшіне ілесіп, уақыт талабына сай еңбек етіп жүрген газет ұжымы барлық саладағы оң өзгерістер мен жарқын жетістіктердің жаршысы болуда. Ғасырдан астам тарихы бар облыстың айнасы саналатын бұл басылым бетінде әрдайым дәйекті дәлелдерге негізделген халық көкейіндегі мәселелер қозғалып, тарихи тұлғалардың өмірі мен оқырманның көңілінен шығатын әдеби-танымдық мақалалар, кейінгі буынға өнеге болар әңгімелер, сараптама, ақындардың жыр-шумақтары жарық көруде. 105 этнос өкілі тұратын облыста бірлік пен этносаралық татулықты насихаттайтын мақалалар да жиі жарияланады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде кітап пен мерзімді басылымдарды оқымаған жас ұрпақтың рухани құлдырауға ұшырау қаупі төніп тұрғаны жасырын емес. Ондай дерттің алдын алу үшін газет-журнал оқудың маңызы зор. Өйткені газет оқу – руханияттың қайнар көзі. Сондықтан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесінің мүшелерін, еңбек ардагерлерін, ақсақалдарды «Алатау арайы»» газетіне жазылуға шақырамын. Ілкі буын өкілдері жергілікті басылымға жазылудың маңыздығын жете түсініп, облыстың төл газетіне қолдау білдіруде кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болады деп сенеміз.
Амангелді Беспаев,
облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы




