Перейти к содержимому
Главная страница » Шекаралы өңірде шешімін күткен мәселе көп

Шекаралы өңірде шешімін күткен мәселе көп

     Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев жұмыс сапарымен Райымбек ауданында болып, қоғам белсенді­лерімен кездесті. Жиында өңірде атқарылып жатқан іс-шаралар, шешімін күткен өзекті мәселелер талқыланды. Шараға Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Жанарбек Жақсылық, аудандық мәслихат хатшысы Самат Мүсірбаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағалары, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, мекеме, ұйым өкілдері қатысты.

Кездесуде Ғани Айдарұлы қоғам­дық ұйымдар мен атқарушы билік арасындағы байланыстың ел дамуын­дағы маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда ғана жарияланған «ҚР Ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығында көрсетілген мақсат-міндеттерге қысқаша тоқталды. Ішкі саясаттың мақсаты – ел бірлігін нығайту, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Ең басты идея – баршаға бірдей мүмкін­дік беретін өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру.
Қоғамдағы тұтастық пен татулық­тың, ұлттық құндылықтардың бүгінге дейін қаз-қалпында сақталуы – көпті көрген көнекөз қариялардың ақыл-кеңесі мен парасатты пайымының жемісі. Ел ішінде ізгілік пен ынтымақты нығайту жолында ақ жаулықты аналар мен ел ағалары, сондай-ақ қоғамдық кеңестер институты белсенді атсалысып, бірлік пен берекенің сақталуына үлес қосып келеді. Облыс әкімінің орынбасары осынау ортақ мүдде жолында аянбай еңбек етіп жүрген қазыналы қарияларға деген құрмет ешқашан төмендемей­тінін айта келіп, оларға ыстық ықылас, шынайы алғыс сезімін білдірді.
Келесі кезекте сөз тізгінін Райымбек аудан­дық ақсақалдар алқасының төрағасы Медетқан Абиыров ұстады.
– Біздің аудан облыс орталығы­нан 390 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл қазақ жерінің ең биік нүктесі, талант пен тектілік­тің сим­волына айналған, қазақ поэзия­сының Хантәңірі атанған өңір екені белгілі. Халқымыздың кемелденуі мен ұрпақ болашағының жарқын болуы жолында аянбай еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақ әдебие­тінің көрнекті өкілдері, қарымды қаламгерлер, ел экономикасының дамуына маңдай терін сіңірген еңбек ерлері – бәрі де осы өңірден шыққан бірегей тұлғалар, туған жер­дің мақтаныштары. Елдің береке-бірлігінің нығаюына негіз қалаған да – осындай дара перзенттердің өнегелі жолы мен қайраткерлік еңбегі. Шалғайда жатса да шырағы жарық, экономикасы өркендеген, мәдениеті жоғары, әл-ауқатының жақсара түсуі – сол асыл азаматтардың салып кеткен сара жолының, солардың өнегесін жалғастырушы ұрпақтың ұлағатты істерінің нәтижесі. Бұл тұрғыдан алғанда, таулы өлкені ештеңеден құралақан қалды деуге негіз жоқ. Дегенмен бүгінгі уақыт талаптары­мен салыстырғанда, ел тұрмысын жақсартуда әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес, – деді ол.
Ауданның көрші ауданға екі-үш мәрте қосылып, кейін қайта бөлінуі өңірдің экономикалық тұрғыдан кері кетуіне әсер етті. Соның салдарынан ауылдық жерлердің мәдениеті мен тазалығы төмендеп, жастар тәрбиесіне қатысты жұмыстар босаңси түсті. Жұмыс орындарының азаюы да тұрғындардың жан бағу қамымен басқа өңірлерге көшуіне себеп болғаны белгілі. Аудан қайта келіп, экономикасы мен әлеуеті, мәдениеті жақсарғанымен, көші-қон әлі тоқтаған жоқ. Егер кереғар құбылыс осылай жалғаса беретін болса, болашақта бұл өңірде ешкім қалмауы мүмкін. Осындай әлеуметтік саланың қиындығы басым болып тұрған жерде қоғамның қозғаушы күші саналатын жастар мәселесі де күрделене беретіні анық. Сондықтан елдің шеті, желдің өтінде, көрші мемлекетпен шектесіп жатқан ауданға шекаралық аймақ мәртебесі берілуі қажет. Бұл мәселе кезек күттірмеуі тиіс. Аталған жайт жүйесін табар болса, еңбекақы төлемдеріне үстеме қосылуына, өнеркәсіп орындарының ашылуына, сол арқылы күнкөрістің жақсаруына жол ашылатыны сөзсіз. Айтылғанына 6-7 жыл болған елдімекендерді газдандыру да сөз күйінде қалып келеді. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Ғани Майлыбаевқа осы мәселелерді тиісті орындарға жеткізіп, оның жүзеге асуына көмектесуін өтінді.
Өз кезегінде сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Айыпжан Қаптағаев та көші-қон мәселесіне айрықша тоқталды. Мектептерде бұрын әр оқу жылын 100-ден аса түлек бітіріп шығатын болса, қазір бұл көрсеткіш 10-15-тен аспайтын дәрежеге жеткен. Мектептердің материалдық-техникалық базасы да көңіл көншітпейді. Күрделі жөндеуге бөлінген қаражатты ұтып алған компаниялар міндетті жұмыстарын өз мәнінде атқармай отырғанын, нәтижесінде Көмірші, Көксай орта мектептерінің жөн­деу жұмыстары аяқсыз қалғанын, К.Байшығанұлы атындағы орта мектеп­ке күрделі жөндеу қажет екенін Ғани Айдарұлының есіне салды.
Келесі кезекте мінбеге көтерілген «AMANAT» партиясы Райымбек аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Әріпова, аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова, ауданның ардақты ақсақалы Нұрлан Әкімбайұлы жер-су аттарын өзгертіп, тарихи атауларын қайтару, тарихи-өлкетану музейін ашу, аналар кеңесіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың өміршеңдігі, шаруалардың қол­дарындағы ауыл шаруашылығы өнім­дерін қабылдайтын арнайы өнеркәсіп орындарын құру, тазалық пен мәдениетті көтеруге бағыт­талған шараларды жандандыру керектігін алға тартты.
Қоғам белсенділерімен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орынды екенін атап өткен Ғани Майлыбаев олардың барлығы тиісті орындарға жеткізілетінін айтты. Әлеуметтік сала бағытында ұсыныс-пікір білдірген қоғамдық ұйым жетек­шілеріне, ақсақалдар қауымына және жиынға белсене қатысқан тұрғын­дарға ризашылығын білдірді.

Жұмабек ТҰРДИЕВ

Райымбек ауданы