Перейти к содержимому
Главная страница » Тұрғындар тілегі ескеріледі

Тұрғындар тілегі ескеріледі

     Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Тасашы ауылының тұрғындары алдында есеп берді. Онда ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен таныстырып, алдағы атқарылатын жұмыстарды баяндады. Кездесуді аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман жүргізіп отырды.

Аудан әкімі Нұрбақыт Молдахмет­ұлы өткен кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешімін тапқанын тілге тиек етті.
– Ауданда әр сала бойынша халықты толғандырған 193 мәселенің картасы дайындалды. Оның 61-і орындалды, 47-сі орындалу сатысында, 85-і кезең-кезеңімен шешілмек. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша салық түсімі 8 млрд 79 млн теңгені құрап, жоспарланған 7 млрд 337 млн теңгенің 90,8 пайызы орындалды. Бюджеттің шығыс бөлігі есепті кезеңде 10 млрд 462 млн теңгені құрап, 64,4 пайызға игерілді. Өңірде жол, құрылыс, тұрғын үй саласы бойынша көптеген жұмыс атқарылуда. Былтыр Тасашы орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, биыл материалдық базасы жаңартылды. Ауылға әкімдік ғимаратын салу үшін 349 млн 500 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. Тұрғындар тарапынан ауызсу мәселесі жиі көтерілген болатын, биыл бұл да шешімін тауып, ауылға су құбырлары тартылуда. Республикалық «Кеген–Нарынқол» күрежолын жасау үшін мемлекеттен 4 млрд 300 млн теңге қаржы қарастырылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы арқылы Сарыжазға дейін 32 шақырым жол жасалды. Қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында елдімекендерге бейнекамералар орнатылып, іске қосылды, – деді ол.
Есеп беру барысында аудан басшысы ауызсу, құрылыс, жерді тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелер, жұмыспен қамту, шағын несие беру, инвестициялық жобалар, денсаулық сақтау, білім беру сияқты барлық сала бойынша толыққанды мәлімет берді.
Былтыр тұрғындар тарапынан көтерілген тағы бір мәселе Жоғарғы Тасашы ауылындағы М.Мақатаев көшесінің 700 метр жолын жасау болатын, ол да шешімін тапты. Көшені асфальттау үшін 25 млн теңге қаржы бөлінді.
Көшелердегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Тасашы, Ақтасты ауылдарының 8 учаскесіне жол белгілері қойылды. Сонымен қатар, Тасашы ауылдық округі бойынша көшелерге жарық шамдары орнатылып, Тасашы, Ақтасты ауылдарында Жастар саябағы салынды.
Тұрғындар да өз өтініш-тілектерін ортаға салды. Ауыл тұрғындары Рамазан Мырзағалиев, Аятбек Сәрсеев, Нұрғанат Тарпаңбаев жайылымдық және шабындық жер мәселесі мен Сарыкөл елдімекеніндегі жолдың нашарлығын алға тартты. Аудан әкімі жер мәселесі бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысына тапсырма берді. Қойылған барлық сауалға жауап берген Нұрбақыт Молдахметұлы барлық мәселе кезекпен шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ жиын барысында сөз алған аудандық мәслихат депутаты Ерғали Тәліпов салынып жатқан құрылыс нысандары­ның сапасына баса назар аударсақ деген ұсынысын жеткізді.
Кездесуден соң Кеген ауданының әкімі жеке қабылдау өткізді. Онда көпбалалы ана Жұлдыз Шалағызова тұрғын үй кезегіне тұруға өтініш білдірсе, ауыл тұрғыны Әмзебек Нұрбүбі жер құжатын рәсімдеу, жерлерді ортақ жайылымға қайтару мәселелерін көтерді. Жеке қабылдауда айтылған өтініштер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма берілді. Бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табатын болады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы