Перейти к содержимому
Главная страница » Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау зор

Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау зор

   Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Онда қоғамдық ұйымдардың жұмысы, алдағы жоспары талқыланды. Шара азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдардың өзара байланысын нығайтуға бағытталған.

– Қазіргі кезде үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде қоғамдық қорлар мен бірлестіктердің қатысуымен әртүрлі әлеуметтік маңызы зор жобалар іске асуда. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге айрықша үлес қосуы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығында елдің ішкі саяси дамуын, стратегиялық бағытын айқындай отырып, бірлік пен келісімді сақтау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, мемлекеттік бақылаудың ашықтығын арттыру сияқты негізгі қағидаттарды бекітті. Онда үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік қарым-қатынасты одан әрі жетілдіру, азаматтық бастамаларды қолдауды күшейту, жастар мен еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше назар аудару көзделген. Бұл шара мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сенімді арттырып, тұрақты дамуға ықпал етеді. Денсаулық сақтау, гендерлік теңдік, қоғамдық келісім, жалпы ұлттық бірлікті нығайту жұмысында осы ұйымдардың нәтижелі ісін көргіміз келеді. Олар қоғамның айнасы ғана емес, ел дамуы жолындағы сенімді серіктес деп есептеймін, – деді Ғани Айдарұлы.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Жақыповтың айтуынша, өңірде барлығы 512 үкіметтік емес ұйым тіркелген. «Оның ішінде 319 қоғамдық бірлестік және 193 қоғамдық қор жұмыс істейді. Дегенмен жүргізілген талдау бойынша олардың тек 51-і белсенді түрде қызмет атқарып келеді. Ал аталған құрылымдардың мүддесін қорғау, ақпараттық қолдау көрсету мақсатында облыста «Азаматтық Альянс» қызмет атқаруда. Өткен жылы ішкі саясат басқармасы 53,5.млн.теңгеге.6 әлеуметтік жобаны қолға алса, биыл 31,6 млн теңгеге 4 жобаны іске асыруда. 2023 жылғы 7 сәуірде облыс әкімдігінің №114 қаулысымен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес құрылған. Құрамында 22 адам бар. Онда жыл сайын облыс аумағына қажетті мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың маңызды тақырыптары айқындалады», – деді Ерлан Жұмашұлы.
Шара барысында «Жергілікті қауым­дастықтардың тұрақты дамуы» қоғамдық қорының төрағасы Елена Кеңесова мен «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Әділет Айтқазы өз жұмыстары жайлы баяндама жасады. Әрі қарай түйткілді мәселелер талқыланып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Олар «Азаматтық Альянс» пен қоғамдық кеңесті бір адам емес, екі бөлек басшы басқарса деген ұсыныстарын білдірді.
Жиынды қорытындылаған Ғани Майлыбаев қандай да бір туындаған кедергілерді ашық талдап, шешу жолдарын бірге қарастырып, үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі жұмыс істеу керегін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай кездесулер жиі өткізіліп тұратынын және кез келген мәселені тыңдап, мәнді ұсынысты қолдауға дайын екенін жеткізді.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА