Мен Алланың берген жасы 83-темін. Осы өмірімнің жарты ғасыры жас ұрпаққа тәлімді тәрбие берумен, тоқ етерін айтқанда, ұлағатты ұстаздықпен өтті. Көзім ашылып, көкірегім оянғаннан күнделікті баспасөзге барынша бауыр басып кеткенімді үлкен бақыт санаймын. Күні бүгінге дейін қазақ тіліндегі бар басылымға үздіксіз жазылып, қалт жібермей, қадағалап отырамын. Бұл қалыптасқан дәстүрді менің замандастарым мен қатарластарым да осылай іс жүзіне асырып отырады деген берік сенімдемін.
Қазақта «Ойды ой қозғайды» деген таптырмас тамаша сөз тәмсілі бар. Мен өзімнің ғасырдан астам тарихы бар «Жетісудың» орнына Алматы облысында шығып жатқан «Алатау арайы» газетін жаздырып алудан ешқашан шет қалған емеспін. Оның таяудағы сандарының бірінен өзім сырттай білетін, менімен құралпас облыстық Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаевтың «Газетке жазылуға шақырамын!» деген оқырмандарға жолдаған үн қатуын оқып, кәдімгідей ой құшағында қалдым.
Расында да, Амангелді бауырымыз облыс оқырмандарының жүрегінен жол тауып келе жатқан сүйікті газетіміз жайлы ағынан ақтарылыпты. Мен де оның ойы мен пікіріне қуана қосыламын. Облыста болып жатқан жаңалықтарды былай қойғанда, газеттің көтеріп келе жатқан көкейкесті мәселелері де өте ауқымды әрі салмақты. Ондай ой саларлық материалдар мен алуан жанрдағы мақалаларды оқыған сайын кәдімгідей желпініп, сергіп қаламыз. Әйтеуір газет бетінен күтіп жүрген дүниелерді табасың.
Газеттің ұқыптылығы мен құнттылығын арнайы беттерден, тұрақты жарық көретін айдарлар мен жаңа жобаларынан айқын көруге болады. «Алатау арайы» газетінің облыстағы ардагерлер өмірін назардан тыс қалдырмауын қуана атап өтер едім. Өйткені газет ішінен шығып тұратын «Ардагер» газетінің қамтып отыратын дүниелері мазмұндылығымен, жүйелі орналасуымен тартып тұрады. Бұл бетте ардагерлерге қажетті руханият қазынасына кең-молынан сусындай аласыз. Газет осы ұстанымымен де құнды.
Міне, жыл аяқталып келеді. Бұл дегеніңіз, бір жағынан, қажетті басылымдарыңызға жазылу басталды дегенді білдіреді. Демек, кім де болса қапы қалмаудың қамын ойлайды. Мен осы жағынан алғанда, Алматы облысының ресми төл басылымы – «Алатау арайы» газетіне тек өзім ғана жазылып қоймай, өзім басшылық жасап отырған ауылдық ардагерлер ұйымын да жаздыруға бекем бел будым. Мен мұны өзімнің ақсақалдық парызым деп сезінемін.
Леміс ӘБДІКЕРІМОВ,
Райымбек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы,
Қарасай ауданының Құрметті азаматы
