Оразалы Досбосынов – айтыс өнерін жаңа белеске көтерген суырыпсалма ақындардың бірегейі. Халықтың көкейіндегісін дөп басып, оны сөзбен өрнектегенде ел сүйінді. Найзағай жырдың иесі тірі болғанда 50-ге келер еді. Осыған орай Алматыдағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында «Жыр жүйрігі – Оразалы» атты еске алу кеші өтті. Жиналғандар ақын рухына тағзым етіп, оның артына қалдырған асыл мұрасына баға берді. Кеште қазақ әдебиеті мен өнерінің белгілі өкілдері, ақынның жерлестері өткен күннің естеліктерін еске түсірді.

Қамшы сабындай қысқа ғұмырында Оразалы Досбосынов халқына өлшеусіз еңбек етті. Қай жерде сынға түссе де, жанкүйерлерін жерге қаратпады. Табиғи талантын ізденістермен шыңдады. Шын мәніндегі «Құлмамбеттің құлыны» екенін дәлелдей алды. Кеш шымылдығы Оразалының өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнекөрініспен ашылып, сан қырлы таланттың өнегелі өмірінен сыр шертті. Экраннан көрінген ақын бейнесі, маржан жырды төгілткен сәттері қайта жаңғырғандай болып, көрермен көңілін толқытты.
Алғашқы сөз тізгінін алған ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Батық Мәжитұлы Оразалы жайлы ойларын ортаға салды.
– Оразалының дүниеден өткен күнінде Жарас Сәрсектің жоқтау жыры ойыма орала береді. Сол өлең – Жарастың ғана емес, бәріміздің жан сырымыз. Оған деген сағыныш ешқашан басылмайды. Өкініш араласып, өзекті өртеп тұрады. Өйткені ол айтысты биік дәрежеге көтеруге үлесін қосты. Қазақтың қара өлеңін халықаралық кеңістікке шығарды. Алла Тағала Оразды ақын етіп жаратқан. Ол болмысына бұйырған аманатты терең сезінді, үздіксіз еңбектенді, ізденісімен ілгері жылжыды, – дей келіп, жас зерттеушілерді ақынның рухани мұрасын жүйелі түрде зерделеуге шақырды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Даубай Мамытұлы тебірене тіл қатты.
– Ораздың балалық шағы көз алдымда. Мінезі аңқылдақ, танымы таза еді. 1989-90 жылдары Шалкөде өңірінен Бақыт Жағыпар, Жұматай Оспанұлы, Дәулет Ақбасов сынды жасөспірімдер айтыстың жолын қуып, қатарласа шықты. Оларға Қарадаладан Бақыт Беделхан, Тегістіктен Оразалы қосылды. Оразалы жыр толғаудың шебері Хасен Саматыров ағамыздың шәкірті еді. Алтын балықтың үйіріндей болған бір топ жас жұртты жалт қаратты. Жолымыз түйісіп, жыр сапарымыз басталған сәттен жұбымыз жазылған жоқ, – деді ол. Ақынның балғын шағы туралы айтқанда, Даубай Мамытұлы Оразалының табиғи талантын, жаратылыстан бойына сөз құдіретінің дарығанын ерекшелеп атады. «Оның әр өлеңі – төрт аяғы тең түскен жүйрік поэзия. Жап-жас бола тұра, терең ой айтып, тарихты ақтарған зеректігіне еріксіз таңданатынбыз», – деді сағынышын жасыра алмай. Содан кейін Оразалыға арнаған жырын оқып, залды бір толқытты.
Шырағым-ай,
Шыңға біткен шынарым-ай.
Сен менің жүрегімнің ішінде едің,
Сырласып өзіңменен тұрам ұдай.
Амал бар ма?!
Мейірімін төксінші саған да Алла.
Құранда жазылғаны рас болса,
Жолығармыз тағы бір замандарда.
Даубай ақынның жыр шумақтары жүректен шыққан сағыныштың сазы болып, әдеби кешті ерекше әсерге бөледі.
Кеш барысында әнші-композитор Қанат Ибрагим жаңа әнін алғаш рет көпшілік алдында орындады. Аталған туынды – Оразалының рухына арналған музыкалық ескерткіш іспетті әсер қалдырды.
Оразалының алмас қылыштай өткір өлеңін, өр болмысын өз кезінде танығандардың бірі – белгілі ақын Жарас Сәрсек. Ол Оразалыны соңғы рет көрген сәтін еске алып, көз жасына ерік берді. Сондай-ақ ақынның бірге жүрген замандастары – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан, журналист, айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы, тележүргізуші Сержан Молдасан және дәстүрлі әнші Ақан Жылқышыбайұлы сан қырлы естеліктерімен бөлісті. «Ол өмірді өлеңмен өлшеді. Айтыс сахнасында тұрып елдің намысын жырлады. Оның әр сөзі от, әр айтысы тағдыр еді. Біз сол тағдырдан ғибрат алуымыз керек», – деді ақынның замандастары.
Оразалы Досбосынов 1975 жылы Райымбек ауданы Тегістік ауылында дүниеге келген. Бала күнінен көркем сөзге құлақ түрген, жырға жақын болған. 1990-жылдары айтыс әлеміне қадам басқан Оразалының жұлдызы жарқырап, есімі елге танылды. Ол айтыс өнеріне жаңа серпін беріп, поэзияны рух биігіне көтерді. «Оразалының айтысы – тек өнер емес, ұлттық рухтың айнасы» деген теңеу бекерге айтылмаған. Оның әр айтысындағы екпін, әр шумағындағы өткірлік намыстың, тектіліктің үні еді. Оразалы – өлеңге айналған рух, отқа айналған сөз, намысқа айналған тұлға. Ол ерте кетсе де, артында қалған мұрасы қазақ айтысының мәңгі жанып тұрар шамшырағы болып қала бермек.
Кеш барысында алдаспан ақынның мектепте сабақ берген ұстаздары да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Айтулы жыршы Серік Сүйіндіктің орындауындағы толғау жиын мазмұнымен астасып жатты. «Жыр жүйрігі – Оразалы» атты тағзым кешінен көңілге түйгеніміз, ол – ақынды еске алу ғана емес, тұтас бір дәуірдің, бір буынның рухани сабақтастығын сезіндірген сәт болды.
Құралбек СӘБИТОВ




