Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бұрынғыдан өзгерек. Енді басты назар тек құқықбұзушылықты анықтауға емес, оның алдын алуға, қоғамда нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға, ашық және есеп беретін мемлекет құруға бағытталып отыр. Жемқорлықтың пайда болуының алдын алу – болары болып, бояуы сіңгеннен кейін жазалаудан әлдеқайда тиімді.
Осы мақсатта мемлекеттік секторда процестерді цифрландыру, қызмет көрсету алгоритмдерін жеңілдету, шешім қабылдау тетіктерінің ашықтығын арттыру бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Бұл ретте көптеген қызмет автоматтандырылды, конкурс, кадрлық іріктеу, мемлекеттік сатып алу процестері электрондық форматқа көшірілді. Бұл адами факторды азайтып қана қоймай, қоғам тарапынан бақылауды күшейтті.
Мемлекеттік орган қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және сыртқы талдау жүргізу – жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі. Тәуекелдерге талдау жасау дегеніміз – проблеманы болған соң емес, болуы мүмкін кезде тоқтату. Осындай талдау нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ олардың туындауына ықпал ететін артық бюрократия, сілтемелер тізбегінің көптігі, реттеудің түсініксіз бағыттары анықталып, оларға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Бұл тәсіл мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін күшейтіп, басқарудың сапасын арттырады. Сенімі жоғалған қоғамда даму болмайды. Сондықтан бүгінгі мемлекеттік органдар үшін ашықтық пен есептілік – міндет. Мемлекеттік шешімдер, бюджеттің жұмсалуы, жоспарлар мен нәтижелер туралы ақпараттың қолжетімді болуы азаматтардың билікке деген сенімін қалыптастырады.
Саяси қызметшілердің ашық коммуникативті ұстанымы – қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс көпірін күшейтетін фактор. Жемқорлыққа қарсы мәдениет мектептен, университеттен басталады. Құндылықтарға сүйенген тәрбие заңнан да күшті. Сондықтан жастар арасында адалдық пен жауапкершілікті дәріптеу, әдеп нормаларын үйрету, ашық пікірталастар ұйымдастыру – жемқорлықсыз болашақтың алғышарты.
Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларына қолдау көрсету – мемлекет тарапынан ғана емес, қоғам тарапынан да міндет. Бұл – кезекті науқан емес, ұрпақтық мәдениетті қалыптастыру процесі! Осы орайда сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен білім беру жүйесінде академиялық адалдықты ілгерілету жөнінде республикалық форум өткенін еске салғымыз келеді. Форумға аталған агенттік төрағасы Дархан Жазықбай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі
Жұлдыз Сүлейменова және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, орта білім беру ұйымдарының өкілдері, сарапшылар қатысты. Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ғылым мен жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері және Академиялық адалдық лигасы арасында білім беруде адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылды. Қорыта келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – тек заң арқылы емес, мәдениет, сана және жауапкершілік арқылы жүргізілетін ұзақ мерзімді процесс. Жеңіл жолмен пайда табуды емес, әділ еңбекпен жетістікке жетуді қадірлейтін қоғам ғана дамуға қабілетті!
Айдана НҰРҒАЛИЕВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Алматы облысы бойынша департаменті
сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы




