Президент Жарлығымен құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Ата Заңның жобасын жариялады. Комиссия мүшелерінің пікірінше, Елдің негізгі құқықтық тірегі саналатын маңызды құжатты қайта жазуда саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар өзара тығыз бірлесе жұмыс істеген. Сондай-ақ комиссия мүшелері батыл ұсыныстар айтып, қоғам талап еткен қадамдарды барынша саралауға тырысқан. Қарапайым қоғам өкілдерінің көңілдерінен шыққан бір мәселе – басымдық құқық саласына беріліп отыр. Бұл – өте дұрыс және маңызды ұстаным. Өйткені, адам құқықтары мен бостандықтары, тәртіп пен заңдылық қағидаттары сақталған қоғамда ғана өсу, өркендеу болып, халықтың мәдениеті дамиды, тұрмыс-тіршілігі жақсара түседі.
Осы тұрғыда Жаңа Ата Заңда адамның жеке басына тиіспеу, «Миранда ережесі» секілді ұғымдар бекітіледі екен. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың мәліметінше, Конституцияның 7-бөліміндегі сот төрелігінің қағидаты ретінде қарастырылған кейбір ереже осы бөлімге адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде ауыстырылып, дербес бапқа біріктірілетін көрінеді.
Бұл – жеке тұлға міндеттерінің өзегін нақтылайды, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, әлеуметтік құқықтар күшейтіледі деген сөз. Ал қызмет бабы бойынша және еңбек қатынастарына байланысты қолжетімділігі шектеулі деректер туралы мәлімет алған тұлғалар ол ақпараттардың құпиялығын қамтамасыз етуге міндетті екені Ата заңмен бекітілмек. Оларға дәрігер құпиясы, адвокат құпиясы, мойындау құпиясы, алдын ала тергеу құпиясы, нотариалдық әрекеттер құпиясы сияқты деректер, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқын қорғау мәселесі жататындығын ескерсек, қоғамда адам құқықтарын қорғау бұрынғыға қарағанда анағұрлым күшейетіні анық. Осылай алаятық, қорқытып-үркіту, бопсалау сияқты басқа да қылмыстық әрекеттерінің алдын алуға мол мүмкіндік туады.
Бексұлтан КӨЛБАЕВ,
жазушы-журналист
Талғар ауданы
