Әділетті қоғамның темірқазығын қалыптастыру қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Прокуратурасы күніне орай Қонаев қалалық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев прокуратура мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл күшейіп, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асып жатқанына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заңның үстемдігі – елдің тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі», – деп атап өткен болатын. Бұл ретте прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуын қадағалаудағы адал қызметі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы жауапкершілігі қоғам үшін аса маңызды. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында аймақта жүйелі істер жүзеге асырылып, олардың нәтижесі нақты көрсеткіштермен айқындалуда. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп керуені – 2025» бастамасы шеңберінде 170 «Прокурордың жас көмекшілері» клубы құрылып, 4 мыңнан астам оқушы қамтылды. Сонымен бірге прокуратурамен бірлесіп, 178450 оқушының қатысуымен 150-ден астам кездесу ұйымдастырылды. Арнайы жобалық кеңсенің жұмысы да өз нәтижесін көрсетіп, өңірдегі құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимылды үйлестіруге, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге серпін беруде. Бірлесіп атқарылған шаралардың нәтижесінде облыстағы жалпы қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға төмендеді, – деді облыс басшысы. Бұдан соң Марат Елеусізұлы облыста елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар прокурорға Құрмет грамотасын табыстады.
Келесі кезекте сөз облыс прокуроры Берік Адамовқа берілді.
– Биыл прокурорлар ортақ күш-жігермен азаматтардың құқығы мен мемлекет мүддесін қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша үлкен және жүйелі жұмыс жүргізді. Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының, білім беру мекемелерімен және жұртшылықпен тығыз өзара іс-қимылдың арқасында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 650 мыңнан астам азаматтың құқығы бұзылғаны анықталып, 13 мың баланың пайдасына 3,7 млрд теңге алимент өндірілді. Бұл – еліміз бойынша ең үздік көрсеткіш. Салық органдарымен бірлесіп, 6 млрд теңгеге бюджет мүддесі қорғалды. Бүгінге дейін 3 млрд теңге өндірілді. Мемлекет меншігіне 6 жарым млрд теңге болатын 80 мың гектар жер қайтарылды. Сондай-ақ қомақты қаражатты құрайтын Қарасай ауданында сумен қамту нысанының, балабақша мен екі өнер мектебінің қайтарылуы – аудан прокуратурасы командасының еңбегі. Мемлекет басшысы прокуратура органдарының алдына бизнес пен инвесторларды қорғау жөнінде маңызды міндет қойды. Прокурорлар заңсыз тексерулердің жолын кесу және бақылаушы органдар тарапынан өзге де заңсыз араласу жолымен кінәлілерді белгіленген жауапкершілікке тарта отырып, 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады. 88 инвестордың мүддесі үшін жер мен инженерлік желілерге қатысты проблемалық мәселелер шешіліп, түрлі шектеу мен айыппұлдар алынып тасталды, – деген облыс прокуроры жекелеген бөлімшелердің жұмысын атап өтті.
Криминогендік жағдайды сауықтыру бойынша Жол картасы әзірленіп, бекітілгенін, оны іске асыруға барлық мүдделі мемлекеттік органдар тартылғанын айтқан Берік Абызбайұлы осы орайда полиция департаментінің бастығы Мейрам Жұмкенұлы мен Марат Елеусізұлына әріптестеріне қолдау көрсеткені және нәтижелі өзара іс-қимыл жасағаны үшін алғыс білдірді.
Облыс прокурорының айтуынша, әкімдіктің көмегімен көшелерде, аулаларда және қоғамдық орындарда 9 мыңнан астам камера орнатылған. Осының арқасында ашықтық едәуір артып, көшедегі қылмыстар саны азайған. Жаңа тәсілдерді дамыту және қадағалаудың цифрлық құралдарын енгізу жөніндегі бастамалар қолға алынған. Кешенді шаралар нәтижесінде қылмыс 16,9 пайызға төмендеген.
Қылмыстарды тіркеуді 9 мыңнан 7 мыңға дейін азайта отырып, аймағымыз ең криминогенді облыстардың қатарынан шыққан. Кісі өлтіру, ұрлық, тонау, бұзақылық, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты санаттар бойынша қылмыс саны айтарлықтай төмендеген.
Берік Абызбайұлы азаматтардың құқығы мен бостандығы, мемлекет пен қоғамның мүддесін қорғап, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі елеулі еңбегі үшін бірқатар қызметкерді марапаттады.
Сахнада орнатылған кең экранда прокурорлардың жыл бойы атқарған жұмысы жайлы және әр аудандағы қызметкерлердің кәсіби мерекеге арнаған бейнеүзінділері зал толы қауымның назарына ұсынылды. Содан соң облыстық прокуратура органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіберік Әділбеков сөз алып, елімізде заңның бұзылмауы мен тәртіптің сақталуы жолында уақытпен санаспай еселі еңбек етіп келе жатқан сала қызметкерлеріне мерекелік құттықтауын өлең жолдарымен өрнектеді.
Келесі кезекте жаңа лауазымға тағайындалған ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының түлектері ант қабылдады. Сонымен қатар Талғар ауданының прокурорлары Аида Алмасаева мен Темірлан Мықтыбаев, Ұйғыр ауданының прокуратурасының прокуроры Қуаныш Жетпісбаев, Іле ауданы прокурорының орынбасары Олжас Омаров және облыс прокуратурасының кадрлық жұмыс тобының бас маманы Отаргүл Рымбайқызы өз өнерлерін ортаға салды.
Салтанатты жиын соңы елімізге танымал эстрада әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




