Алматыдағы Ұлттық кітапханада республикалық әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналының 20 жылдығына арналған «Мұқағалитанудың қайнар көзі» атты мерейтойлық кеш өтті. Аталған шараға арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қаламгерлер қауымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы сәлемі мен зор ықыласын жеткізді. Ақын атындағы басылымды қуанышымен құттықтады.
Президент кеңесшісі журналдың ұлт руханиятына қосқан үлесіне баға берді. Мұқағали мұрасын насихаттау жолында сіңірген еңбегіне тоқталды. Қабырғалы қазақ баспасөзінің алдыңғы қатарынан көріне алғанын атады. Сонымен бірге ел Президентінің мерзімді басылымдарды қадағалап отыратынын сөз етті. Оларға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лаураты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин ақын атындағы журналға қатысты лебіздері мен ой-пікірлерін ортаға салды.
– Сол кездері Арқада – «Сарыарқа», Шымкентте – «Жібек жолы», Таразда – «Жамбыл», Семейде – «Абай», Батыста – «Ақ Жайық» журналдары шығып жатты. Айналып келгенде олар бір мақсатта – қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, рухын көтеру бағытында еңбек етті. «Мұқағали» журналы да сол саптан көрінді, – деді Нұрлан Мырқасымұлы.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жеткізді. Аймақ басшысының әдебиет пен мәдениетке ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Сонымен бірге Ғани Айдарұлы «Мұқағали» журналы тек әдеби басылым ғана емес, ұрпаққа өнеге, жастарға тәрбие беретін рухани мектепке айналғанын паш етті.
Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев қала мен Алматы облысының ежелден еншісі бөлінбеген қасиетті мекен екенін тілге тиек етіп, осы өлкеде дүниеге келген даңқты тұлғаларды ұлықтау ұрпақ тәрбиесі үшін басты негіз болатынын атады.

Жиында басылымның алғашқы бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Батық Мәжитұлы баяндама жасап, журналдың қалай қалыптасқанын саралады. Қайраткер ақын Жүрсін Ерманның «Мұқағали» журналы – Мұқағалиға қойылған ең ғажайып ескерткіш!» деген теңеуін мысалға келтірді. Көрнекті жазушы Роллан Сейсенбайдың редакцияға телефон шалып: «Шыны керек, сендерден дәл мұндай таным мен талдауды, сапалы кәсіби еңбекті күткен жоқпын. Мынау классика ғой!» деген риза пікірін алдыға тартты.
– «Мұқағали» журналын шығару идеясы бір күнде пайда болған жоқ, – деді Батық Мәжитұлы. – Біз бұл туралы ұзақ толғандық. Біз дегенім – сол жылдары «Егемен Қазақстанда» тізе қосып еңбек еткен Рысбек Сәрсенбайұлы, Жанболат Аупбаев және мен. Қолымыз қалт еткенде осы тақырып туралы ойды ортаға салатынбыз. Сонымен, мұқағалитануға қатысты идеялар пісіп-жетілді. Енді оны жүзеге асыратын сәт келді. 2005-те Райымбек бабамыздың 300 жылдығы аталатын болды. Рысбек Сәрсенбайұлы өзі жоспарлап, өзі ұйымдастырып, «Райымбек» деген жинақ әзірледі. Журнал шығаруды осы мерзімге сәйкестендірдік. Алғашқы нөмірдегі материалдардың мазмұны «Райымбек» кітабындағы мақалалардан құралды. Ынталы топ түпкілікті шешім қабылдап, маған шығармашылық міндеттің жауапкершілігін жүктеді. Жұмысты бөлісіп істеу үшін менеджерлік қабілетін ескеріп, құрылтайшы болуға Жақыпжан Нұрғожаев таңдалды. Сөйтіп екі атты бір арбаға қосарлап тұрып жекті. Қалғаны уақыттың еншісінде еді.
Жақыпжан бауырым журналдың аяқтан тұруына үлкен үлес қосты. Амангелді Ермегияев, Кеңес Үшбаев, Стахан Белғожаев, Тоққожа Естенов сынды ағаларымызды ортақ іске ұйыстырды. Нәтижесінде журнал редакторы жаяу жүрмейтін болды. Айлығымыз тиісті стандарттан ауытқыған жоқ. Редакция облыс әкімдігінің Алматыдағы ғимаратына орналасты. Таралым көбеймесе, азаймады. Соның арқасында шығармашылық ізденістермен алаңсыз айналысуға жағдай туды.

Алты жыл «Ақиқат» журналында, алты жыл «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істегенімнің де пайдасы тиді. Журналдың технологиясын тез меңгердім. Жұмабек Кенжалин, Жанболат Аупбаев, Ахат Жақсыбаев, Нұрмұхан Оразбеков сынды көрнекті қаламгерлерден дарыған тәжірибе ой мен бойды шыңдады. Оқырманға лайықты өнім бере бастадық.
Ақын болашақ ұрпағына көркемдігі кемел, философиясы терең, ұлағатын ұлтшылдығы толтыратын, тот баспайтын, тозбайтын асыл мұра қалдырған екен. Бұл дегеніңіз – ен-тегін байлық. Егер мұқағалитануды дұрыстап игере алсақ, абайтануды да бекзат талғаммен пайдаға асыратынымыз анық.
Алдымен журналға керек айдарларды реттедік. Рубрикаларды ақын өлеңдеріндегі тіркестермен айшықтадық. Сонда ақынның сөзі де, мақаланың өзі де бір-біріне сәйкесіп, ажары ашыла түсті. Мұқағалитанудың ғылыми қисындарын «Білгің келсе, алдымен зертте мені» немесе «Біз деген, достым, тағдыры қызық халықпыз» деген секілді рубрикаларға бағындырдық. Ал «Бәрі есімде, бәрі де емес бөтен», «Жазылар естеліктер мен туралы» айдарлары өздеріне лайықты материалдармен толықты. Естеліктің де естісі бар, есері бар дегенді жадымыздан шығармадық. Авторлармен келісе отырып ақыл-ойдың, әдептің талғамынан аспауды берік ұстандық. Ұрпаққа, халыққа қажетсіз штрихтарды журналға жолатпадық. Естелік жазу мәдениетінің үлгісін көрсеткен ірілерді мақтан тұттық. Бұл қатарға жазушы Жәлел Кеттебекті, «Миына ұлттың коды жазылған» деп сөзін зиялы теңеумен кестелеген қаламгер Марат Қабанбаевтарды жатқызар едік. Олар ақынның асқақ та арлы болмысын, күрескер рухын толық түсіне алуымен дараланды.
«Асыл жырдың астары» деп ақын өлеңдерін талдап үйренуді қалыптастырдық. «Ақынның атамекені» деп берісі – Қарасаз, Нарынқол, арысы – Алматы облысының аймағына, географиялық қасиеттеріне, шежірелеріне сараптамалар жасауға бетбұрдық. Бұл жұмыста, әсіресе, марқұм болған авторымыз Жәлел Айдарханұлының қосқан үлесі зор. «Ұлы ақынды ұлықтағандарға» да тоқталдық. Ақынның қадіріне жеткен қайраткерлердің есімдерін атап, өнегелерін тарқаттық. Мәселен, ақынның үшінші жинағы шыққанда «Ішінде бірде-бір жаман өлеңі жоқ» деп сүйіншілеген кім еді? Ол – Әбіш Кекілбаев! Жас Мұқағалиға сенім артып, өз атынан кепілдеме беріп, «Социалистік Қазақстанға» қызметке алдырған Семей өңірінің тумасы Жекен Жұмаханов. «Сен ұлы ақын боласың» деп ауылдағы талапкердің маңдайынан сипап, батыл баға берген, Алматыға шақырған Шиелінің тумасы Әбділда Тәжібаев. Ақын сөзіне бірінші болып 30 әнді бір деммен жазған композитор Нұрғиса Тілендиев, «Райымбек! Райымбек!» дастанын компартиядан қорықпай «Лениншіл жасқа» жариялаған Сейдахмет Бердіқұлов! Осы тектес қайраткерлер қазақта аз емес. Шетінен зерттеліп, мұқағалишыл оқырманға таныстырылды. «Ақынның жыр жинақтары» рубрикасы бойынша тұңғыш кітабы «Ильичтен» бастап, көзі тірісіндегі соңғы жинағы «Өмірдастанға» дейінгі аралықты келелі әңгіменің арқауына айналдырдық. Ақын аударған Дантенің «Құдіретті комедиясы», Уитмен мен Шекспирдің өлеңдері назардан тыс қалған жоқ. «Энциклопедия парақтары» деп, болашақта жасақталатын ғылыми кітапқа жөн сілтедік. Үмітіміз шындыққа айналып, ұзамай «Мұқағали» энциклопедиясы жарыққа шықты. Қарасаздағы мұражайдың жәдігерлерімен таныстырып отырдық. Ондағы жұмыстарға ықпал етуді журналдың бір парызына баладық. «Ақын атындағы мектепте» деп, еліміздегі Мақатаев атындағы 8 оқу орнын түгендедік.
«Әуелі әнді тыңда, ән өлмесін» рубрикасын композитор Бейбіт Дәлденбай жүргізді. Ақын сөзіне жазылған жүздеген ән нотаға түсіріліп, нөмір сайын жарияланып отырды. Суретші Тоққожа Қожағұлды да ортақ іске араластырдық. Ол қылқалам шеберлерінің мұқағалитану тақырыбын бейнелеген еңбектерін журналға әкелді. Әуесқой суретшілерден бастап, көрнекті тұлғаларға дейін өз үлестерін қосуды ұйымдастырды. Нәтижесінде журнал мазмұны одан әрі тереңдеп, байи түсті.
Мұқағали образын сомдаған пьесаларды да қалдырмай жарияладық. Кешегі Оразбек Бодықовтан бастап, Рақымжан Отарбаевқа дейінгі аралықта талай сүбелі шығармалар дүниеге келген. Әр драматург ақын өміріне әр қырынан қараған. Олар сонысымен де қызықты еді.
Ақынның туысқандары бізбен бірге болды. Журналмен бірге қуанды, журналмен бірге тебіренді. Ол кісілердің сыншылдық пікірлерін үнемі ескеріп отырдық. Ақыл-кеңестерін тыңдадық. Соның арқасында Нағима анамыздың, Лашын жеңгеміздің, ақынның туған інісі Тоқтарбай бауырымыздың, жан құрдасы Әбдіке ағаның, осы тектес көптеген адамның жүрекжарды сөздері тасқа басылып, тарихта қалды. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» рубрикасы бойынша ақынның аудандық «Советтік шекара», «Әдебиет және искусство», «Қазақ әдебиеті», басқа да газет-журналдарға шыққан туындыларын жинастырып, қайта жаңғырттық.
Бір күні әріптесім Жақыпжан ағама ақынға қатысты сұхбаттар ұйымдастырудың қажеттігін айттым. Сұхбат берушілерге он сұрақтан дайындадым. Оның алғашқыларын «сіз бастаңыз» деп Жақаңның қолына ұстаттым. Нәтижесінде Әбіш Кекілбаевтан бастап, Темірхан Медетбекке дейінгі бірқатар қаламгерлер Мұқағали туралы көзқарастарын ортаға салды. Жобаны әрі қарай өзім жүргіздім. Ұзын саны 60-70-тей адаммен әңгімелескен екенмін. Тақырып – Мұқағали. Оларға бір-біріне ұқсамайтын 700-ге жуық сұрақ қойылды. Бұл – мұқағалитану жолында қалай еңбек еткеніміздің бір дәлелі ғана.
Он минуттық баяндамаға атқарған істің бәрін қамту мүмкін емес. Мен мұны тілге тиек еткенде, мұқағалитану жауапкершілігінің қандай ауыр екенін көпшілік білсе дегенді ниет еттім.
Журналдың жұмысында 18 жыл болдым. Бейнелеп айтқанда, түрен түспеген тың жерге арық қазып, су ағыздық. Енді оның арнасын кеңейту керек. Ол міндет ізбасарларымның мойнында. Менің білгенім, мұқағалитану ауызбен орақ оратын әрекетті жақтырмайды. Кен іздеген геологтардай жанкешті еңбекпен тереңдікті бұрғылау керек. Мұқағалитану мәселесімен тұрақты айналысқанда байқағаным, ақын аға қалдырған қазынаның шетін де оя алмаппыз. Білгенім – 9, білмегенім – 99 екен. Сондықтан шығар, өзімді мұқағалитанушы қатарына жатқызған емеспін. Мен Мұқағали мұрасын насихаттаушы ғанамын. Біз журнал арқылы болашақ мұқағалитанушыларға жарамды шикізат дайындап бере алсақ – ерлегенміз! Әріптестерімді соған үндеп, еңбектеріне сәттілік тілеймін! – деді Батық Мәжитұлы.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай әңгімені әріден бастады.
– 1974 жылдың басында Мәскеу қаласындағы Жоғарғы сценарийшілер курсына барғанымда сондағы Жазушылар одағының жатақханасына орналастырған еді. Бізге сол жатақтағы Мұқағали Мақатаевтың бөлмесі бұйырды. Ақын аға орнын босатып жатыр екен. Сонда біз оның әріптестері арасында қаншалықты құрметке бөленгенін анық аңғардық. КСРО деп аталатын алып мемлекеттің әр шалғайынан келген қаламгерлер бір ауыздан: «Мұқағали – ұлы ақын! Жерлестерің тамаша талант иесі ғой!» деген сөздерді айтып жатты. Ол елге қайтарда әйгілі Пушкин ескерткішіне барып, арнайы қоштасқанын да көрдік.
Сөзін естеліктен бастаған қаламгер бар-жоғы 45 жыл өмір сүріп, артында өшпес-өлмес әдеби мұра қалдырған ақынның шығармашылығына жоғары баға бере келіп, Жаратушының ерекше назарына іліккен тұлғалардың күйкі тірліктің қалыбына сыймайтынын, сондықтан олардың кейбір қылықтары мен әрекеттерін қарапайым адамдар түсіне бермейтініне тоқталды. Алла тағаланың назарына түскен тұлғаның мәңгілік сапарға аттанғаннан кейінгі сапары – халық алдындағы екінші ғұмырының басталуы болса, бұл сыннан өзі атындағы журнал арқылы да сүрінбей өтті деуге хақымыз бар! Сөзін қорытындылар сәтте Смағұл ағамыз алдағы уақытта да қасиет қонған адамдарға түсіністікпен қарау қажеттігін ескерте кетті.
Аз ғана уақытта ақынның 30 өлеңіне ән шығарған даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің есімі Мұқағалимен бірге аталатыны заңдылық. Осы орайда танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Нұрмағамбетова екі дарын бірігіп шығарған «Сарыжайлау» әнін нақышына келтіре шырқап, жиналған жұртшылықты бір серпілтті.
Ақын атындағы журналдың дүниеге келуіне мұрындық болған азаматтардың бірі ретінде қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Рысбек Сәрсенбайұлының да айтары мол болды.
Келесі болып сөз алған Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Жанарбек Жақсылықұлы салтанатты шараға жиналған қаламгерлер қауымын «Мұқағали» журналының 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, аудан әкімі Дастан Құдабаевтың ыстық ықыласын жеткізді.
Бір кездері «Қазақ радиосында» диктор болып еңбек еткен Бақытжан Атагелдиев Мұқағалидың өлеңін жүрекке жеткізе мәнерлеп оқыса, Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті әнші Рамазан Стамғазиевтің шәкірті Таңжарық Әлдібай әуелете ән шырқап, отырыстың сәнін кіргізе түсті.
Осы мерейтойға алыстан ат арылтып жеткен оралдық оқырман Нұрсағат Мәжитов басылымның мәні мен мазмұнына жоғары баға беріп, қалың жұртшылық атынан алғысын білдірді.
– Қазақ поэзиясының қасиетін тану үшін алдымен Семейдегі Абайға, Атыраудағы Махамбетке, Қарасаздағы Мұқағали еліне бару керек деп түсінемін, – деп бастады сөзін мәртебелі мейман. – Осы журналды үзбей жаздырып оқып жүрген оқырман ретінде жер шалғай болса да мерейтойға арнайы келдім!
Шараның соңына қарай белгілі ғалым, зерттеуші әрі журнал жанашыры Сағатбек Медеубекұлы Мұқағали поэзиясымен танысуы қалай басталғанын айтып, ақын өлеңдерінің әлемдік әдебиетпен астасуы тұрғысында өз ойларын ортаға салды. Басылымның бүгінгі бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Мағлұмов:
– Журналдың мерейтойы – өткенді еске алу ғана емес, болашаққа бағдар жасау. Біз қазір руханияттың, ақпараттың, мәдениеттің жаңа кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Біздің міндет – осы өзгерістердің арасында поэзияның құнын түсірмей, сөздің қадірін жоғалтпай, Мұқағали мұрасының асыл қасиетін болашаққа аман жеткізу.
Алдағы жылдары журнал жаңа жобалармен, тың зерттеулермен, жас қаламгерлердің шабытты шығармаларымен толыға береді. Біз әдебиетке адал қызмет етуді жалғастырамыз. Өйткені, Мұқағали поэзиясы – тоқтамайтын бұлақ, таусылмайтын рухани суат. Мол қуатты болашаққа жеткізу – біздің парызымыз! – деп қуанышты бөлісуге келген жұртшылыққа алғысын білдірді.
Белгілі радиожурналист Бақыт Жағыпарұлы тізгінін ұстаған салтанатты жиында поэзияның Хантәңірі атанған сөз зергерінің ұлы Жұлдыз Мақатаев пен оның жары Бақытгүл Айдарова ақын атындағы журналдың дүниеге келуі мен 20 жыл ішіндегі жемісті жұмысына жоғары баға беріп, болашақтағы атқарар ісіне сәттілік тіледі.
Сөз жоқ, осы екі онжылдық ішінде журнал жас ақындарды қолдау, жаңа есімдерді ашу, заманауи поэзиядағы бағыттар мен стильдік ізденістерді насихаттау арқылы әдеби орта үшін аса маңызды мінберге айналғаны рас. Алдағы кезеңде де басылым осы бағыттан айнымай, шығармашылық өрісін кеңейте беретініне кәміл сенеміз!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ




