Перейти к содержимому
Главная страница » Жауапкершілік мәдениетінің жаңа белесі

Жауапкершілік мәдениетінің жаңа белесі

Тазалыққа ұмтылған елдің тіршілігі де жаңарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы елдік мақсатта қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық бағдарламасы көшені сыпырумен ғана шектелетін науқан емес. Бұл – қоғамның ішкі мәдениетін, табиғатқа, туған жерге, ортақ құндылықтарға деген көзқарасын өзгертетін азаматтық қозғалыс. Ал бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті тек ақпарат таратумен шектелмейді, қоғамдық мінез-құлық қалыптастыру да – медианың көзге көрінбейтін миссиясы. Осы тұста «Өлке тынысы» медиахолдингінің құрамындағы екі басылым мен үш цифрлық платформа үшін «Таза Қазақстан» тақырыбы – экологиялық ақпараттық науқан болып қана қоймай, өңірлік сана қалыптастырудың тиімді жолы.

Тұтас елдің экологиялық тірегі

Ақиқатында жүрген жерін, тұрған орнын, өскен өлкесін таза ұстау –жанашырлықтың шынайы көрінісі, жауапкершілігі жоғары адамның ғана қолынан келетін игі іс. Жас ұрпаққа тәрбиені нақты іспен ұдайы үлгі етуді насихаттайтын бұл бастаманың маңызын Президент әрдайым айтып келеді. 2025 жылғы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде: «Таза Қазақстан – біздің өмір салтымыз», – деген болатын. Ал Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Таза Қазақстан» әр адамның күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет», – деп бұл бастаманың уақытша шара болмай, ұлттың жаңа мәдени нормасына айналуға тиіс екенін нақты атап өтті.
Бұл идеяның Алматы облысы үшін маңызы ерекше. Өйткені облыс табиғаты – өңірдің байлығы, түптеп келгенде, тұтас елдің экологиялық тірегі. Іле Алатауының баурайы, Қапшағай жағалауы, Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды бағытындағы туристік ағын, өзен-көлдер – осы байлықтың бәрін саф күйінде сақтау, келесі ұрпаққа табыстау табиғатқа деген жауапкершілікті күн сайын талап етеді. Табиғатқа салғырт қарау бұл өңірде тек экологиялық емес, экономикалық мәселеге де айналуы мүмкін. Себебі туризмнің тынысы да, ауыл шаруашылығының болашағы да, халықтың өмір сапасы да қоршаған ортаның тазалығымен тікелей бай­ланысты.
Әсіресе, туризм дамыған өңір үшін тазалық мәдениеті – аса маңызды заңдылықтардың бірі. Бүгінде әлемдік тәжірибеде туристер табиғаты бүлінген жерден гөрі мәдениеті қалыптасқан ортаға көбірек барады. Барған күннің өзінде ондағы жергілікті жұрттың тазалық сақтауына қарай сыйластық танытады, соған сай өздері де әрекет етеді. Сондықтан Алматы облысында табиғатты қорғау тек мемлекеттік меке­мелердің емес, жергілікті халық­тың да, ішкі туризмнің дамуына үлес қосып жүрген отандастарымыздың да азаматтық ұстанымына айналуы қажет. Көл жағасына қалдырылған бір бөтелке немесе тау бөктеріне тасталған қо­қыс ертеңгі ұрпақтың еншісіне жасал­ған қиянатпен тең. Осы тұста кәсіби гид­тердің, туристік ұйымдардың, демалыс аймақтары иелерінің де жауап­кер­шілігі айрықша сезіледі. Қазір әлемде гид тек жол көрсетуші емес, экология­лық мәдениетті насихаттаушы тұлға саналады. Туристке табиғаттың тарихын айтып қана қоймай, оны аялаудың әдебін үйрету – өркениетті туризмнің талабы.
Бұл бағыттағы нәтижені сандардың өзі сөйлетеді. Соңғы бір жылда Алматы облысына келген туристер саны 29,8 пайызға өсіп, 658 мың адамға жетті. Оның ішінде шетелдік туристер саны 147 мыңға жетіп, өңір республика бойынша алғашқы үштікке енді. Туризм саласынан бюджетке түскен салық көлемі 25,8 пайызға артып, 11,2 миллиард теңгені құрады. Қазіргі таңда жалпы құны 638,2 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл Алматы облысында туризмнің жай демалыс саласы емес, экономика­ның нақты қозғаушы күшіне айналға­нын көрсетеді. Демек, табиғатты қор­ғау бүгінде тек экологиялық міндет қана бол­май, өңір экономикасының табы­сын сақтайтын стратегиялық қажет­тілікке айна­лып отыр. Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір туристік бағыт­тарда стихиялық қоқыс орындары, жағалау­да қалдырыл­ған пластик қалдықтар, демалыс мәде­ниетінің төмендігі әлі де кездеседі. Демек, мәселе – сенбі­ліктің санынан гөрі әр азаматтың ішкі мәдениеті мен күнделікті мінез-құлықтың өзгеруінде.

Сөзден іске көшкенде

Бұрынғыны былай қойғанда, Тәуелсіздік тарихының өзінде еліміз­де құрғақ сөз жүзінде қалып қойған жобалардың болғаны рас. Науқан кезінде жанып, жылдам өшкені одан да жетіп-артылады. Мұның бәрі сөздің іске айналуы жолындағы қиындықты еңсермеудің, табандылық танытпаудың белгісі болса керек. Ал тазалық әрбіріміз­ге керек қажеттілік болғандықтан, «Таза Қазақстан» баста­масы өміршең дүниеге айналып отыр. Өйткені бұл жобаның маңызын кез келген адам толық түсінеді. Насихаты кемшін болмаса болғаны. Мәселен, бір ғана нәрсе, ауасыз, сусыз тіршілік жоқ, болмайды да. Ал сол ауа мен судың таза болғаны бәрімізге ортақ қажеттілік емес пе?
Бұл жұмыстардың жүйелі жүзеге асуы­на облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ерекше мән беруде. Өңір басшы­сы тазалық мәдениетін бір реттік ак­ция емес, тұрақты қоғамдық дағдыға айналдыру қажеттігін әр деңгейдегі кездесулерде атап өтіп, экологиялық бастамалардың нақты нәтижеге жұмыс істеуін басты міндеттердің бірі ретінде белгілеп отыр.
Алматы облысы соңғы жыл­дары экологиялық мәдениетті қалыптас­тыруды тек сенбілік деңгейінде қал­дырмай, жүйелі қоғамдық үрдіске айналдыруға күш салып келеді. Алматы облысы бойынша жауапты салалық басқармалардың былтырғы жыл­дың мәліметіне сәйкес, облыста «Таза Қазақстан» акциясына 849 мың адам және 8,8 мың кәсіпорын мен ұйым қатысты. Нәтижесінде 17,5 мың тонна қоқыс жиналды. Облыстың орман қорының жалпы аумағы 2,2 миллион гектардан асатыны, оның 1,2 миллион гектары орманмен көмкерілгені белгілі. Жыл басынан бері 103 мыңнан астам ағаш отырғызылды, оның бір бөлігі 429 мектептегі оқушылардың қатысуымен жасалды.
Өңірде су ресурстарын сақтау мәсе­лесіне де айрықша назар аударылуда. Іле, Талғар, Түрген, Есік секілді өзен­дер мен Қапшағай су айдыны – облыс­тың экологиялық тепе-теңдігін сақ­тайтын басты арналар. Қазақстандағы су ресурстары жөніндегі деректер плат­формаларында климаттық өзгеріс­тер мен су тапшылығы мәселесі бүкіл ел үшін өзекті екені көрсетілген. Сондық­­­тан Алматы облысында жағалау аумақ­­та­рын тазарту, өзен арналарының сани­тар­лық жағдайын бақылау, су айдын­да­рын қорғау бағытындағы акциялар қоғам­­дық қолдауға ие болып жатыр.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Алматы облысында экологиялық road-эстафеталардың, жастар акцияларының, тарихи орындар мен туристік бағыт­тарды тазарту жұмыстарының ұйым­дас­тырылуы да – жаңа қоғамдық көз­қарастың көрінісі. Алматы облыс­тық «Алатау арайы» басылымы бұл бастаманың аймақ жұртын ортақ мақсатқа біріктірген ауқымды қоғам­дық қозғалысқа айналып келе жатқанын жазды. Яғни тазалық енді тек комму­налдық қызметтің міндеті емес, елдік сана мен ортақ жауапкершіліктің өлшеміне айнала бастады. Мәселен, Тарғап ауылы маңында басталған «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы бірнеше өңірді қамтып, мыңдаған жасты табиғатты қорғау идеясына жұ­мылдырды. Ұйымдастырушылар бұл шараның негізгі мақсаты қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру екенін атап өтті.

Экономика мен экология – егіз ұғым

Алматы облысында бүгінде экономикалық өсім мен табиғатты қорғау мәселесі қатар өріліп отыр. Бұл – өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев ұстанған даму саясатының басты басымдықтарының бірі. Инвестиция тарту, өндірісті кеңейту және эколо­гиялық тепе-теңдікті сақтау бүгін­де өңір дамуының өзара сабақтас үш тірегіне айналып келеді.
Алматы облысы 2022 жылы бөлі­ніп, өңір орталығы Қонаевқа көшкен кезде ішкі өңірлік өнім көлемі 3,4 трлн теңге шамасында болса, қазір 6,7 трлн теңгеге жетіп отыр. Яғни көрсеткіш екі есеге жуық өскен. Ал салық түсімдері де 320 млрд-тан 618 млрд теңгеге дейін артты. Соның нәти­жесінде өңір ел экономикасындағы ор­нын күшейтіп, 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Республика бойынша өңір­дің экономикалық көрсеткіші жоғарылап, Алматы облысы инвестиция тартатын жетекші аймақтардың біріне айналды. Мұны өңірдің нақты экономикалық көрсеткіштері де айғақтайды. Бүгінде облыста 250-ден астам инвестиция­лық жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия бағыттарында жалпы құны 470 миллиард теңгеден асатын ірі өндірістер іске қосылып жатыр. 2026 жылдың алғашқы төрт айының өзінде өңір экономикасының өсімі 115,3 пайызды құрап, өнеркәсіп көлемі 17,8 пайызға артты. Жыл басынан бері 266,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның басым бөлігі жеке бизнес қаражаты есебінен қалыптасты. Ал алдағы кезеңде бұл көрсеткішті 1,5 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Мұндай қарқын табиғатты сақтау мәселесіне деген талапты да күшейтеді. Себебі экономика өскен сайын қоршаған ортаға түсетін салмақ та артады. Сондықтан «Таза Қазақстан» идеясы бұл жерде экология мен экономиканың арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын маңызды қоғамдық ұстаным ретінде көрінеді.
Өңірде экологиялық инфра­құрылымды жаңғырту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы мәлі­меттерге зер салсақ, Алматы облы­сында қалдықтарды қайта өңдеу сала­сына 148,8 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында қоқысты сұрыптау кешендері, био­электр стансалары, тағам қалдық­тарын өңдеу өндірістері бар. Бұл жобалар тек қоршаған ортаны қорғауға емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі экологиялық экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста жыл басы­нан бері 103 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 20-дан астам экопарк жұмыс істеп тұр.
Бүгінде Алматы облысында таза­лық ұғымы біртіндеп тұрмыстық деңгей­ден қоғамдық жауапкершілік дең­гейіне көтеріліп келеді. Бұрын сенбілікке міндет ретінде қараған жұрт енді туған жердің тазалығын ортақ абырой деп қабылдай бастады. Бұл – санадағы өзгерістің белгісі.

ТҮЙІН: Табиғат адамзатқа үнсіз әрі тынымсыз қызмет етеді. Таулар талмайды, өзендер тынықпайды, ормандар шағымданбайды. Бірақ олардың тағдырына адамның мәдениеті тікелей әсер етеді. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының ең үлкен жетістігі де осында шығар: бұл айналаны ғана емес, адамның жанын тазартуға, ішкі жауапкершілігін көтеруге жол ашты. Ал табиғатқа жанашырлық бар жерде келешекке деген сенім де әрдайым жоғары болады. Иә, туған жердің тазалығын сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы аманат. Аманатқа қиянат жасамауды бәрінен биік қоятын ұлттың ұрпағы екенімізді ұмытпайық.

Ерлан ЖҰРЫНБАЕВ,
«Өлке тынысы» ЖШС директоры