Перейти к содержимому
Главная страница » Бала – бақытымыз!

Бала – бақытымыз!

     Қонаев қалалық Мәде­ниет үйінде Ресей Феде­рациясы Елшілігінің бас­тамасымен, облыс және Қонаев қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңажылдық шоу ұйымдастырылды. Онда облыстың әр ауданынан жиналған 600-ге жуық балаға сыйлық табысталды.

Балалар шығармашылық орта­лықтарының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Фойеде Таиса Теперикованың жетекшілігімен «Креатив» арт-студиясы шәкірттерінің «Қысқы ертегі» тақырыбындағы шығар­машылық жұмыстарынан көрме ұсынылды.
– Биыл Қазақстан халқы Ассам­блея­сына – 30 жыл. Осы уақыт ара­лығында біз барлық азаматты ортақ құндылықтарға біріктіруге әрекет еттік. Мұндай қайырымдылық бағы­тындағы шараларды жыл сайын өткі­земіз. Бұл этносаралық келісімді нығайтуға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді. Балалар – біздің бақытымыз. Бүлдіршіндерді зор қуанышқа бөлеу үшін тәтті сыйлықтар жасап, сахналық қойылым тамашалауға мүмкіндік бердік. Осындай шат-шадыман күй алдағы жылы оларға серік болуын тілеймін, – деді облыстық орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Лариса Кательникова.
Шараға қатысқан Мария Катлерова: «Жаңажылдық шыршаға Алатау қаласынан баламды ертіп келдім. Мерекелік кеш, қызықты концерт, ерекше сыйлықтар көңілімізді бір серпілтіп тастады. Ұйымдастырушыларға көп рахмет», – деп жылы лебізін білдірді.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА