ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Талғар ауданында болып, облыс тұрғындарымен кездесті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов те қатысты.
Еліміздің бас дәрігері тұрғындармен кездесуде Президенттің тапсырмалары қалай орындалып, халыққа медициналық қызмет көрсетуде қандай өзгерістер болып жатқаны жайында сөз қозғады. Баяндамасын халық денсаулығының басты көрсеткіштерінен бастады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда адамдардың өмір сүру орташа мөлшері 75 жасты құрайды. Соңғы жылдары адамдардың өмір сүру жасы ұлғайып, медициналық қызмет көрсету сапасы да айтарлықтай жақсара түскен. Мысалы, елімізде сәбилердің шетінеуі 20%-ға төмендеген. Бұл мәселеде салалық ведомство үлкен жұмысты қолға алып, 100 мыңнан астам бала көтеретін жастағы әйелдің күтімі мен оларға тиісті қызмет көрсетуге бақылау жүргізуде. Нәтижесінде ана құрсағындағы және әлі дүние есігін ашпаған ауыр хәлдегі 96 сәбиге көмек көрсетілген.
Баяндамада стационарлық көмек жағдайына баса назар аударылды. Стационарлық пациенттерді жоғары білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдарда госпитальдық фармация бөлімшелері жұмыс істей бастаған. Бүгінде медициналық мекемелер травматологиялық, нейрохирургиялық, рентгенэндоваскулярлық, ЛОР және урологиялық бейіндер бойынша жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетеді, эндопротездеу және нейрохирургиялық оталар жоғары деңгейде орындалады. Елімізде алғаш рет ми ісігі бар пациенттерді отасыз емдейтін 250 орынды протон орталығы ашылды. Мұндай онкологиялық орталықтар Ақтөбе мен Маңғыстау аймағында ашылған. Министр бұл жерде емханалардың жұмысы мен медициналық қызметтердің сапасын жаңа деңгейге шығаруға баса назар аударылғанын атап өтті.
Кадр мәселесі де назардан тыс қалмады. Ақмарал Шәріпбайқызының айтуынша, медицина мекемелеріндегі бұл түйткілді шешу үшін жыл сайын мамандарды оқытуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Биыл жұмысқа 90 дәрігер қабылданған, ал еліміздің медициналық ЖОО резидентурасында жергілікті бюджет есебінен 180 маман оқиды. Аса сұранысқа ие мамандарға 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы көмек төленеді.
Министр жас мамандардың санына емес, сапасына баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты министрлік интернатураны 5 бағытқа бөліп, бірқатар жаңалықтар ұсынған және резидентурада оқитын студенттерге мемлекет тарапынан 14 мамандық бойынша арнайы тегін гранттар бөлінген.
Денсаулық сақтау министрі өз баяндамасында ең түйткілді мәселелердің бірі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүзеге асырылатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайына да тоқталды. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерді жоспарлау, тіркеу және сатып алу бүгінгі күнге дейін жеке белгіленбеген және халықтың басым бөлігі көмектің осы түріне қол жеткізе алмай келген. Бұл тұрғыда ведомство үлкен жұмыс атқарып, әрбір пациент компьютерлік тіркелімге енгізілген және қазіргі уақытта бұл жұмыстың 92%-ы орындалған. Форс-мажорлық жағдайларда министрлік дәрі-дәрмектердің азаймайтын қорын құруды шешкен, ол қоймаларда сақталады және өңірлер арасында жедел түрде ауыстыру да жолға қойылған.
Ақмарал Шәріпбайқызы тұрғындардың тілек-өтініштерін де тыңдады. Онда тар шеңберлі мамандардың қабылдауына жазылу, жедел жәрдем қызметтеріне қолжетімділік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің нашарлығы, онкологиялық орталықтардағы балалардың тамақтануы, КТ қызметінің жоғары бағасы, мүгедектік мерзімін ұзарту, емханалардағы кезекке қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Мысалы, Қарасай ауданының Кемертоған ауылының тұрғыны министрден 30 мыңнан астам халқы бар, негізінен жас отбасылар тұратын ауылда балалар ауруханасының жоқ екеніне назар аударуды сұрады.
Ақмарал Шәріпбайқызы бұл мәселе жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, міндетті түрде қаралатынын айтты. Бұдан басқа да көтерілген сұрақтарды шешу бойынша жұмыс тобын құруға уәде берді.
Министр тұрғындармен кездесуден соң, азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Онда денсаулық сақтау саласында министрлік жүргізіп жатқан жұмыстар мен енгізілген жаңа ережелер жайында әңгіме өрбіді.
Сөзінің соңында Ақмарал Шәріпбайқызы өңірлерге жасалатын мұндай сапарлар жергілікті жерлердегі жағдайды зерттеу және халықпен диалог орнату үшін аса қажет екенін атап өтті.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




