Отбасы – қоғам мен мемлекеттің қалыптасуына тікелей ықпал ететін негізгі тірек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады» деген сөзі мен ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру туралы басқа да пайымдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымдарымен үндесіп жатыр.
Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылды Ислам және отбасы құндылығы жылы деп жариялап, ауқымды жұмыс атқарды. Нәтижесі жаман емес. Облыстық мешіттер жанынан ашылған отбасылық кеңес беру орталықтарында имамдар соңғы бір жылда ажырасудың аз-ақ алдында тұрған 500-ден астам ерлі-зайыптыны татуластырды. Отбасында тағы бір маңызды құндылық – ұлттық дәстүр мен бала тәрбиесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте қазақтың «Ат тергеу» салтының психологиялық маңызын тілге тиек еткіміз келеді. Келіндердің үлкендерді, қайын жұртын құрметтеп, есімдерін атамауы – тек сыйластық қана емес, нағыз тәрбие құралы!
Аналарымыздан естіген «құлыным, қошақаным, ботақаным» деген атаулар әлі күнге дейін құлағымызда. Балаңызға бір нәрсені бұйырарда оны өз атымен емес, еркелетіп басқа есіммен шақырсаңыз, ол оның санасында тапсырма деп қабылданбай, сол істі еркелеп жүріп орындауына себеп болатынын ұмытпайық. Сонымен қатар үлкендерден бата алу дәстүрін жаңғыртудың маңызы зор. «Көпті көргеннен сұра» дейтін халық даналығына сүйене отырып, ақсақалдар институтының мәртебесін көтеру – жастарды теріс жолдан сақтаудың бірден-бір жолы! Тағы айтарымыз, Ислам дінінде ер мен әйелдің құқығы тең болғанымен, отбасылық міндеттері әртүрлі. Халқымыз «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деп бекер айтпаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйел адамды шаңырақтың және балалардың қорғаушысы деп бағаласа, ер адамға отбасын асырау және қамқор болу міндетін жүктеген.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жұбайлардың өзара міндеттерін толық білмеуі ажырасуға негізгі себеп болып отыр. Оған қоса тұрмыстық зорлық-зомбылық пен лудомания, құмар ойынға тәуелділік секілді кеселдер шаңырақтардың шайқалуына түрткі болуда. Дініміз бен дәстүр-салтын берік ұстанған үйде мұндай мәселелер өте аз әрі өз ретімен шешімін табады. Отбасы тек бір шаңырақ астында тұру емес, ол – өзара сыйластық пен сүйіспеншілікке құрылғанын есте сақтаған абзал әрі бұл – Алланың берген аманаты. Сондықтан әрбір азамат дініміз бен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, босағасының берік, шаңырағының биік болуына күш салуы тиіс.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти




