☀️
25°C
Қонаев
Сәрсенбі, Сәуір 29, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Сағаттың ерлігі

    16.12.2025
    in Барлық жаңалықтар, Қоғам
    Сағаттың ерлігі
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

        Қазақ жас­тары­ның лаулаған жалынын зорлықпен өшіріп, тағдыр тәлкегіне түсірген, жігіттердің жігерін жасытып, қыздардың нәзік жүрегі мен тәніне жара салған Желтоқсан көтерілісі ел тарихында қаралы күндер болып таңбаланды. Осы бір сүреңсіз кезеңде дұрыс сүрлеу тауып, ұлт мүддесі жолында күрескен тұлғалар да болды. Соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев еді.

    «Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан жоғың пайдалы шығар» деп жазады ол өзінің күнделігінде. Желтоқсан көтерілісінің бейнетаспаға түсірілген бір ғана нұсқасы сақталған. Ал ол Сағат Әшімбаев пен Рубикжан Яхиннің жанкештілігінің арқасында бүгінге жетті.
    Журналист, жазушы Уәлихан Қалижан «Сағат Әшімбаев: парыз бен қарыз» атты мақаласында қайраткердің көтеріліс кезіндегі жағдайын былай бейнелейді: «…1986 жылғы Желтоқсан Сағат Әшімбаевтың жандүниесін талқандап кетті. Жаны ауырды, рухы азаптанды. Ол осы кезде арагідік телефон шалатын. Ол – министр, мен «Лениншіл жастың» бас редакторымын. Идеологиялық қыспақ екіжақты жүріп жатты. Бірі – Қазақстан Компартиясы  орталық комитеті тарапынан болса, екіншісі – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен. Сондай күндердің бірінде Сағат Әшімбаев телефон шалды.
    – Уәлихан, білесің бе, мен көп нәрсені көрдім ғой. Сұмдық жағдай… Сұмдық, – деді ол әдеттегідей тез-тез әрі бастырмалатып сөйлеп. Сөздің аяғын тоспайтын мінезі бар еді. Айтып-айтып тастайтын. Маңдайы терлеп, жүзі алабұртанып кететін. Үлкен көзілдірігінің астынан тесіле қарап, тыңдаушысын арбап алатын қасиеті де көз алдымда. Телефоннан айтқан сөзін естігенде, оның сол кейпі көз алдыма келіп тұра қалды».
    Сол жылы Сағат Әшімбаев Қазақстан телерадио корпорациясы басшысының орынбасары болып қызмет етті. Төраға іссапарға кеткендіктен, жауапты болып өзі қалған. Журналист Ғалия Әженова бұл оқиғаға қатысты берген сұхбатында мынадай жайды баяндайды: «Сағат Әшімбаев кабинеті ішінде бір жерде тұра алмай, арлы-берлі жүре берді. Терезеге келіп кішкене қарайды, қайта бұрылып кетіп, арлы-берлі жүреді. Жігіттердің де барлығы шарасыз тұр. Біз идеологияның өкілдеріміз. Біз дәл сол сәтте, тікелей эфирге шығып, жастарға түсіндіріп, эфирден үлкен басшыларды сөйлететін кезіміз ғой, олар қазақ тілінде жастарға «Айналайын» деген сөз айтуы керек еді. Олай болмады. Біз не істерімізді білмедік. Сол кезде Сағат Әшімбаев: «Үйлеріңе қайтыңдаршы», – деді». Ал өзі қол қусырып қарап отыра алмай, 17 желтоқсан күні жаңалықтар бөлімінің бас режиссері Рубикжан Яхинге қоңырау шалып, алаңда болып жатқан оқиғаны түсіруге тапсырма береді. Бейнені таспалаған Рубикжанға Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, лентаны тапсыруын талап етеді. Олар кабинеттен бір сәт сыртқа шығып, қайта кіргенде Рубикжанға қауіпті, бірақ мәнді ой жылт етіп, лентаның жартысын тез қырқып алып, қалтасына жасырады. Қалғанын амалсыз береді. Бірден Сағат Әшімбаевқа хабарласып, өзі «бүлдірген» істі баяндағанда, «Тез арада маған жеткіз» деген жауап естиді. Бірақ оны белгілі себептермен тапсыра алмаған. Өзі де қуғынға ұшырай бастағанын сезіп, оны спорт комментаторы Рабат Жәнібековке аманаттайды. Ол кісі ауылдық жерде тұратын түрік танысының бау-бақшасына көмеді. Бес жылдан соң Сағат Әшімбаевтың зайыбына табыстайды. Тек 1996 жылы тележурналист Ұлбосын Айтөлен «Желтоқсанға – 10 жыл» атты арнайы жоба дайындап, халық назарына ұсынады.
    Бейнеүзіндіден студенттер мен жұмысшы жастардың сол кезде таратылған ақпаратта айтылғандай, бұзақы емес, нағыз көзі ашық, талапшыл, жігерлі бітім-болмысы айқын көрінеді. «Әр ұлтқа – өз басшысы!» деп ұрандатқан, «Менің Қазақстаным!» әнін асқақтата шырқаған бейбіт шерушілердің жүзінен болашаққа деген мол үміт байқалады. Сол бір сәтте мұның арты қандай қасіретке соқтыратынын сезді ме екен олар?!
    Үзіндіден мынадай диалогтарды естиміз:
    « – Басшыны сіздер – партия, орган сайладыңыздар. Депутатты ғана халық сайлайды деп айтасыздар. Неге халықпен ақылдаспайсыздар?
    – Кімді сайлау керегін партия өзі шешеді.
    – Әрбірден кейін басшы партияны ғана басқармайды ғой.
    – Басшымыз тек қазақ болу керек, болды. Қазақстанда тұрамыз.
    – Мәселе қай ұлттан болғандығында емес, партияға берілген адам басқарғанында деп түсінемін.
    – Қазақстанда партияға, өкіметке берілген адам жоқ па? Бұл қазақтың құрығаны ма сонда?»
    Әрине, бұл бір күнде туған ашу-ыза емес. Бұл өз жерінде теперіш көріп, шеттетілген, қалаға сіңісе алмаған қазақ жастарының қаншама жыл бойы көкірегін кернеген ұлттық намыстың антыздап сыртқа шығуы еді.
    Сағат Әшімбаевтың тағы бір ерлігін актер Нұрлан Санжар сұхбатында баяндайды. «Мені өз кабинетіне шақырып алып: «Менің атым Қожаға» түскеніңді білемін. Ал оның мәнін түсіндің бе? Ол біз осы жердің қожасымыз деген мағынаны білдіреді. Саған тапсырмам бар. Желтоқсан көтерілісі жайлы бар шындықты жаз», – деп міндеттеді», – дейді актер. 1986 жылғы нәубет жайлы алғашқы фильм – «Аллажар» осылай дүниеге келген.
    Тарих бұлтартпас дәлелді талап етеді. Ал бұл бейнетаспа мен фильм қазақ жастарының асқақ рухы мен терең пайымының, ұлтқа деген шексіз махаббатының жаршысы болып сақталары хақ. Ал оның осы күнге жетуіне, шындықтың ашық жазылуына себепкер болған тұлғалардың есімі де тарихта алтын әріппен жазылуға әбден лайық.

    Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА

    Соңғы жаңалықтар

    Алматы облысында 1171 ұйымда өндірістік кеңес құрылды
    29.04.2026
    Басты назар — адам капиталында
    28.04.2026
    Қазақ киносының Құлагері: Абдолла Қарсақбаевтың ғасыр тойы басталды
    28.04.2026
    Қостанайда ең ауқымды «QOSTANAI TECH» отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі өтеді
    28.04.2026
    Ауыл аманаты: Алматы облысында ауыл кәсіпкері айына 60 мың кірпіш өндіреді
    28.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>