28 сәуірде жаһандық қауымдастық Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді. Бұл дата – өндіріс басында жүрген еңбек адамдарына, жұмыс орнында зардап шеккендерге құрмет көрсетудің және ең бастысы, еңбек мәдениетін жаңа белеске көтерудің символы. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде бұл күні қауіпсіздік техникасын насихаттауға бағытталған ауқымды конференциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бұл атаулы күннің басты құндылығы – оның динамикасында. Жыл сайын жаңаратын арнайы тақырыптар заманауи еңбек нарығының ең өткір мәселелерін қозғайды. Бұл үрдіс еңбек қауіпсіздігі саласының тек техникалық ережелер жиынтығы емес, уақыт талабына сай үздіксіз жетіліп отыратын тірі механизм екенін дәлелдейді. Бүгінде біз тек физикалық қорғанысқа ғана емес, қызметкердің ішкі жай-күйі мен менталды саулығына басымдық беретін жаңа кезеңге қадам бастық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (www.farabi.university) кітапханасында География және табиғатты пайдалану факультеті, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының педагогикалық практика жетекшісінің жетекшілігімен «7М11201 – Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының қазақ тобының, сондай-ақ «7М11202 – Өнеркәсіптегі кешенді қауіпсіздік аудиті және басқару» білім беру бағдарламасының қазақ және орыс топтарының 1 курс магистранттары Көкен Жандияр, Мухамбеткалиева Ботагөз, Сағын Шыңғыс, Сәлім Нұрсұлтан, Қаныбек Рамазан, Махамбетова Ақлима, Молдабаева Әдия, Сапыжанов Ерланның ұйымдастыруымен 28 cәуір «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» арналған Халықаралық гибрид форматындағы дөңгелек үстел өтті.
Тұрақты дамудың (ТДМ) 3 және 8 мақсаттарын негізге ала отырып ұйымдастырылған бұл іс-шараға оқытушылар мен студенттер, өндіріс орындарының еңбек қорғау саласының бас мамандары, сонымен қатар онлайн форматта Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры Караматдин Джаксымуратов онлайн форматта сөз сөйлеп, еңбек қауіпсіздігіне қатысты ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Сонымен қатар, аталған университеттің магистранты Улдаулет Елшібекова тау-кен саласындағы еңбек қауіпсіздігі бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын ұсынды.
Конференцияның тәжірибелік бөлімі қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. «KazPromEducation» ЖШС құрылтайшысы Нұрболат Рысалыұлы өндірістік қауіпсіздікке арналған түрлі заманауи құрал-жабдықтарды таныстырып қана қоймай, олардың жұмыс істеу принциптерін студенттер мен магистранттарға тәжірибе жүзінде көрсетіп берді. Мұндай формат жас мамандардың кәсіби қызығушылығын арттырып, теориялық білімдерін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Өндірістік сектор өкілдері де мазмұнды баяндамалар жасады. Мамандығымыздың түлектері «Sensata Almaty» компаниясының бас инженері Қайрат Бисенов пен еңбек қауіпсіздігі инженері Рахат Бақтыбай құрылыс алаңындағы еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздік мәдениетінің маңызы туралы айтып, нақты тәжірибелік мысалдармен бөлісті.
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі, ЖШС «Алма-Ата Проект» директоры Әбиев Әлішер студенттерді бос жұмыс орындарына шақырды.
Іс-шараның тағы бір маңызды қыры – оның кәсіби бағдар беру алаңына айналуы болды. Қонақтар магистранттарды өз ұйымдарында жұмыс істеуге шақырып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді. Бұл жас мамандар үшін үлкен мүмкіндікке айналып, олардың болашақ кәсіби жолын айқындауға ықпал етті.
Бітіруші магистранттарымыз Қойлыбаева Ақерке, Нұрбекова Жансая студенттердің оқу үдерісіне қажетті арнайы құрылғыларды сыйға тартты.
Конференция интерактивті бөліммен жалғасып, қатысушылар зияткерлік викториналар мен командалық тапсырмалар арқылы өз білімдерін сынады. Бұл формат талқыланған мәселелерді тереңірек меңгеруге жағдай жасады. Интерактивті кезең қорытындысы бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілсе, шақырылған қонақтарға іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаны үшін Алғыс хаттар тапсырылды.
Жиын қорытындысында қатысушылар бір маңызды тұжырымға келді: ұйымның табысы ең алдымен адам факторына байланысты. Қызметкер өзін қауіпсіз, бағаланған және қолдаулы сезінген жағдайда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізе алады. Сондықтан қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасын қалыптастыру – кез келген ұйымның стратегиялық басымдығы болуы тиіс.
Қожахан А. К.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының
қауымдасқан профессоры, т.ғ.к.



