Перейти к содержимому
Главная страница » Шынайы ақпарат көзі

Шынайы ақпарат көзі

     Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бас редакторлары Қуаныш Тұнғатар мен Зәбира Сайділдинаны қабылдады. Еркін әңгіме барысында өңірдің экономикалық-әлеуметтік жетістіктері сөз болып, мерзімді басылымдарға жазылу мәселесі талқыланды.

Өлкеміздегі жаңалық пен жақсы­лықты жұртшылыққа жеткізумен қатар, шешімін күткен түйінді мәселелерді жария етіп, ел бірлігі мен татулықты, мемлекеттің саяси бағытын насихаттап жүрген қос басылымның басшыларын жылы қарсы алған Жасұлан Тоққожаұлы алдымен Қарасай ауданында атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандар жайлы айтып өтті. Жақын күндері Абай мен Үштерек ауылдарында дәрігерлік амбулатория және Қаскелең қаласында Жастар орталығы есігін ашады. Сонымен қатар Бұлақты ауылында жаңадан бой көтерген орта мектеп іске қосылғаннан кейін ауданда үшауысымда оқу мәселесі оң шешіледі деп күтілуде. Бүгінде Сауыншы елдімекеніне газ құбырын тарту жұмысы жүргізілуде. Мұның сыртында бұрыннан жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының қатарына жаңадан ашылған кәсіпорындар қосылып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қосуда. Көше жолдарын жөндеу, ауызсу жүйесімен жарықтандыру да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алматы қаласына қатынап еңбек ететін тұрғындар үшін қоғамдық көлік мәсе­лесі де ойда­ғыдай ше­ші­­­мін тауып ке­леді. Осының бар­­­лығы аудан халқының тұр­мы­­сын жақ­сартуға оң ықпалын тигізуде.
Өңірдегі жұмыстарды жіті бақы­лап, жылт еткен жаңалықты газетке жария­лап отыратындықтан, мұн­дағы ахуалды жақсы білетінін айтқан Зәбира Сайділдина Қарасай ауданы­ның тұрғындары облыстық газетке жазылудан көш бастап келе жатқанын жеткізді. Осы орайда басылымдарға қолдау көрсеткені үшін аудан бас­шысына алғысын білдірді. Ал Қуаныш Тұнғатар болса, Алматы облысының ресми саясатын жүргізіп отырған газетте кәсіби журналистер еңбек ететінін, келіп түскен мақала­лар редактордың өзінен бастап орынбасарлары, кезекші журналист пен корректорлардың сұрыптауынан кейін ғана жарыққа шығатынын айтты. Сондықтан әлеуметтік желідегі толассыз ақпарат ағынында адасып қалмас үшін ресми басылымдарға арқа сүйеген дұрыс екенін әңгімеледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасы қазақстандықтардың оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталғаны анық. Бұл орайда мерзімді басылым­дар­ға жазылу осы бағдар­ламаны жүзеге асы­­ру­­­дың ал­ғы­­­­­­­­шарты бол­мақ. Әңгіме бас­­па­сөзге ауыс­қан кезде Жасұлан Тоққожаұлы газет-журнал­дарды қолдайтынын жеткізді.
– Газет-журнал оқыған адам­ның ойлау жүйесі, дүниетанымы, сөздік қоры, айналада болып жатқан оқиғаларға деген көзқарасы өзгеше, әлдеқайда терең болатыны анық. Сондықтан тұрғындардың мерзімді басылым­дарға жазылғанын қолдаймын. Бұл, әсіресе, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздар мен халықпен жұмыс істейтін дәрігерлерге, мемлекеттік қызмет­керлерге аса қажет. Аудан халқы облыстық басылымдарға саналы түрде жазылады деп сенемін! – деді аудан әкімі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы