Перейти к содержимому
Главная страница » Кім құмартса, өзі көрсін көзімен

Кім құмартса, өзі көрсін көзімен

     «Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам? Кім құмартса, өзі көрсін көзімен…» – деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың жырына арқау болған Қарасаз ауылындағы ерекше «Мұзтау» екі жылдан бері көпшіліктің демалыс орнына айналды.

Жер астынан тартылған құбырдан атқылап шыққан судан пайда болған «Мұзтау» аяз күшейіп, қар қалыңдаған кезде кәдімгі қатпарлы тауға айналады. Мұз сүңгілермен шашақталған ақ мәрмәр қабырғалар қыз бұрымындай өріліп, қол жетпес жерге дейін биіктей береді.
Қыс мезгілінде жұрт сонда барып, көңіл көтеріп, бір уақыт демалып қайтуды әдетке айналдырған. Шын мәнінде, демалыс күндері мұнда келушілер өте көп.
Қарасаз ауылдық әкімдігінің ұйым­дастыруымен «Мұзтауды» жасаған ауыл азаматы Рашид Қалқанбайұлы бұл істі тұрғындар мен қонақтар үшін жақсы бір демалыс орны болсын деген ниетпен қолға алған. Былтыр орта есеппен мұнда келушілер саны 45 мың адамға жеткен.
– Ауыл балалары демалыс күндері шанамен ойнаса, кешкі уақытта үлкен кісілер барып, суретке түсіп, көңіл көтеріп қайтады. Алдағы уақытта бұл маңнан киіз үй тігіп, дәмхана ашу жоспарда бар, – дейді Қарасаз ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрболұлы. Яғни, бұл бастама Райымбек ауданында қысқы туризмді дамытуға қолайлы болып тұр.
Жанына барсаң, ұшар басынан атқақтаған су көрінетін, айналасы мұзбен көмкеріліп, кеңейе түскен «Мұзтау» көрген жанды таңдандырмай қоймайды.

Дәурен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ
Райымбек ауданы