Перейти к содержимому
Главная страница » Отан алдындағы борыш

Отан алдындағы борыш

    Әр адамның өмірінде қайталанбас мезеттің болатыны белгілі. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының құрылғанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде күзгі әскерге шақыру маусымында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздардың сондай бір толқынысты сәтті өткізгенінің куәсі болдық.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Гимні орындалған соң, автомат асынып, біркелкі форма киіп, түп-түзу сап түзеген Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарынан әскер қатарына алынған 90-ға жуық жас сарбаз кезегімен келіп, салтанатты түрде ант қабылдады.
Аталған шарада алғашқы сөз кезегін алған бөлім командирі, полковник Сағындық Алқайдаров әскери анттың жай ғана рәсім емес, жауапты міндет екенін баса айтты. Ант қабылдау асқақ рухтың, ел мен жерге деген адалдықтың айғағы екенін тілге тиек етті.
Жас сарбаздардың жүрегінде мәңгі сақталатын тарихи сәтте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, Алматы облысы бойынша ата-аналар кеңесінің төрағасы Татьяна Тропина жас сарбаздардың ел қорғауға басқан қадамына құтты болсын айтып, ақжарма тілектердің тиегін ағытты.
Ант қабылдаушылар атынан қатардағы жауынгер Ақберен Зарлыханов сөз алып, бүгін өзі үшін тарихи әрі жауапты күн екенін атап өтті. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласынан Отан алдындағы борышын абыроймен атқару үшін өз еркімен келгенін айтқан ол әскери жарғыға сәйкес тапсырмаларды бұлжытпай, абыроймен орындап, әскери антына адал болатынына уәде етті.
Ұлттық әскердің айбынын асырған шарада теміртаулық Александр Ивлевтің анасы Юлия Ивлева бұл күннің перзенті үшін ғана емес, өзінің де толқынысқа толы сәтті бастан өткеріп тұрғанын тебірене жеткізді. Сондай-ақ 20 жастағы баласының болашағын әскери қызметпен байланыстырғысы келетінін де жасырмады.
Шара соңында жауынгерлердің қоян-қолтық ұрыс әдістері және саптық қару-жарақпен түрлі жаттығулары көпшілік назарына ұсынылды. Жас сарбаздардың қысқа мерзім ішінде тәртіпке бейімделіп, әскери өнерді әжептәуір меңгеріп қалғандығы анық аңғарылып тұрды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Алатау қаласы