Қазіргі таңда елімізде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда жүзеге асып жатқан «Әлеуметтік көпір» жобасы – халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын маңызды шара.
Кеген аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Ақ жүрек-Кеген» облыстық есту қабілеті нашар мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Отбасын қолдау орталығында мемлекеттік құқықтық көмек туралы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – әлеуметтік осал топтарды құқықтық сауаттандыру, мемлекеттік көмекті алу жолдарын түсіндіру, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған қолдау тетіктерін кеңінен насихаттау.
Кездесу барысында құқықтық көмек көрсету мекемелерінің мамандары азаматтарға кеңес беріп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
– Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы әрбір азаматтың заңдарды білуі мен оларды құрметтеуіне тікелей байланысты. Сауаттылық – құқық- бұзушылықтың алдын алудың негізгі шарттарының бірі. Егер адамдар өз құқығы мен міндетін жетік меңгерсе, заңсыздықтардың азаюы сөзсіз, – дейді шараны ұйымдастырушылар.
Қоғамдағы әділдік пен теңдікті қамтамасыз ету – заңгерлердің ғана емес, барлық жауапты органдардың, тіпті әр азаматтың ортақ міндеті. Мемлекет ұсынатын тегін заңгер кеңесі, құжат рәсімдеу, әлеуметтік қорғау тетіктерін түсіндіру сынды іс-шаралар халықтың күнделікті өмірін жеңілдетеді. Бұл адамдардың өз құқығын білуіне, сенімді болуына, заңға жүгініп, әділдікке қол жеткізуіне жол ашады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
