🌫️
-7°C
Қонаев
Жұма, Ақпан 27, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Фарабитануға арналған

    26.02.2026
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Руханият
    Фарабитануға арналған
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Шығыстың ғұлама ойшылы, жерлесіміз Әбу-Насыр ­Әл-Фарабидің 1155 жылдық мерейтойына орай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының ғалымдары Қазақстан Республикасының Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың және ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың алғысөздерімен қазақ тілінде алғаш рет «Фарабитану» атты 20 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды.

    «Фарабитану» көптомдығын шығару­дағы басты мақсат – ғұлама мұрасын зерт­теген ғалымдардың еңбегін тарихи-хронологиялық реттілікпен оқырман қауым­ға ұсыну. Аталған жинақ – бірігіп жасалған еңбек.
    Бірінші томға Әл-Фарабидің Ислам философиясы мен өркениетіне ықпалы, сондай-ақ оның орта ғасырдағы Батыс мәдениетіне әсері туралы философия кафедрасы ғалымдарының зерттеулері енгізілген. Фарабитанудың екінші томын­да әлемге әйгілі шығыстанушы-ғалым Бабожан Ғафуров пен қазақстандық фарабитанушы Ағын Қасымжанов бірлесіп жазған монографиялары орын алды. 3-томда 1975 жылы Алматы қала­сында өткен Әбу-Насыр Әл-Фараби­дің 1100 жылдығына арналған ғылыми конфе­ренция материалдары бар. 4-томға белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтің «Ұстаздың оралуы» романы және алғашқы фарабитанушы Ақжан Әл-Машанидің «Әл-Фараби» атты шығармасы кірді. 5-томға Фараби дәуірі туралы мәліметтері, 6-томға белгілі ғалымдар – А.Нысанбаев, Ғ.Құрманғалиева және Н.Сейтахметованың монографиялары енді. 7-томда А.Көбесов пен А.Машанидің еңбектері, 8-томда қазақстандық фарабитанушы ғалым­дардың монграфиялары, 9-томда ­Әл-Фараби мұрасы, Ислам философиясы және әлем ғалымдарының ғұлама туралы мәліметтері берілген. 10-томға ағылшын тілінде Голландиядан шыққан «Al-Farabi Philosopy of the Second master», болгар тілінде «Al-Farabi Velikiyat miseitel na Vstoka», хорват тілінде «Al-Farabi Veliki Mislilac Istoka», сондай-ақ «Аль-Фараби великий мыслитель востока» атты ғылыми еңбектер кірді. 9-12 томда белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ұлы Дала кемеңгері», «Отырарлық ұлы ойшыл» атты шығармалары бар. 13-томда профессор, фарабитанушы Құбығыл Жарықбаевтың, 14-томда біздің библиографиямыз енді. 15-томға жазушы, ғалым Сағатбек Медеубекұлының «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары», 16-томға профессор, парсытанушы-ғалым Ислам Жеменейдің «Әл-Фарабидің өмірі мен философиясы», 17-томға А.Нысанбаев, Ғ.Құрманғалиеваның «Әл-Фараби мұрасы және қазіргі өзара түсінісу философиясы», 18-томға профессор М.Бурабаевтың жетекшілігімен шыққан «О логическом учений Аль-Фараби», 19-томға фараби­танушы ғалым Қ.Сатыбекованың «Гуманизм Аль-Фараби», 20-томға Ақжан Машанидің «Аль-Фараби и современная наука» атты монографиялары топтастырылған.
    Көптомдықты дайындау барысында фарабитанудағы жаңа серпілістер мен бетбұрыстарды, ғұламаның ғылым мен философия тарихындағы орнын жаңаша бағалау дәстүрі қалыптасып келе жатқанын, шет тілдеріндегі тың мағлұмат­тарға, дереккөздерге сүйену үдерісінің кең таралуын байқауға болады. Бұл жаңашылдықтың арқасында Фараби мұрасының ашылмаған қырларын және оның өзінен кейінгі ғылыми үдерісінің дамуына тигізген әсерін қайта бағамдауға мүмкіндік туды. Оны игеру маусымдық сипат алмай, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні анық.
    Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыс – екі ел қарым-қатынасының алтын көпірі екенін атап өтті. «Біз Иран тарапымен бірлесе отырып қазақ жерінде ұлы ойшыл Әбу-Насыр Әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылдадық», – деді ел Президенті. Бұл келісім ұлы ғұлама ғалым, жерлесіміз әбу-Насыр Әл-Фарабиге деген үлкен құрмет деп білеміз.
    Қазіргі қазақстандық ғылым тарихында ұлттық ғылыми мұраны еркін әрі әділ тұрғыда қайта зерделеуге мүмкіндік туды. Ұлттық дүниетанымдық және философиялық мұраны жаңғыртып, оны мемлекеттің, қоғамның және ғылымның игілігіне қызмет ететін, сондай-ақ ұлттың жаңашыл бетбұрысына бағыт-бағдар беретін философиялық негіз ретінде пайдалану қажеттігі айқындалды.
    Қазіргі ғылым мен мәдениет саласында қатаң бәсекелестік қалыптасқан заманда әрбір ұлттық мәдениет өз тарихының терең тамырына үңіліп, содан нәр алуға ұмтылуда. Бұл қарекеттің ұлт тарихын қалыптастырудағы әсерін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені өзінің мәдени, тарихи, рухани мұрасын, құндылықтарын қадірлеген халық қана тарих сахнасында берік орнығады. Мәдени құбылыстарға немқұрайлы қарау бүгінде әлем елдерінде рухани дағдарыстың тереңдеуіне себеп болып, соның салдарынан кейбір халықтардың этникалық болмысында келеңсіз үдерістердің туындауына әкеліп отыр. Әлемде болып жатқан сондай өзгерістер өзінің тәуелсіздігін қайтарып, мемлекеттігін бекемдеп жатқан қазақ халқына да өз әсерін тигізе бастады. Сондықтан кейінгі жылдары қазақ елі төл тарихының қойнауына қайта үңіліп, ғасырлар бойы қордаланған мол рухани мұрасын қайта жаңғыртуға бет бұра бастады. Фарабитану көп томдығының әзірленуіндегі негізгі мақсат мемлекетіміздің ұлт тарихы бойынша ұстанған саясаты негізінде жатыр. Себебі Әл-Фараби сияқты ғаламдық тұлғаның мұрасын зерттеп, оны барынша таныстыруға ұмтылу – ұлтымыздың рухани деңгейінің көтерілуіне себеп болатыны белгілі. Әйгілі философ Ағын Қасымжанов айтқандай, «Әл-Фараби сынды күрделі мәдени құбылысты түсіну тек кең тарихи-мәдени бастауларды қамту арқылы ғана мүмкін болып, ғұламаның әлемдік философия тарихындағы орнын белгілеу үшін оның ойшыл және ұстаз ретіндегі терең де толық бейнесін қайта қалпына келтіруді қажет етеді».
    Әл-Фараби – әлемдік деңгейдегі ұлы философ. Оның энциклопедиялық мол мұрасынан сол дәуірде Шығыс пен Батысқа ықпалының аса жоғары болғанын аңғаруға болады. Аристотель философиясын терең меңгеріп, жан-жақты түсіндіргені үшін оған «Әл-Муаллим ас-сани», яғни «Екінші ұстаз» деген құрметті атақ берілді. Әбу Насыр ­Әл-Фараби ислам философиясы тарихында алғаш болып жүйелі философиялық ілім қалыптастырған ойшыл ретінде, сондай-ақ логика, метафизика, саясат философиясы, музыка секілді ғылым салаларының негізін қалаушы тұлға ретінде танылғанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін ол туралы еуропалық тілдерде жарияланған еңбектер мардымсыз күйінде қалып отыр. Еуропалық әдебиеттерде ортағасыр ислам философиясы туралы жазылған еңбектердің көпшілігінде әл-Кинди, Ибн Сина, Ибн Рушд, ибн Туфайл, тағы басқа да ойшылдарға баса мән берілген. Мысалы, әл-Киндиді Шығыс перипатетизмінің негізін салушы деп көрсетсе, Ибн Синаны эманация теориясын жасаушы және медицина ісінің білгірі, ал Ибн Рушдты «қос ақиқаттылық» теориясының негізін қалаушы ретінде жақсы біледі. Бірақ ­Әл-Фараби философиясымен таныс болған кез келген адам оның энциклопедиялық мұрасының өзінен кейінгі жаһандық ой-санаға терең ықпал еткеніне еш күманданбайды. Ислам философиясының негізін қалағандар туралы сөз болғанда, әдетте Әбу Якуб Әл-Киндидің есімі бірінші аталады. Оның қалдырған мұрасы астрономиядан бастап психологияға дейін, физика мен метафизика сияқты сол кезеңдегі барлық маңызды ғылым саласын қамтыды. Бірақ оның бізге жеткен санаулы шығармаларынан сол кезең қойған маңызды сұрақтар мен таластарға жауап табу өте қиын. Ол философия тарихында тұңғыш араб философы ретінде өзінің лайықты орнына ие болғанымен, оның философиясының әлде де бір жүйеге келмегенін мойындау қажет. Әл-Киндиден кейін ислам тарихындағы тұңғыш біртұтас философиялық жүйе жасаған Әбу Насыр Әл-Фараби болды.
    IX-X ғасырларда түркілердің филосо­фиясы мен ғылымы араб тілінде жазылды және сақталды. Ислам және байырғы грек рухани-ғылыми мұраларын жетік игерген Әбу Насыр Әл-Фараби араб тілді, исламдық сипаттағы фәлсапаның негізін қалап, кейін әлемдік философия тарихының құрамдас бөлігіне айналған өзіндік, синтезделген философиялық-дүниетанымдық жүйені жасап шығарды. Оның философиялық жүйесі мен оған дейін айтылмаған тың идеялары батыс әлеміне де зор ықпал етті.
    «Фарабитану» көптомдығын құрас­тыру барысында Ислам философиясын және Әл-Фарабидің мұрасын жаңаша түрде, егжей-тегжейлі дамытқан француз тілді араб философы Ибраһим Мадкур­дың «Фарабидің орта ғасыр ислам философиясындағы орны» атты еңбегі де қамтылды. Әл-Фараби шығармашылығының әр саласы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізген Р. Хаммонд, М.Хортен, М.Гилсон, Карра де Во, Д.Рейсман, Г.Сартон, Й.Паренс, И.Гольдциэр, Г.Фармер, Э.Ренан, Д.М.Данлоп, М.Фахри, Р.Вальцер, М.Гэлстон сынды белгілі ғалымдардың еңбектері қарастырылды.
    Бұдан өзге, кейініректе тақырыпқа байланысты зерттеу жүргізген М. Махди, Й.Неттон, Т.Друарт, Ф.Нажжар, К.Колмо, Д.Блэк, Х.Корбэн, П.Бушмиллер, Баттеруорз сияқты шетелдік ғалымдар фарабитану ілімін әрі қарай дамытып, насихаттады. Есімдері аталған зерттеушілердің көбі – Фарабидің философиялық мұрасына қатысты өз зерттеулерін ағылшын, француз тілдерінде шығарып, еңбектеріндегі ғылыми құндылыққа ие мазмұнды әлемдік деңгейде тарату бағытында жұмыс жүргізген кейінгі уақыттағы белгілі ғалымдар.
    Ислам философиясын зерттеу ісі Кеңес кезеңінде өте кеш басталды. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында ғана Ресей және Түркістандағы негізгі ғылыми орталардың өкілдері және философия тарихын зерттеушілер ислам философиясы туралы алғашқы зерттеу жұмыстарын жазды. Соның ішінде Фарабиге қатысты шығыстанушы С.Григорянның «Орта Азияның кемеңгер ойшылдары» (1958) және «VII-XII ғасырлардағы Орта Азия және Иран философия тарихы» (1960) атты қос еңбегін, академик А.Сагадеев пен А. Игнатенко сынды философтардың кітаптары бар. Ал өзіміздің түркістан­дық фарабитанушылардың ең алғаш­қы­ларының бірі – өзбек ғалымы М.Хайруллаевтың қаламынан туған «Әбу Насыр Әл-Фараби» (1961), «Фараби және оның философиялық трактаттары» (1963), «Фараби дүниетанымы және оның философия тарихындағы орны» (1967) және «Әбу Насыр Әл-Фараби» (1982) атты ғылыми еңбектерінде бірқатар жаңа тарихи-деректемелік тың мәліметтер берілгендіктен, олар да қамтылды.
    Әл-Фарабидің ғылыми ілімін жаңа­ша түрде сабақтастық және жүйелі­­лік қағидаттарына сәйкес, яғни фило­софиялық терең ой арқылы зерттеуді мақсат тұтқан және Фарабиді түбегейлі түрде түркістандық (яғни отырарлық) ғалым екендігін негіздеген көрнекті фарабитанушы, философ Ағын Қасымжанов болды. Сондай-ақ фарабитануды дамытқан ғалымдар қатарына Б.Ғафуровты, фарабитанушы ғалымдарды қалыптастыруда үлкен еңбек еткен М.Бурабаев пен жазушы Әнуар Әлімжановты да ерекше атап өткен жөн. Әл-Фарабидің ілімін Абай Құнанбайұлы мұрасымен сабақтастыра зерттеген ғалым Ақжан әл-Машани еңбектері тұжырымдардың мәнін ашуда ерекше маңызға ие болды. Әсіресе, ­Әл-Фарабидің жаратылыстану бағытындағы көптеген еңбектерінің зерттеліп, ғылыми айналымға енуінде Ақжан әл-Машанидың сіңірген еңбегі орасан. Сондай-ақ Әл-Фараби ілімін зерттеушілер қатарына А.Көбесов, Е.Харенко, Б.Ошерович, А.Иванов, К. Таджикова сынды ғалымдар мен аудармашыларды да қосуға болады. Тақырыпқа қатысты мазмұнды және маңызды зерттеулер жасаған ғалымдар ретінде Ә.Дербісәлі, Ғ.Құрманғалиева, А.Кенесарин, Г. Қоянбаева, А.Әміреқұлов, А.Қабылова сынды авторларды ерекше атаған жөн.
    Қазақстанның тәуелсіздік алуымен ұлт тарихына байланысты басқа салалардағы сияқты, Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуде де жаңа бетбұрыстардың белең алғаны рас. Фарабитанудың бұл кезеңіне зерттеу тақырыптарына қатысты тың, жаңашыл және тәуелсіз ұстанымдардың қалыптасуы, әдістемелік өлшемдердің бұрынғы кеңестік талаптардан және идеологиялық – цензуралық шектеуден арылуы, Әл-Фарабидің рухани, ғылыми, идеялық мұрасын жаңаша, еркін көзқарас­тар арқылы әділ де соны ғылыми әдістер негізінде қарастыру мүмкіндігінің тууы тән болды.
    Тәуелсіздікті қайтарғаннан кейінгі жылдарда Әл-Фарабидің философиялық мұрасын насихаттаған ғалымдардың санатына академик Ә.Нысанбаев, Д.Кішібеков, М.Әуезов, А.Қасабек, М.Орынбеков, Ж.Алтаев, Г.Әбдіғалиева, Н.Бәйтенова, Ж.Бекбосынова, Т.Ғабитов, Г.Нұрышева, А.Қабылова, Қ.Жамалов, С.Нұрмұратов, Г.Соловьева зерттеулерін жатқызуға болады.
    Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын жаңа әдіснамалық-тұжырымдамалық тұрғыдан қарастырған туындылар қатарына Ә.Нысанбаевтың «Әл-Фараби және Шығыс философиясының дамуы», М.Бурабаевтың жетекшілігімен жарық көрген «Әбу Насыр Әл-Фараби философиясы», А.Көбесовтің «Әбу Насыр Әл-Фараби», К.Таджикованың «Әбу Насыр Әл-Фараби. Әріптер кітабы» атты еңбектерін атап өтуге болады. ҚазҰУ-да жыл сайын ­Әл-Фарабидің рухани мұрасына арналған конференциялар өткізіліп, ол туралы мақалалар жинағы басып шығарылады. Сонымен университетте Әлем халықтары әдебиеті институты мен Фараби орталығы бірлесіп, ғалымның «Қайырымды қала» мен «Музыка туралы кітап» атты еңбектерінің екі томдығын, «Ақыл кітабын» – «The Book of Mind» және «Әл-Фараби туралы кітап» жинағын жарыққа шығарды.
    Кейінгі жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі Философия және саясаттану институты ғалымдарының әл-Фарабидің ғылыми мұрасы туралы зерттеу жұмыстарын, әсіресе, Ғ. Құрманғалиева, Ж.Сандыбаев, Н.Сейтахметова, Ы. Палтөре сынды жаңашыл фарабитанушыларды ерекше атап өткен орынды. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы –ректорының қолдауымен жұмыс істеп жатқан Әл-Фараби орталығының ғылыми жұмыстарын айрықша атап өту қажет.

    Жақыпбек АЛТАЕВ,
    философия ғылымдарының докторы,
    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
    Қанат АЛТЫНБЕК,
    ҚР Ұлттық кітапханасының ғалым-хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

    Ұсынымдар

    Жырыммен аялаймын бәріңді мен

    Жырыммен аялаймын бәріңді мен

    3 months ago

    Асхат Сәкиев, «Асхат» шаруа қожалығының иесі: Мал өсірсең – қой өсір!

    9 months ago
    Бақыттың кілті – достықта

    Бақыттың кілті – достықта

    2 years ago
    Он тоғызда от кешкен

    Он тоғызда от кешкен

    7 months ago
    Сарбаздар күш сынасты

    Сарбаздар күш сынасты

    9 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>