Перейти к содержимому
Главная страница » Поэзия – жүрек тілі

Поэзия – жүрек тілі

Кеген ауданы Жылысай ауылдық Мәдениет үйінде қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Поэзия – жүрек тілі» атты әдеби кеш өтті.

Аталмыш шараға Кеген аудан­дық мәсли­хат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудандық ішкі саясат бөлімі­нің басшысы Еркінбек Қалқаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Әріпжанұлы қатысты.
Әсерлі кештің шымылдығын аудан­дық мәслихат төрағасы Алмасбек Нөкербанұлы ашып, мұзбалақ ақынның жауһар жырлары туралы тағылымды ой өрбітті. Шарада ақын өмірінен сыр шертетін бейнеүзінді көрсетілді.
Жиын барысында «Жырлайды жүрек, сөйлейді Мұқағали» тақыры­бында мекемелер арасындағы жыр-челленджінің үздіктері анықталды. Жылысай ауылдық ардагерлер алқасы­ның төрағасы Болат Таубалдиев бас жүлдеге ие болды. І орын ветеринария бөліміне, ІІ орын емхана ұжымына, ІІІ орын Мәдениет үйі қызметкерлеріне табысталды. Сонымен қатар 9-16 жас аралығындағы оқушылар арасында өткен «Поэзия – жүрек тілі» атты көркем­сөз байқауының да жеңімпаздары марапат­талды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Шұғыла Нүсіпәлі лайық деп танылды. І орынды Айнұрым Рауан­қызы, ІІ орынды Қасқарбай Ерасыл иеленді, ІІІ орын Ақерке Намазбаеваға бұйырды. Арнайы номинациялар – «Ең әсерлі оқылым» – Ақмаржан Бектұрсыноваға, «Ерекше орындау» Балауса Кәдірбекке табысталса, Нұрайым Тұратбек «Көрермен көзайымы» атанды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтар берілді.
Кеште оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, тыңдаушыларды тәнті етті. Сондай-ақ өнерлі өрендер «Есіңе мені алғайсың», «Сенің көзің» әндерін әуелете шырқады.
Осылайша, тағылымды шара жастар­дың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы